Accessibility links

Журналист Лұқпан Ахмедияров бір күнде екінші рет қамалды


Журналист Лұқпан Ахмедияров Оралдағы полиция бөлімінің алдында пикет өткізіп тұр. Батыс Қазақстан облысы. 3 ақпан, 2021 жыл.
Журналист Лұқпан Ахмедияров Оралдағы полиция бөлімінің алдында пикет өткізіп тұр. Батыс Қазақстан облысы. 3 ақпан, 2021 жыл.

"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы полиция ғимаратының алдында бір адамдық пикет өткізіп, бір күн ішінде екінші рет қамауға алынды.

Бейсенбіде түрмеден босап шығатын белсенді Макс Боқаевпен кездесу үшін 3 ақпанда таңертең көршілес Атырау облысына шыққан журналистер мінген көлікті полиция тоқтатып, Лұқпан Ахмедияровты Оралдағы Абай полиция бөлімшесіне алып кеткен.

Бөлімшеден шыққаннан бір сағат өткен соң онда қайтып барған Ахмедияров "Полиция ма, гестапо ма?" деген жазумен пикет өткізді.

— Репортаж жасау үшін әріптестеріммен Атырауға бара жатқанда ұстап алды. Мұны менің кәсіби жұмысыма кедергі деп түсінемін. Меніңше, полицейлер бұл жағдайда тікелей міндетін атқармай, бір кездері өзгеше ойлайтындардың көзін жойған гестапо солдаттары сияқты әрекет етті. Сондықтан мен "бұл полиция ма, гестапо ма?" деп сұрап тұрмын, — деді Ахмедияров.

Бұдан соң ол плакатты полиция ғимаратының әйнек қабырғасына скотчпен жапсырып тастады. Бірнеше минуттан соң оншақты полицей Ахмедияровты қоршап алды. Журналиске заңды бұзғанын, мүлікті мүлдіргенін ескерткен олар өзін ғимараттың ішіне алып кетті.

Полиция Ахмедияровты бір сағаттан соң босатты.

— Хаттама толтырып, менен түсініктеме алды, не істегенімді, оның себебін анықтады, мұны неліктен құқық бұзу деп санамайтынымды сұрады. Хаттама толтырардан бұрын мені қай баппен ұстап жатқанын білдім. Олар әкімшілік кодекстің 505-бабымен, "Елдімекенді абаттандыру ережелерін бұзу" себебімен [ұстағанынайтты], — деді Ахмедияров.

Оның айтуынша, полиция әрі қарай не істейтінін "кейін айтамыз" деген.

Лұқпан Ахмедияровтың бір күнде екінші рет ұсталуының жай-жапсарын полициядан білу мүмкін болмады. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы уақытының жоғын, "Ішкі істер министрінің жиыны" болып жатқанын айтып, жауап бермеді.

Журналистің айтуынша, полиция 3 ақпанда таңертең қызмет сапарын үзіп, оны Оралдағы бөлімшеге алып келген, ол тергеушінің кабинетінде үш сағат отырған, бұл аралықта ешқандай тергеу амалы жүргізілмеген.

Полицияның бұдан бұрын берген мәліметі бойынша, бірінші рет журналисті қылмыстық іс шеңберінде "қорғануға қақысы бар куәгер" ретінде бөлімшеге алып барған. Полиция Қылмыстық кодекстің "Сотқа дейінгі деректерді не жабық сот отырысы материалдарын жариялау" бабы бойынша іс қозғаған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл іс Ахмедияров басқаратын "Уральская неделя" басылымының сайтында жарық көрген материал негізінде қозғалған. "Оралдағы жер дауы: прокурордың шешесі бес жер учаскесінің иесі атанды" деген атпен жарық көрген мақалада прокуратура қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген ықтимал жемқорлық ісі туралы айтылады. Ахмедияровтың айтуынша, журналистер осы мақала аясында прокуратура мен жемқорлықпен күрес комитетіне өтініш жіберген, бірақ олар "тергеу құпиясына байланысты ақпарат бермеген".

3 ақпанда Қазақстандағы 12 ақпарат құралының редакциясы мен баспасөз бостандығын қорғаушы ұйым "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияровты "қудалауды дереу тоқтатуды" талап етіп, мәлімдеме жасады.

"Лұқпан Ахмедияровты қудалаудың саяси астары бар екеніне сенімдіміз, Батыс Қазақстанның құқық қорғау құрылымдары журналистің үнін өшіруге тырысып жатыр. Ахмедияров өз жұмысын істеді: журналистік зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін жариялады. Оның үстіне, мақалада жемқорлық фактілері туралы айтылады, елдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің сөзіне сенсек, Қазақстан дәл осы жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізіп келе жатыр" деді мәлімдеме авторлары.

"Құқық қорғау органдары БАҚ-тың жұмысына араласпауы керек, журналистердің жұмыс істеуге, яғни зерттеу жүргізіп, жемқорлық фактілерін әшкерелеп, шенеуніктердің әрекетіне күмән келтіруге мүмкіндігі болуы тиіс" деп мәлімдеді олар.

Мәлімдемеге "Vласть" интернет-журналы, masa.media, "The Village Қазақстан", Factcheck.kz, ProTenge, "За нами уже выехали", The Qazaq Times, Orda.kz, "Интонация", mgorod.kz, Adamdar/CA редакциялары және "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы қол қойған.

Аймақтағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияровқа бірнеше жыл бұрын қастандық жасалған. Оны жергілікті шенеуніктер мен мемлекеттік орган өкілдері бірнеше рет сотқа берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG