Accessibility links

Әлиев, Путин және Пашинян Таулы Қарабақты дамыту жөнінде ортақ мәлімдемеге қол қойды


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта), Армения премьер-министрі Никол Пашинян (сол жақта) және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Мәскеу, 11 қаңтар 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта), Армения премьер-министрі Никол Пашинян (сол жақта) және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. Мәскеу, 11 қаңтар 2021 жыл.

11 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Армения және Әзербайжан басшыларымен үшжақты кездесу өткізді. Қараша айының басында Армения мен Әзербайжан Мәскеудің араағайындық етуімен Таулы Қарабақта атысты тоқтату жөнінде келісімге келген. Жиын содан бері екі ай өткен кезде болып отыр.

Кездесуден соң Ресей басшысы Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян ортақ мәлімдемеге қол қойды. Оның мәтінін Кремль сайты жариялады. Оған сәйкес, аймақтың экономикалық және көлік қатынасы мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылады. Оған үш елдің премьер-министрлерінің орынбасарлары жетекшілік етіп, 30 қаңтарға дейін бірінші кездесуін өткізеді.

Жиыннан соң Әлиев журналистерге кездесудің "пайдалы әрі жемісті болғанын" атап өтіп, Таулы Қарабақ соғысы "артта қалды" деп мәлімдеген. Ол Таулы Қарабақта көлік қатынасын қалпына келтіру үш ел мен көршілерінің мүддесіне сәйкес келетінін атап өткен.

"Бұл біз үшін өте маңызды, себебі 30 жылдан астам уақыттан кейін Әзербайжан Армения аумағы арқылы Әзербайжанның Нахичеван автономды республикасымен байланыс орнатады. Армения да Әзербайжан арқылы темір жолмен Ресей, Иранға шыға алады" деді Әлиев.

Ал Никол Пашинян Қарабақ мәселесінің әлі шешілмегенін, соғысқа байланысты негізгі мәселелер тез арада шешілуі тиіс деген.

"Әрине, атысты тоқтата алдық, бірақ шешілуі тиіс мәселе жетіп артылады. Солардың бірі - Таулы Қарабақтың мәртебе мәселесі. Өкінішке қарай, бүгін тұтқындар мәселесін шеше алмадық. Бұл өте ауыр әрі нәзік нәрсе, оның үстіне бұл гуманитарлық шаруа. Бұл бағыт бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз деп келістік" деді төрт сағатқа созылған кездесуден кейін Пашинян журналистерге.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс былтыр қыркүйекте қайта ушықты. Баку мен Ереван жағдайды ушықтырды деп бір-бірін айыптады. Тараптар бірнеше рет келісімге келуге тырысты, бірақ әр жолы келісім бұзылып отырды. 10 қараша күні Армения мен Әзербайжан Мәскеудің араағайындығымен келісімге келді.

Келісімге сәйкес, Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін және аумақтың айналасындағы жеті ауданын өз бақылауына алды. Бакуге сондай-ақ Әзербайжанның Нахичеван эксклавына Армения жерінен дәліз берілетін болды. Дәл осындай дәліз Армения мен Таулы Қарабақтың бас қаласы саналатын Степанакерт арасында да құрылды. Келісімнің сақталуын Ресейдің бітімгер әскері қадағалайтын болды.

Халықаралық деңгейде Таулы Қарабақ Әзербайжан жері саналады. Даудың басы СССР-дің ыдырау алдында басталды. Совет одағы кезінде тұрғындарының көбі этникалық армян болған аумақ Әзербайжанның қарамағында болған. 1988 жылы олар Әзербайжаннан бөлінетінін мәлімдеп, оның арты алты жылға созылған соғысқа ұласты. Соғыс 1994 жылы аяқталып, оның нәтижесі бойынша Таулы Қарабақ Ереван қолдауына ие этникалық армяндардың бақылауында қалды. Баку әскері шегініп, аймақта тұратын әзербайжандар көшуге мәжбүр болды. Осы дауды шешу үшін ЕҚЫҰ аясында Минск тобы құрылды. Оған Ресей, Франция және АҚШ елдері қатысты. Алайда Минск тобы тараптарды қанағаттандыратын нәтиже бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG