Accessibility links

Мьянма полициясы демонстранттарға тағы оқ атты, қаза тапқандар бар


Янгондағы наразылық шеруі кезінде демонстраттар қоқыс жәшіктерінен жасалған кедергінің ар жағында тұр. Мьянма, 28 ақпан, 2021 жыл.
Янгондағы наразылық шеруі кезінде демонстраттар қоқыс жәшіктерінен жасалған кедергінің ар жағында тұр. Мьянма, 28 ақпан, 2021 жыл.

Әскери хунта көтерілісшілерді аяусыз басып тастап жатқанына қарамастан, 5 наурызда Мьянманың түкпір-түкпірінде билікке наразы жұрт тағы көшеге шықты.

Елдің екінші ірі қаласы – Мандалайда жүздеген адам наразылық білдіріп, заңды сайланған үкіметті орнына қайтарып, биліктен кетірілген лидер Аун Сан Су Чжиді қамаудан босатуды талап етті. Полиция демонстранттарды қуып тарату үшін оқ атты. Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде бір адам тамағына оқ тиіп, қаза тапқан.

Елдің ең ірі қаласы – Янгонда полиция наразыларды тарату үшін резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданды.

Ел астанасы Нейпьидода, Янгонда және басқа жерлерде электр жарығы сөніп қалды.

3 наурыз Мьянмадағы әскер төңкерістен бергі ең қанды күн болып саналады. Сол күні әскери хунтаға бағынатын полиция Янгон, Мандалай, Мьинджан сияқты бірнеше қалада демонстранттарға оқ атып, 38 адам қаза тапқан.

Осы күнге дейін елдегі демонстрациялардан жалпы саны 50 адам опат болып, 1700-ге жуығы қамалған.

Мьянмада 1 ақпанда төңкеріс болып, билікті әскери адамдар басып алды, заңды сайланған үкімет өкілдері тұтқындалды. Қамалғандар арасында қараша айындағы парламент сайлауында жеңіске жеткен Демократияшылардың ұлттық лигасының жетекшісі Аун Сан Су Чжи де бар. Әскерилер оның партиясы сайлау нәтижесін бұрмалады деп санайды. Олар сайлау комиссиясын таратып, бір жылдан соң жаңа сайлау өткізбекші.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 5 наурызда Мьянмадағы дағдарыстың ушығуына байланысты жиын өткізді. БҰҰ-ның Мьянма бойынша арнайы өкілі Кристин Шранер Бургенер әскери хунтаға легитимдік беруге асықпауға шақырды.

"Дәл қазір Мьянма бойынша ауызбірлік өте қажет. Репрессия тоқтауы тиіс" деді Бургенер жабық есік жағдайында өткен жиында сөйлеген сөзінде. Ол күніне Мьянмадағы жағдайға халықаралық қауымдастықтың араласуын талап еткен 2 мыңдай хабарлама алатынын айтты.

"Аналардың, студенттер мен қарттардың жалбарынған даусын күн сайын естіп келемін, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымынан үміті үзіліп барады" деді ол.

Бірақ Бургенер Мьянмаға халықаралық санкция салуға шақырған жоқ.

Халықаралық қауымдастық төңкерісті заңсыз деп сынап, әскери хунта жетекшілеріне санкция салып жатыр. 4 наурызда АҚШ Мьянмаға әскери құралдарды экспорттауға шектеу қойды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG