Accessibility links

Алматыда Қытай консулдығынан түрмедегі інісін босатуды талап еткен тұрғынға сот ескерту жасады


Қытай түрмесіндегі інісін босатуды талап еткен Алматы тұрғынын полиция әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

1 ақпанда Қытайдың Алматыдағы консулдығына барып, "Қытай түрмесінде отырған інісін босатуды" талап еткен Байболат Күнболатұлын полиция ұстап әкетіп, кейін оның үстінен сот болды. Онлайн отырыста сот Күнболатұлына ескерту жасады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Күнболатұлы ұсталғанға дейін консулдық алдында Қытай түрмесінде отырған туған інісі Баймұрат Наурызбекұлын босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізген болатын. Жергілікті әкімдік өкілі Рита Ерманова оған "шараның заңсыз екенін" ескертті.

Алматы әкімдігінің өкілі “акция заңсыз, тоқтатыңыз” деп екі рет ескерту жасады. 1 ақпан 2021 жыл.
Алматы әкімдігінің өкілі “акция заңсыз, тоқтатыңыз” деп екі рет ескерту жасады. 1 ақпан 2021 жыл.

- Қытайда түркітілді мұсылмандарға геноцид жүріп жатыр. Туған інім Қытай түрмесінде отыр. Өлі-тірісі белгісіз. Сол інімді іздеп келсем, сол әрекетім заңсыз бола ма? Оның қамауда отырғанына кім жауап береді? Бауырымның қамауда отырғанына 1049 күн болды. Қазақстан президентіне, Елбасына, Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне, Қазақстанның Пекиндегі елшілігіне, АҚШ үкіметіне, Еуроодақ елдеріне, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына арыз жаздым. Өкінішке қарай нақты жауап жоқ. Сыртқы істер министрлігі "ініңіз - Қытай азаматы. Сондықтан бұл Қытайдың ішкі мәселесі, назарда ұстаймыз" дегеннен әрі барған жоқ. Жақында Қалиолла Тұрсын деген кісі Қытай түрмесінде қайтыс болды. Жылдар бойы Қытай түрмесінде отырған. Сонда інімнің қайтыс болуын күтіп отыруым керек пе, - деді Байболат Күнболатұлы.

Ол пикет барысында "Қытай, геноцидті тоқтатпасаң біз де қарсылығымызды тоқтатпаймыз!" деп айқайлады. Ол консулдыққа қақпасына барып, қоңырауды басуға оқталып еді, күзетшілер оны ғимарат маңынан күшпен қуды. Көшенің қарсы бетіне дейін итеріп жіберді.

Күзетшілердің бірі Азаттық тілшісіне "іштегілерден ешкім шықпайды, олар карантин екенін, ешкімді қабылдамайтынын айттты" деді. Бұдан соң полиция Күнболатұлын ұстап әкетіп, бөлімшеге апарған. Артынша онлайн сот өтіп, оған "рұқсатсыз митингіге шыққаны үшін" ескерту берілген.

Соттан шыққан Күнболатұлы "Қытайда қамауда отырған інімді босатуды талап ету - ешқандай заң бұзу емес" дейді.

Байболат Күнболатұлы былтырдан бері Қытайдың Алматы және Нұр-Сұлтандағы өкілдіктері алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, Қытай билігінен інісін босатуды талап етіп келеді. Ол осы аралықта інісі туралы мардымды ақпарат ала алмаған.

Оның айтуынша, 1990 жылы туған інісі 2018 жылы наурыз айында Қытайдың Құлжа ауданына қарасты Қарағаш ауылында ұсталып, саяси лагерьге қамалған. Кейінірек белгісіз себеппен 10 жылға сотталған.

Кейінгі кезде Қытайда "бұлыңғыр айыптар" бойынша сотталды делінген этникалық қазақтар жайлы ақпарат жиіледі. Былтыр қыркүйек айында Қытайда "Қазақстанмен байланысты", "Қытай тұтастығына қауіп төндірді" деген айыппен үш этникалық қазақтың өмір бойына сотталғаны белгілі болды.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

Қарай отырыңыз: "Қазақстан Қытайдан дербес саясат жүргізеді" дегенге сенбейтіндер бар (Желтоқсан айы, 2020 жыл).

"Қазақстан Қытайдан дербес саясат жүргізеді" дегенге сенбейтіндер бар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG