Accessibility links

Қырғызстан кеден басшысының бұрынғы орынбасары Матраимов кінәсін мойындап, жазадан құтылды


Райымбек Матраимов (ортада) сот залында тұр. 11 ақпан 2021 жыл.
Райымбек Матраимов (ортада) сот залында тұр. 11 ақпан 2021 жыл.

Бішкек соты жемқорлық бабы бойынша айыпталған Қырғызстан кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовты кінәлі деп танып, 260 мың сом (шамамен 3 мың доллар) көлемінде айыппұл салды.

11 ақпанда Первомай аудандық соты Матраимов пен туыстарының мүлкін бұғаттау туралы шешімнің де күшін жойды.

Судья 30 күн ішінде сот қаулысына байланысты Бішкек қалалық сотына апелляциялық шағым түсіруге болатынын ескертті.

Матраимов пен адвокат сот үкімі оқылғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Сот отырысына қатысқан прокурор да үкімге түсініктеме бермеді.

Бұған дейінгі сот процесінде Райымбек Матраимов өзіне тағылған айыпты мойындаған. Ал мемлекеттік айыптаушы Матраимовтың мемлекетке келтірген шығынын өтегенін алға тартып, оған 260 мың сом көлемінде айыппұл салуды сұраған.

Райымбек Матраимовтың есімі Азаттықтың Қырғыз қызметі, "Клооп" және Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) жүргізген журналистік зерттеулер топтамасында аталған.

2020 жылы қазан айында Райымбек Матраимов кедендегі жемқорлық схемасын тергеу ісі аясында ұсталған. Сол күні сот оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Сол уақытта оның мемлекетке келтірген шығынын төлеуге әзір екені де хабарланған еді.

9 желтоқсанда АҚШ Райымбек Матраимовқа Магнитский актісі негізінде санкция салған. Оның әйелі Уулкан Тургуновқа да шектеу қойылған. Бұдан кейін олардың фамилияларын өзгерткені белгілі болды: Райымбек Матраимов фамилиясын – Исмаиловқа, әйелі Уулкан Тургунова – Сулаймановаға өзгерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG