Accessibility links

"Бір баламды - Қытай, біреуін Қазақстан қамады". Консулдық алдына қамалған ұлының орнына анасы келді


Тұңғышы - Қазақстан, кенжесі Қытай түрмесінде. Кейуана Шыңжаңдағы баласына араша сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:22 0:00

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында "Қытай геноцидіне қарсы" акцияның өтіп жатқанына үш күн болды. Сәрсенбі күні бұл жерге бір күн бұрын 10 күнге қамалған белсенді Байболат Күнболатұлының анасы 60 жастағы Зауатхан Тұрсын келіп, полицияның ұлын заңсыз қамағанын айтып, босатуды талап етті.

9 ақпанда Алматының әкімшілік соты консулдық алдында Қытайда қамалған інісін босатуды талап етіп, акция өткізген Байболат Күнболатұлын 10 күнге қамаған еді. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы бойынша ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") айып тағылған.

- Менің бір баламды - Қытай, бір баламды Қазақстан қамады. Елім, жерім деп келгеннен кейін көрген нәрсеміз осы болып отыр. Полиция баламды нендей айыппен қамады? Түсіндіріп берсін. Ұлымды да босатсын, - деді Зауатхан Тұрсын.

Сәрсенбі күні консулдық алдында Зауатхан Тұрсынмен қатар Шыңжаңда қамалған немесе Қазақстанға өте алмай отырған қазақтардың туыстары болды. Олар Қытай түрмесінде "жазықтан-жазықсыз отырған" жақындарын тез арада босатуды және Қазақстанға жіберуді талап етті.

Қытай консулдығының алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар, олардың жолын бөгеп тұрған консулдық күзетшілері мен полиция қызметкері. Алматы, 10 ақпан 2021 жыл.
Қытай консулдығының алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар, олардың жолын бөгеп тұрған консулдық күзетшілері мен полиция қызметкері. Алматы, 10 ақпан 2021 жыл.

Бүгін, 10 ақпанда Қытай консулдығы қақпасына арнайы колонкі орнатып қойған. "Індет кезінде акцияның заңсыз екенін" сәт сайын ескерткен колонкідегі дауыс акцияға келгендердің дауысын естіртпей, пікірлерін айтуға кедергі жасады. Колонкідегі аудиода "консулдықтың ерекше қорғаудағы нысан екені, оны сурет-видеоға түсіруге болмайтындығы және түсірген адамдарға жауапкершілік қарастырылғаны жайлы" ескерту де болды.

Акцияға келгендер талаптарын айтып жатқан кезде күзет бастығы іштен антеннасы көп жасыл түсті "белгісіз" бір аппаратты алып шықты. Одан кейін оқиғадан тікелей эфирде хабар таратқандар "интернеттің өшіп қалғанына" шағымданды. "Бұл интернетті өшіретін құрылғы ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына күзет өкілі "жоқ" деп жауап берді.

Оқиғаны Медеу аудандық қоғамдық даму басқармасының өкілі Рита Ерманова мен полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Кейінгі кезде Шыңжаңдағы туыстарын іздеген азаматтар Қытай консулдығы алдында жиі пикет өткізіп жүр. Олардың бірі туыстарының Қытайда "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын айтса, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG