Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беру басталды. 10 қаңтар күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де елдегі барлық сайлау учаскелері ашылды. Сайлауға дауыс беру сол күні сағат 20.00-де аяқталады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елде барлығы 10 мыңнан астам сайлау учаскесі құрылған. 66-сы - 53 мемлекеттегі Қазақстан өкілдігі жанынан құрылған. 11,8 млн сайлаушы тіркелген.
Бұл жолғы кезекті парламент сайлауы күллі әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде өтіп отыр. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, сайлау учаскелерінің алдында адамдардың дене қызуы тексеріледі. Ыстығы бар адамдар (температурасы 37 градустан жоғары) сайлау учаскесіндегі арнайы бөлмеде дауыс береді. Ондағы дауыс беруді бақылау жүйесі анықталмаған. Сайлау комиссиясы мүшелері, партиялардың сенімді өкілдері, бақылаушылар ПТР тестіден өтуге міндетті. Сайлау процесіне қатысу үшін оларда соңғы бес күн ішінде ПТР тест тапсырғаны және коронавирустан аман екені туралы анықтама болуы тиіс.
Осыған дейін кейбір тәуелсіз бақылаушылар ПТР-тест тапсырудың қиындығына шағымданған. ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бақылау мүмкіндігінен айырылғандар да бар. Кейбір сарапшылар мен құқық қорғаушылар билік індетті белсенділер мен бақылаушыларға қысым жасау мақсатында пайдаланып кете ме деп қауіптенген.
Қазақстанның сайлау заңы бойынша, депутат болғысы келетін адам тек партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелу мүмкіндігі жойылған.
Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: "Нұр Отан", "Ақ жол", "Адал" (бұрынғы "Бірлік"), "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы "Қазақстан коммунистік халық партиясы") мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш өтіп отырған парламент сайлауы. Дегенмен сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз болады деп болжайды. Құқық қорғаушылар сайлау қарсаңында аймақтарда белсенділерді қудалау үдегенін хабарлаған.
Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы наурызда отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды.
ПІКІРЛЕР