18 ақпан күні Орал қаласының 80 жастағы тұрғыны Қалиолла Ғұмаров қала әкімдігі жанындағы орталық алаңға жалғыз адамдық пикетке шықты. Акция кезінде қолында "Свободу политзаключенным. Freedom for political prisoners" ("Саяси тұтқындарға бостандық" деген сөздің орысша және ағылшынша баламасы) деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Зейнеткер бұл акцияға немерелерінің болашағына алаңдағаннан шыққанын айтты.
– 20 немерем мен шөберем бар. Мен солардың болашағын ойлаймын. Сол үшін жалғыз адамдық пикетке шықтым. Қысқасын айтқанда, реформа керек. Әкімдіктегі тағайындауларды доғарып, оларды халық сайлауы керек. Ал қазіргісінен тазарту керек, – дейді Ғұмаров.
Алаңда тұрған зейнеткерге қала әкімдігі қызметкерлері келді. Олардың бірі Қалиолла Ғұмаровқа пикет алдын ала келісілмеген, сол себепті ол заңсыз деді де, одан акцияны тоқтатуды сұрады.
– Пікірімді білдіруге толық құқығым бар, бұл – жалғыз адамдық пикет. Қаласаңыздар, соттаңыздар, бірақ мен қазір кетпеймін, – деді Ғұмаров.
Әкімдік қызметкерлері оңаша кетіп, сырттан қарап тұрды. Көп ұзамай алаңға екі полицей келіп, олардың бірі зейнеткерді алыстан телефон камерасына түсіріп тұрды. Полицейлер акция орнына жоламады, бірақ аяғына дейін сол маңда тұрды.
Жалғыз адамдық пикет жарты сағатқа созылды. Одан кейін Қалиолла Ғұмаров плакатын орап, алаңнан кетіп қалды.
Қазақстан құқық қорғау ұйымдарының саяси тұтқындар тізімінде ондаған адам бар. Олардың арасында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев бар. Тізімге сондай-ақ Қазақстан соты экстремистік деп таныған, ал Еуроодақ құжаттарында "бейбіт оппозициялық" ұйым деп көрсетілген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының жақтастары мен жақтастарына теңелген адамдар да кірген. Олар "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген айыппен қудаланып отыр.
Билік елде саяси астармен қудалау мен саяси тұтқындардың барын жоққа шығарады.
11 ақпан күні Еуропа парламенті Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы жөнінде қарар қабылдап, ресми Нұр-Сұлтанды саяси астары бар істерді, "жосықсыз ұстап әкетудің, репрессиялаудың және қудалаудың барлық формасын" тоқтатуды сұрады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі қарар "тексерілмеген ақпаратқа негізделген, елдегі шынайы ахуалды бұрмалайды" деп жауап берді.
ПІКІРЛЕР