Accessibility links

Шымкент сотында тәуелсіз кәсіподақтың бөлімшесі жабылғаны хабарланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2 ақпан күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында әділет министрлігінің өкілі отын-энергетика кешеніне қарасты салалық кәсіподақтың ("Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі – ред.) Қызылорда облысындағы бөлімшесі жабылғанын мәлімдеді. Кәсіподақ құрылтайы мен төрағасы кәсіподақ филиалының жабылғанынан бейхабар болып шықты. Бұл туралы онлайн түрде өтіп жатқан сот отырысынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Осы аптада Шымкент соты отын-энергетика кешеніне қарасты салалық кәсіподақты жабу туралы қала әкімдігінің өтінішін қарай бастаған. Әкімдік жұмыс беруші компаниялар шағымына сүйене отырып, кәсіподақтың "заңнама талаптарын сақтамағанын" айтып, оның жұмысын бірнеше айға тоқтатуды сұрап отыр. Кәсіподақ өкілдері мұнымен келіспейді. Бұған дейін халықаралық ұйымдар тәуелсіз кәсіподаққа жабылу қаупі төнгеніне алаңдаған.

Сейсенбі күнгі сотта әуелі кәсіподақтың қайда тіркелгені талқыланды. Осы кезде әділет министрлігінің өкілі отын-энергетика кешеніне қарасты салалық кәсіподақтың құжаттарын жариялады. Ол әуелі кәсіподақтың қашан, қайда құрылғанын айтты. Содан соң 2021 жылдың қаңтар айында салалық кәсіподақтың Қызылорда облысындағы филиалы жабылғанын мәлімдеді.

- Филиалдың жабылғанын естігеніміз осы. Жалпы талап бойынша кәсіподақ филиалы сот шешімімен не кәсіподақ құрылтайшыларының кеңесінде шешіледі. Кәсіподақ құрылтайы жабу туралы шешім шығармады. Ал сот шешім шығарғаны, не шығармағаны туралы ақпарат жоқ. Қазір бөлім жетекшісімен байланыса алмай отырмыз. Біз әділет министрлігіне бұл жөнінде сұрау жібереміз, - дейді отын-энергетика кешеніне қарасты салалық кәсіподағының төрағасы Құспан Қосшығұлов.

Жауапкер тарап істің соттылығы жөнінде бірнеше рет талап арыз түсірді. Судьяға екі рет сенімсіздік білдірді. Судьяны ауыстыру туралы бірінші өтінішті сот дәлелсіз деп тапты. Екінші сенімсіздік туралы талап-тілекті қарау үшін үзіліс жарияланды.

Іске судья Әсем Қапарбекова төрағалық етіп жатыр. Онлайн режимде өтіп жатқан сотқа талапкер ретінде Шымкент қаласы әкімдігінің өкілі Амангелді Әбілов, жауапкер ретінде салалық кәсіподақ төрағасы Құспан Қосшығұлов, оның сенімді өкілдері Лариса Харькова, Ольга Рубахова және әділет министрлігі мен қалалық әділет департаментінің өкілдері қатысты.

Істе мүдделі жақ ретінде қалалық әділет департаменті мен Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті танылған. Шағым түсіруші соттан бірлестік қызметін 3 айдан 6 айға дейін тоқтатуды сұраған.

Отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағы 2015 жылыдың 26 қарашасында мемлекеттік тіркеуден өткен. Кәсіподақтың 9 облыста филиалы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG