Accessibility links

Демпартия жақтастары "заңсыз парламентті таратуды, Назарбаевтың биліктен кетуін" талап етті


Тіркелмеген "демократиялық партия" жақтастары Абай - Назарбаев көшелері қиылысында тұр. Алматы, 25 қаңтар 2021 жыл.
Тіркелмеген "демократиялық партия" жақтастары Абай - Назарбаев көшелері қиылысында тұр. Алматы, 25 қаңтар 2021 жыл.

25 қаңтарда Алматыда Тәуелсіздік монументі алдында тіркелмеген демократиялық партия мүшесі Күлия Смағұлова жалғыз адамдық пикет өткізіп, "заңсыз парламентті таратуды" талап етті. Оның пикетіне кейінірек демпартияның өзге де өкілдері қосылды. Орталық алаңнан Абай - Назарбаев көшелерінің қиылысына дейін шерулеткен белсенділер "Назарбаев биліктен кетсін!" деп айқайлады.

Смағұлова пикетке үш талаппен келгенін: заңсыз сайланған парламенттің тарқатылуын, жердің шетелдіктерге сатылмауын және демократиялық партияны тіркеуді талап етіп келіп отырғанын айтты.

- Сайлау заңсыз өтті. Парламентте халық мүддесін ойламайтындар отыр. Мен соған қарсымын. Жер шетелдіктерге сатылмасын. Жалға да берілмесін. 49 жылға жалға беріледі деген сөз қазақ халқы жерінен айырылды деген сөз. Әр қазақжерге ие болуы тиіс. Билік қажетсіз шаралар өткізгенше бір рет несиеге амнистия жарияласын. Демократиялық партияны тіркесін, - деді Күлия Смағұлова.

Пикет барысында өзінің жеке баспанасынан айырылғанын тілге тиек еткен Смағұлова "қанша есікті тоздырдым, бармаған жерім жоқ, бірақ әділдік таба алмадым" деді. Бірақ баспанасынан қалай айырылғанын толық баяндамады.

Смағұлованың пикетін тіркелмеген демпартияның 7-8 жақтасы қолдады. Олар Тәуелсіздік монументінен Абай-Назарбаев көшелерінің қиылысына дейін шерулетіп барып, "Назарбаев кет!", "Диктатор Назарбаев кетсін!", "Заңсыз парламент таратылсын!" деп айқайлады.

Абай - Назарбаев көшелері қиылысына жеткен кезде оларды әкімдік өкілдері мен полиция қуып жетті. Әкімдік өкілі "шараның заңсыз" екенін ескертіп, тарауды талап етті. Ал демпартия жақтастары Смағұлованы жан-жақтан қоршап, оны ұстауға жол бермейтінін айтып, шеңбер жасап тұрды. Сәлден соң наразылар тарап кетті.

Демпартия өкілдері бұған дейін де пикет өткізіп, осыған ұқсас талап айтқан. 15 қаңтарда Нұр-Сұлтанда парламенттің 7-шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясы өтіп жатқанда Алматыда демпартия жетекшісі Жанболат Мамай "дауыс ұрлау және адамдарды алаңда күшпен ұстау арқылы сайланған парламент - заңсыз, олардың қабылдаған заңдары заңсыз болады" деп мәлімдеген.

Осыған дейін жаңа мәжілістің кейбір депутаттары "саны аз тәуелсіз бақылаушылардың сөзіне сүйеніп, тұтас сайлау заңсыз өтті деп айтуға болмайды" деп айтқан.

Видео: Белсенділер жаңа мәжілісті "заңсыз" дейді. Депутаттардың өзі не айтады? (16 қаңтар 2021 жыл).

Белсенділер жаңа мәжілісті "заңсыз" дейді. Депутаттардың өзі не айтады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00

10 қаңтар күнгі мәжіліс және мәслихат сайлауының ресми қорытындысы бойынша, парламентке үш партия өтті. Елді отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы отставкаға кеткеніне қарамастан саяси ықпалын жоғалтпаған Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр Отан" партиясы мәжілістегі орындардың басым бөлігін (76 мандат) иеленді. Билікшіл "Ақ жол" - 12, "Қазақстанның коммунистік партиясы" 10 орын алды. Сайлауға бірде-бір оппозициялық партия қатыстыртылған жоқ.

Билік сайлауда "өрескел заңсыздықтар тіркелмеді" десе, көптеген тәуелсіз ұйымдар бақылаушыларды учаскеге кіргізбеу, сайлау учаскесінде жүруіне тыйым салу, дауыс санау ережелерін бұзу сияқты көптеген заңбұзушылықтар болғанын хабарлаған. ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау халықаралық стандарттарға сай өтпеді, шынайы бәсеке болмады деп тұжырымдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG