2 наурызда Нұр-Сұлтанда тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай мен партияның бірнеше мүшесі АҚШ және Еуроодақ дипломаттарымен кездесті.
Жанболат Мамайдың Азаттыққа айтуынша, кездесу туралы ұсынысты белсендінің өзі жасаған.
- Елде болып жатқан жағдайды өзіміз барып айтуды жөн көрдік. Еуропа парламенті депутаттары да Қазақстанда адам құқығының тапталып жатқанын, қылмыстық шешімдерді орындап жатқан адамдар санкция тізіміне іліну керек деп айтты. [Санкцияға ілінуі тиіс адамдардың аты-жөнін] біз де атадық. Тікелей өз көзімізбен көрген Алматы қаласы полициясының бастығы, Алматы қаласы әкімінің орынбасарын атадық, - дейді ол.
Жанболат Мамай бұдан өзге Жаңаөзен және Қазақстанның өзге қалаларындағы 28 ақпан күнгі қудалаулар мен өздеріне қолданылған "кеттлинг" әдісі туралы айтқан.
Белсенді Еуропарламент қарарынан соң "санкцияға ілінуі тиіс" деп санайтын адамдардың екі түрлі тізімін құрастырумен айналысып жатқанын жеткізген. Мамайдың сөзінше, бірінші тізімге "заңсыз шешімдерді жүзеге асырып жатқан ҰҚК, полиция басшылары, соттар, тергеушілер кіреді, ал екінші тізімге сол заңсыз шешімдерді жүзеге асыруға бұйрық берген Тоқаев, Назарбаев және басқа да шенді лауазымдылар кіреді".
Бұл кездесу жайлы Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі Twitter-дегі парақшасында қысқа хабарлама жариялады. "Еуроодақ Қазақстанның реформа мен модернизацияға ұмтылысын қолдайды" деп жазды.
28 ақпанда елде түрлі оппозициялық топтар митингісі өтеді деген күні полиция Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бейбіт жиынға келгендерді "кеттлинг" әдісімен қоршауға алып, шамамен 3-11 сағат аралығында ұстаған. Жергілікті құқық қорғаушылар белсенділерді ас-сусыз, дәретханаға жібермей, аязда ұстауды "азаптау" десе, халықаралық құқық қорғаушылар ұйымы мұны "репрессиялық әдіс" деп сынаған.
1 наурызда Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова "кеттлингті" "қауіпсіздік шарасы" деп атаған.
Еуропарламент 11 ақпанда Қазақстандағы адам құқығы туралы қарар қабылдаған. Онда Қазақстандағы адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны, сайлаулардың әділ өтпейтіні, азаматтық қоғам аясының тарылғаны айтылады. Қарар адам құқығының бұзылуына жауапты Қазақстан шенеуніктері мен мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады.
ЕО мен АҚШ дипломаттары осыған дейін жақында түрмеден шыққан белсенді Макс Боқаевпен де кездескен еді.
ПІКІРЛЕР