28 ақпан күні Ақтөбе қаласындағы орталық стадионның жанына 10 шақты адам келіп наразылық білдірді, оларды полиция ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттықтың өңірдегі меншікті тілшісі хабарлады.
Наразылыққа шыққандардың бесеуі саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, ағылшын тілінде "Бостандық", "Қудалау тоқтасын", "Қарар. Иә" дейтін жазуы бар плакат ұстап тұрды. Қалғанын полиция наразылық орнына жеткізбеді.
Полиция жиынға келгеннің бәрін автозактар мен СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына тиесілі автобустарға тиеп әкетті. СНПС-Ақтөбемұнайгаз – Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны. Әдетте наразылық кезінде полиция жергілікті автопарктің автобустарын пайдаланатын дейді Азаттық тілшісі.
Орталық стадион маңы қоршалмаған. Бірақ айналасында күштік құрылым қызметкерлері мен полиция көлігі көп. Ақтөбенің орталық стадионы Әбілқайыр хан даңғылының бойында, облыс әкімдігі ғимаратынан 300 метрдей жерде орналасқан.
Оқиға орнынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісіне полиция қызметкерлері мен азаматтық киім киген ер азаматтар кедергі жасап, журналист камерасын көлегейлеп тұрды. Азаттық тілшісі осыған дейінгі бейбіт жиындарда полиция мұндай әрекетке бармайтын дейді.
Қазақстанда екі оппозициялық топ 28 ақпан күні билікке қарсы наразылық акциясын өткізуге шақырған. Олардың бірі – "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру жөніндегі бастамашыл топ, бірі Қазақстанда заңсыз деп танылған, Еуропарламент "бейбіт ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы.
ПІКІРЛЕР