Accessibility links

ДДСҰ сарапшылары коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасының қауіпсіздігін талқылайды


AstraZeneca вакцинасы. Көрнекі сурет.
AstraZeneca вакцинасы. Көрнекі сурет.

16 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцина қауіпсіздігі жөніндегі сарапшылары коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасын пайдалану мәселесін талқылайды. Бұған дейін көптеген елдер аталған вакцинаны пайдалануды тоқтатып, "препарат қан айналымын нашарлатып, тромбылардың түзілуіне ықпал етеді" деген хабарламаға алаңдаған.

ДДСҰ британ-швед ғалымдары мен Оксфорд университетінің бірлесіп әзірлеген препаратын қолдануды тоқтатпауға шақырды. Осыған дейін Еуроодақтың бірнеше мемлекеті вакцинаны егуді доғарған.

ДДСҰ тромбылардың түзілуіне вакцинаның қатысы дәлелденбегенін алға тартады. Ұйым вакцинаны пайдалана беру керек деп санайды.

Еуроодақтың ірі үш мемлекеті – Франция, Германия мен Италия 15 наурызда вакцинаны қолдануды тоқтатқан. Кейінірек оларға Португалия, Испания, Латвия мен Словения қосылды.

14 наурызда Нидерланды, Ирландия, Дания, Норвегия, Болгария және Таиланд оны пайдалануды тоқтатқан.

"Пациентке әсері бар" деп мәлімдеп, бірақ нақты қандай әсері барын айтпаған Венесуэла вакцинаны мақұлдамайтынын айтқан. Индонезия өзге вакциналармен салыстырғанда құны арзанырақ тұратын дәріні пайдалануды кейінге шегерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG