Accessibility links

Қазақстанда тағы 1 021 адамнан коронавирус пен пневмония анықталды


Жолаушылардың дене қызуын өлшеп тұрған мамандар. Көрнекі сурет.
Жолаушылардың дене қызуын өлшеп тұрған мамандар. Көрнекі сурет.

Қазақстанда тағы 1 003 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен нақтыланды. 18 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Денсаулық сақтау министрлігінің 8 ақпан күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген. 11 адам өлімі тіркелген: 6 адам - коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұқтырғандар 196 115 адамға жетті. 176 744-і жазылған. Өткен тәулікте 843 адам айыққан. 2020 жылдың наурыз айынан бері 2 601 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне жеке код беріп, бөлек есептеп келеді. Содан бері 48 313 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 584 адам қайтыс болған. 37 471 адам жазылған. Министрлік ақпан айынан бастап аймақтағы коронавирус пневмониясы туралы статистика жариялай бастады. Күн сайынғы мәліметте екі күн бұрынғы көрсеткіш жарияланады. Министрліктің хабарлауынша, 5 ақпанда коронавирус пневмониясы Қостанай облысы (18) мен Жамбыл облысында (10) көбірек тіркелген.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген науқастар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында (222) тіркелді. Алматыда - 114, Нұр-Сұлтанда -75, Шығыс Қазақстан облысында – 63, Атырау облысында – 43, Қарағанды облысында – 46, Батыс Қазақстан облысында - 83, Солтүстік Қазақстан облысында – 69, Қостанай облысында - 81, Алматы облысында - 47, Шымкент қаласында - 5, Жамбыл облысында - 11, Түркістан облысында - 7, Маңғыстау облысында - 17, Ақтөбе облысында - 5, Қызылорда облысында 7 адамнан коронавирус анықталған.

Қазір коронавирустан 27 028 адам емделіп жатыр. 10 258-інің ПТР тесті теріс шыққан (яғни, оларға клиникалық белгілері бойынша Covid/коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған). 5 804 науқас стационарда емделіп жатыр. 268 адамның жағдайы ауыр, 49 науқастың жағдайы өте ауыр. 42 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 106 млн 56 мыңнан асты. 59 млн 144 мың адам жазылған. 2 млн 315 мың науқас қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG