Accessibility links

Ақтөбеде Жаңажол кенішінде айлық өсіруді талап еткен оннан аса жұмысшы жұмыссыз қалды


"СНПС - Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы. Көрнекі сурет.
"СНПС - Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Жаңажол мұнай кенішінде жалақы көбейтуді талап етіп, ереуіл ұйымдастырған "Биккор" компаниясының оннан аса қызметкері 3 ақпаннан бастап жұмыссыз қалды. Бұл туралы Азаттыққа жұмыстан шыққан қызметкерлер хабарлады. Олардың сөзінше, 20-ға жуық адам жұмыссыз қалған.

Жаңажол мұнай кенішін игеріп жатқан "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының асханасы мен жатақханасының тазалығына жауап беретін "Биккор" жұмысшылары "компанияда біздің құқығымызды қорғайтын адам болмады" дейді.

- 15 күндік вахтада жүк түсіре жүріп, айына 50 мың теңге алатынмын. Оның он мыңы темекіме кетеді. Қалған ақшаны кәрі шешем, үш балам мен әйеліме жеткізе алмай, қиналып жүргендіктен ереуілге шықтым. Наразылықтан екі күн бұрын басшыларды хабардар қылдық. Соның өзінде компания ереуілге шыққандарды "үш сағаттан артық жұмыс орнында болмадыңдар" деп жұмыстан шығарды, - дейді жұмыссыз қалған жүк түсіруші Нұржан Шамшиев.

"Биккор" компаниясында небәрі 12 күн еңбек еткен Айбек Лекеров ереуілге шыққан жиырма шақты адамның бәрі "өз еркіммен жұмыстан шығамын" деп арыз жазғанын айтады.

- Басшылар "жалақы ұнамаса, өз еріктеріңмен жұмыстан кетіңдер, әйтпесе заңмен шығарамыз. Заңмен шығатын болсаңдар, сендерді ешкім ешқашан жұмысқа алмайды" деп қорқытты. Сондықтан арыз жазуға мәжбүр болдық, - дейді Лекеров.

Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин жұмыстан "жиырма емес, 15 адам шыққанын" айтады. Ал Ақтөбе облысы әкімдігі "Биккор" компаниясының 13 қызметкері өз еркімен жұмыстан кетті деп отыр.

"Әкімдік 3 ақпан күні компания басшыларымен келіссөз жүргізіп, жұмысшылар жалақысын көбейтуді талап етті. "Биккор" жалақы мәселесін тапсырыс беруші "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясымен талқылауы керек. Жалақыға қанша қосылатыны содан кейін анықталады. Біздің дерегімізше, "Биккордың" 13 қызметкері жұмыстан өз өтінішімен кеткен. Олардың ешқайсы басшыларының үстінен еңбек инспекциясына шағым жазбаған" деп мәлімдеді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

"Биккор" компаниясының жұмысшылары 2 қаңтар күні жалақыларын көбейтуді талап етіп, ереуіл өткізген. Желіде тараған видеода ереуілге қатысушылардың бірі "Айлығымызды ең болмаса 100 мың теңге қылсын! Осында істегеніме 10 жыл болды. Он жылдан бері бері 55 мың теңге айлықпен жүрмін" дейді.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігі видеодағы ереуілшілер "Биккор" компаниясының жұмысшылары екенін растаған. Әкімдіктің мәліметінше, 2 ақпандағы наразылыққа жиырма шақты адам қатысқан. Айына 50-55 мың теңге алатын жұмысшылар жалақыны көбейтуді талап еткен.

Жаңажол мұнай кенішін "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы игеріп жатыр. "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" – Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны.

Өткен аптада Ақтөбе өңіріндегі "КМК Мұнай" мен "АМК Мұнай" компанияларының жүздеген жұмысшысы бірнеше күн жалақыларын өсіруді талап етіп, компания басшылығы талаптарын орындауға келіскеннен кейін ереуілді тоқтатқан еді. "КМК Мұнай" да "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына тиесілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG