Accessibility links

Навальныйдың жақтастары екі айға үйқамаққа алынды


"Жемқорлықпен күрес" қорының заңгері Любовь Собольді полиция ұстап жатқан сәт. Мәскеу, Ресей. 23 қаңтар, 2021 жыл.
"Жемқорлықпен күрес" қорының заңгері Любовь Собольді полиция ұстап жатқан сәт. Мәскеу, Ресей. 23 қаңтар, 2021 жыл.

Мәскеудің Тверь аудандық соты жұма күні 23 қаңтарда өткен оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау шарасына қатысты "санитарлық іс" бойынша ұсталғандардың барлығын үйқамаққа жіберу жөнінде шешім шығарды.

Навальный басқаратын "Жемқорлықпен күрес қорының" заңгері Любовь Соболь, оппозиционердің бауыры Олег Навальный, саясаткердің Мәскеудегі штабының үйлестірушісі Олег Степанов, Pussy Riot тобының мүшесі Мария Алехина, "Дәрігерлер альянсы" кәсіподағының басшысы Анастасия Васильева 23 наурызға дейін тұтқынға алынды. Оларға электронды білезік тағылды. Белсенділер коронавирус пандемиясы кезінде енгізілген санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзды деп айыпталып отыр.

Сот ғимараты маңына жиналған журналистерді індет кезіндегі шектеуге байланысты отырысқа қатыстырмады.

Тергеушілер айыпкерлерді бұл бап бойынша ең қатаң жаза – үйқамаққа алуды сұраған.

Ондаған мың адам қатысқан наразылық шарасының ертеңінде санитарлық нормаларды бұзды деген айыппен белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. 27 қаңтарда полиция осы іс бойынша Алексей Навальныйдың 20-ға тарта жақтасының үйлері мен кеңселерінде тінту жүргізген.

Тергеушілердің айтуынша, 18-23 қаңтар аралығында "белгісіз адамдар" әлеуметтік желі арқылы Алексей Навальныйды қолдау шарасына шақырған. Соның кесірінен Мәскеу орталығына көп адам жиналған. Коронавирус індетімен күрес жөніндегі жедел штабтың хабарлауынша, наразылық өткен Пушкин алаңына Covid диагнозы қойылған 19 адам келген.

  • 23 қаңтарда Ресейдің ондаған қаласында Мәскеудің "Матросская тишина" тергеу изоляторына қамалған оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдаушылардың жаппай митингі өтті. Көшеге 250 мыңға тарта адам шыққан. 4 мыңға жуық демонстрант ұсталды, олардың 1,5 мыңдайы – Мәскеуде. Ресейдің тергеу комитеті наразылыққа қатысқандардың үстінен 30-ға тарта қылмыстық іс қозғады.
  • Алексей Навальный былтыр тамызда "Новичок" уымен уланып, Германиядағы емханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Биыл 17 қаңтарда еліне оралған оны тәртіп сақшылары Мәскеу әуежайында қамауға алған. Навальныйдың өзі Ресей тұрғындарын "жемқорлыққа қарсы" жаппай наразылыққа шығуға шақырып келеді. Полицияның қысымына қарамастан, Навальный мен оның жақтастары ертең, 31 қаңтарда тағы да жаппай демонстрацияға шығуға үндеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG