Accessibility links

Apple-ға серіктес тағы бір қытайлық компания "ұйғырларды қанады" деп айыпталды


Қытай мемлекеттік телеарнасының (CCTV) Хотандағы "кәсіпке баулу орталығы" туралы видеосынан скриншот.
Қытай мемлекеттік телеарнасының (CCTV) Хотандағы "кәсіпке баулу орталығы" туралы видеосынан скриншот.

Apple-ға серіктес тағы бір қытайлық компания "ұйғырларды қанады" деп айыпталды. Құқық қорғаушылар дерегіне сүйенген Washington Post басылымы 29 желтоқсанда осылай деп хабарлады.

Tech Transparency Project жобасы аясында сарапталған құжаттарға сүйенген басылым Apple компаниясымен ұзақ уақыттан бері әріптестік орнатқан Lens Technology Қытайдың батыс аймағынан әкелінген мыңдаған ұйғыр азаматын мәжбүрлеп жұмысқа жеккен деп жазды.

Lens Technology - Қытайда ұйғырларды қанауға атсалысты деп айыпталған Apple-ға серіктес бесінші компания. Қытайлық компания сонымен бірге Amazon мен Tesla-ны да жабдықтаған.

Apple ресми өкілі Джош Розенток компанияның айыптауларды жоққа шығарғанын растады. Lens Technology әзірге түсініктеме бермеген.

Пекиндегі сыртқы істер министрі Қытайда "еңбек қанау" жоғын мәлімдеп, оны айтып жүргендер "жеке мақсатты" көздейді деген.

Қытай билігі бұған дейін де "жұмысшыларды алмастыру" бағдарламасы аясында түркітілді мыңдаған мұсылманды зауыттарға жіберіп, күштеп жұмысқа салды деп сынға ұшыраған. Пекин "бұл бағдарлама басқа аймақтарға жіберілген ұйғырларға жаңа мүмкіндік сыйлайды" десе, құқық қорғау ұйымдары жұмысшыларды мәжбүрлеп жібергенін айтқан.

БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды "саяси тәрбие лагеріне" қамағанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Құқық қорғаушылар мен лагерьде тұтқында болған адамдар орталықтарда қысым мен азаптау барын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG