Accessibility links

Мәскеу басшылығы 31 қаңтарда метро стансаларын жаппақ, Навальный абақтыдан видеоүндеу жасады


Мәскеу изоляторында онлайн сот мәжілісіне қатысып отырған Алексей Навальный. 28 қаңтар, 2021 жыл. Экраннан түсірілген сурет.
Мәскеу изоляторында онлайн сот мәжілісіне қатысып отырған Алексей Навальный. 28 қаңтар, 2021 жыл. Экраннан түсірілген сурет.

Мәскеу әкімшілігі Алексей Навальный жақтастарының митингі өтеді деген 31 қаңтарда қала орталығындағы жеті метро стансасына кіретін және шығатын жолдарды жабады.

Таңғы 8-ден бастап "Александровский сад", "Охотный ряд", "Театральная", "Площадь Революции", "Кузнецкий мост", "Лубянка" және "Китай-город" стансалары жабық болады.

Бұған қоса, қала басшылығы "ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде рұқсат етілмеген шараларға қатысуға шақырған үндеу тарап жатқандықтан", жаяу адамдардың жүруіне де шектеу қоймақ. Ресей ішкі істер министрлігінің Мәскеудегі бас басқармасы осындай мәлімдеме таратты. Полиция қосымша хабарлағанға дейін шектеу ережесі күшінде болады.

Жұма күні полиция рұқсат етілмеген митингіге, шеру мен пикетке шақырғаны үшін қылмыстық жауапқа тарту қарастырылғанын айтып, ескерту жасаған.

Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальный жұма күні Мәскеудегі "Матросская тишина" тергеу изоляторынан жаңа видеоүндеуін жариялады. Орыстың балалар ақыны Корней Чуковскийдің "Тараканище" өлеңін еске салған ол жақтастарын наразалық шараларын тоқтатпауға шақырды.

"Бала кезде мұртын жыбырлатып, айқайлай беретін қорқынышты тарақан туралы өлеңді бәріңізге оқыған болар. Тарақан осы арқылы ормандағы аң біткенді өзіне бағындырған. Олар "Бұл бізді шынымен жеп қойса қайтеміз?" деп қорыққан. Қазір Ресейде болып жатқан жағдайды дәл осылай суреттеуге болады" деді ол.

"Бассыздық пен жемқорлық жайлаған елде ешкім өмір сүргісі келмейді. Көпшілік біздің жағымызда. Соларды оятайық" деген Навальный жақтастарын билікке қарсы тұрудан қорықпауға шақырды.

28 қаңтарда сот Алексей Навальныйды 15 ақпанға дейін тұтқындау туралы шешім шығарған. Саясаткердің адвокаттары Навальныйды тұтқындау кезінде адамның негізгі құқықтары туралы Еуропа конвенциясының баптары бұзылғанын айтты.

  • 23 қаңтарда Ресейдің ондаған қаласында Мәскеудің "Матросская тишина" тергеу изоляторына қамалған оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдаушылардың жаппай митингі өтті. Көшеге 250 мыңға тарта адам шыққан. 4 мыңға жуық демонстрант ұсталды, олардың 1,5 мыңдайы – Мәскеуде. Ресейдің тергеу комитеті наразылыққа қатысқандардың үстінен 30-ға тарта қылмыстық іс қозғады.
  • Алексей Навальный былтыр тамызда "Новичок" уымен уланып, Германиядағы емханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Биыл 17 қаңтарда еліне оралған оны тәртіп сақшылары Мәскеу әуежайында қамауға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG