Accessibility links

Sunday Times: Оксфорд ғалымдарының коронавирус вакцинасы жыл соңына дейін мақұлдануы мүмкін


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оскфорд ғалымдары мен AstraZeneca корпорациясы бірлесіп әзірлеген коронавирусқа қарсы векторлық вакцина Ұлыбританияда 4 қаңтардан бастап таратыла бастауы мүмкін. Билік оны жыл соңына дейін мақұлдауы тиіс. Британ үкіметіндегі жоғары лауазымды тұлғаларға сүйенген Sunday Times осылай деп жазды.

Оскфорд вакцинасы бастапқыда әлемде қолданысқа ену ықтималдығы жоғары екпелердің бірі саналған. Алайда сынақтың үшінші кезеңінде вакцинаның тиімділігі бәсекелестеріне қарағанда едәуір төмен (70-50 пайыз) болып қалды. Одан кейін вакцина жасаушылар препараттың түрлі дозасын сынап көрді. Өзге де аденовирустық вакциналармен бірге пайдалану мүмкіндігін де зерттеді.

Sunday Times басылымына берген сұхбатында AstraZeneca басшысы Паскаль Сорио коронавирустан 95 пайыз қорғай алатын вакцинаның қажетті дозасын анықтай алдық деп мәлімдеген. Корпорация басшысы бұл толығымен жүзеге асса, вакцинаны төмен температурада сақтай алу мүмкіндігі (+2 +7 градус аралығы) оның басты артықшылығы болмақ деп мәлімдеген. Мысалы, Moderna-ны сақтау үшін - минус 20 градус, Pfizer-ді сақтау үшін минус 70 градус керек.

Оксфорд вакцинасына Еуроодақ, Ұлыбритания, Үндістан және өзге де ірі елдер тапсырыс беріп қойған. Ол мақұлданса, иммунизация процесі біраз жеңілдеген болар еді дейді сарапшылар.

Қазір АҚШ-та Pfizer мен Moderna вакцинасы тіркелген. Ресейде сынақтың үшінші кезеңін толық аяқтамаған "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" тіркеуден өткен. Еуроодақ пен Ұлыбритания Pfizer-ді мақұлдаған. Қытай жергілікті дәрі-дәрмектерді пайдаланып жатыр.

28 желтоқсан күнгі ақпарат бойынша, әлемде 80,7 млн адамға коронавирус жұққан, 1 млн 760 мың адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG