Accessibility links

ҚДТ-ға қатысты айыпталған белсендінің бостандығы шектелді, митингілерге қатысуына тыйым салынды


Бағдат Бақтыбаев. Әйелінің жіберген суреті.
Бағдат Бақтыбаев. Әйелінің жіберген суреті.

4 ақпанда Жамбыл облысы Шу аудандық соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "есірткі сақтады" деп айыпталған белсенді Бағдат Бақтыбаевтың бостандығын екі жылға шектеді. Сот бұған қоса, 5 жыл белсендінің "ақпарат құралдары және телекоммуникация желілері арқылы қоғамдық саяси қызметпен айналысуына" тыйым салды. Бұл туралы белсендінің адвокаты мен Шу аудандық соты хабарлады.

Сот 46 жастағы белсендіні бұған қоса, "рұқсат етілмеген шараларға", митингілерге, акцияларға қатысуына тыйым салды, Шу ауданы аумағынан шығар алдында өкілетті органды ескертуге міндеттеді. Үкімде егер бұл шарттар орындалмаса, бостандықты шектеу жазасы түрме жазасымен алмастырылуы мүмкін екені жазылған.

Белсендінің адвокаты Ерғали Існазаров "әзірге апелляцияға береміз бе, жоқ па, белгісіз. Ол жағын келісеміз" деді.

Былтыр 2 қазаннан бері қамауда болған 46 жастағы белсенді Бағдат Бақтыбаев бейсенбі күні сот залынан босап шыққан. Саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізгені үшін талай әкімшілік жазаға тартылған белсендіге бастапқыда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айып (405-бап, 1, 2-тармақтары, нақты жағдайда "Көше партиясы" туралы болып отыр - ред.) тағылған. Адвокаттың айтуынша, оған "есірткі" бабының тағылғаны (296-бап, 2-бөлігі) тек сот басталар алдында - 15 қаңтарда белгілі болған. 28 қаңтарда іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті.

Қаңтар айының ортасында Qaharman құқық қорғау тобы белсендінің туыстарына сүйене отырып, Бақтыбаевқа "тағы бір қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылды" деп хабарлаған.

"Қамалғаннан кейін 4 ай өткен соң полицейлер Бағдатты ұстаған кезінде қалтасынан "есірткі табылғанын" анықтаған. Оған "егер саяси көзқарасыңнан бас тартпасаң, азаптаймыз, соққыға жығамыз немесе есірткі салып жібереміз" деп қоқан-лоқы жасалған" деп жазды құқық қорғаушылар Facebook-тағы парақшада.

Ал Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметінің өкілі Динара (аты-жөнін толық таныстырмады) белсендіге есірткі бабы "сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде" тағылғанын айтып, ақпаратты жоққа шығарды.

- Интернетте белсенділер оған сотта екінші айып тағылды деп жалған ақпарат таратты. Сот айып таға алмайды. Айыпты тергеу органдары тағады, - деді ол.

Былтыр қараша айында қазақстандық құқық қорғаушылар Бағдат Бақтыбаевтың саяси көзқарасын ашық айтқаны үшін қудаланып отырғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

  • Қазақстан билігі шетелге қашқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен тіркелмеген "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды. "Көше партиясының" белсенділері өздерін "тәуелсізбіз" дейді.
  • Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған. Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.​
  • ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған жүзден-нан астам адам бар.
  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG