Accessibility links

Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар қайта көбейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстанда өткен тәулікте коронавирус жұққан 162 адам тіркеліп, Бішкекте 2 науқас қайтыс болды. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі мәліметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Бір күн бұрын елде екі есе аз науқас тіркелген.

Елде коронавирус жұққандар 83 430 адамға жеткен. 79 373-і жазылған. Қырғызстанда пневмонияны қоздыратын коронавирус түрі алғаш рет 2020 жылдың наурыз айында анықталған. Содан бері Covid-тен қайтыс болғандар 1392 адамға жетті.

Сейсенбі күні Шу облысында (72) көп науқас тіркелген. Бішкекте - 46, Ыстықкөл облысында - 24, Ош қаласында - 11, Баткен облысында - 2, Нарын облысында - 2, Ош облысында - 2, Жалалабад облысында - 2, Талас облысында 1 адамнан коронавирус анықталған.

Қазір ауруханада емделіп жатқан 726 науқастың 40-ының жағдайы өте ауыр, 225-інікі - ауыр. 449 адамның жағдайы орташа.

Бір күн бұрын Қырғызстан билігі батыс компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасының миллионнан астам тегін дозасынан бас тартқан. Билік оларды сақтайтын тоңазытқышты сатып алу үшін 2 млн доллар қаражат таппағанын мәлімдеген.

Сейсенбі күні Қырғызстан көршісі Өзбекстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғашқылардың бірі болып мақұлдаған Pfizer-дің жақын арада 100 мың дозасын алатынын мәлімдеген. Орталық Азия аймағында халқы ең көп мемлекетте кейінгі кезде бір күнде ондаған науқас тіркеліп жүр. Наурыз айынан бері 78 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. 600-ден астам адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG