Accessibility links

Алматыда белсенді Жанболат Мамай "заңсыз парламентті" таратуды талап етті


Плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет жасап тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.
Плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет жасап тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

Нұр-Сұлтанда парламенттің 7-шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясы өтіп жатқанда Алматыда белсенді Жанболат Мамай Тәуелсіздік монументі алдына келіп, "заңсыз парламентті" таратуды талап етті. Осыған дейін демократиялық партия құратынын мәлімдеп, бірақ тіркете алмаған белсенді "дауыс ұрлау және адамдарды алаңда күшпен ұстау арқылы сайланған парламент - заңсыз, олардың қабылдаған заңдары заңсыз болады" деді.

- Қазақстанда саяси реформалар жүргіземіз, саяси өзгерістер болады деді. Ешқандай реформа да, өзгеріс те жоқ. Бәрі бұрынғы қалпында қалды. Жаңадан депутат болып сайландық дегендер өздерінің заңсыз сайланғанын түсінсін. Оларды ешкім сайлаған жоқ. Халық оларды қолдап, сендерге сенім артамыз, үмітімізді ақтаңдар деген жоқ. Олар сайлаудағы бұрмалаушылықтар арқылы билікті узурпациялап алды деп есептеймін. Сондықтан бұл парламенттің қабылдаған заңдары да, шығарған шешімдері мен сөздері барлығы заңсыз болады, - деді Жанболат Мамай.

Ол 10 қаңтар күнгі сайлауда алаңға пікірін жеткізу үшін келген белсенділердің бір бөлігін полиция ұстап, бір бөлігін 7-10 сағат аралығында аязда ұстағанын айтып, мұны азаптауға теңеді. "Бұл биліктің күштік құрылымдардың көмегімен ғана өзін сақтап тұрғанын көрсетеді" деді белсенді.

Қарай отырыңыз: "Назарбаевты, Тоқаевты сайламадық!" Сайлау күнгі Алматыдағы наразылық қалай өтті? (10 қаңтар 2021 жыл).

"Назарбаевты, Тоқаевты сайламадық!" Сайлау күнгі Алматыдағы наразылық қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:43 0:00

Полиция белсендіні сырттай бақылап тұрды, бірақ ұстамады. Әкімдік өкілдері Мамайға шараның "заңсыз" екенін ескертті.

Жұма күні Нұр-Сұлтанда парламенттің 7-шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясында жаңа сайланған депутаттар ант беріп, мәжіліс төрағасын сайлады. Депутаттардың барлығы-дерлік мәжіліс спикерлігіне ұсынылған Нұрлан Нығматуллин кандидатурасын қолдады. Одан жарты сағат бұрын өткен парламенттің бірлескен отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың "тартысты" өткенін атап өтіп, саяси партиялардың парламентке өтуін жеңілдету қажеттігін, сайлау бюллетенінде "бәріне қарсымын" графасы болуы тиіс деп мәлімдеген.

Мәжіліс және мәслихат сайлауының ресми қорытындысы бойынша, парламентке үш партия өтті. Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамастан саяси ықпалын жоғалтпаған Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр Отан" партиясы мәжілістегі орындардың басым бөлігін (76 мандат) иеленді. Билікшіл "Ақ жол" - 12, "Қазақстанның коммунистік партиясы" 10 орын алды. Сайлауға бірде-бір оппозициялық партия қатыстыртылған жоқ.

Билік жексенбі күні өткен сайлауда "өрескел заңсыздықтар тіркелмеді" десе, көптеген тәуелсіз ұйымдар бақылаушыларды учаскеге кіргізбеу, сайлау учаскесінде жүруіне тыйым салу, дауыс санау ережелерін бұзу сияқты көптеген заңбұзушылықтар болғанын хабарлаған. ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау халықаралық стандарттарға сай өтпеді, шынайы бәсеке болмады деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG