Accessibility links

Қазақстанда коронавируспен тағы мыңнан аса науқас тіркелді. Жартысы Алматы мен Нұр-Сұлтанда


Коронавирус науқасын алып кетіп бара жатқан медқызметкерлер. Көрнекі сурет.
Коронавирус науқасын алып кетіп бара жатқан медқызметкерлер. Көрнекі сурет.

Қазақстанда 20 наурыз күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 1171 науқас тіркелді. Бұл туралы 21 наурызда Коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында хабарланды. Алдыңғы күндердегідей, науқастардың жартысы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан анықталған.

Алматыда тәулік ішінде 353 науқас анықталған. Қалада бір күн бұрын 437 науқас тіркеліп, коронавирус індеті басталғалы рекорд орнаған. Кеше, 20 наурыз күні Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин баспасөз мәслихатын өткізіп, тәулік ішінде тіркелетін науқас саны 500-ден асса, қалада толық локдаун енгізіледі деген. Оның сөзінше, коронавирустың күрт өршуі жаңа штамның тарауымен байланысты болуы мүмкін. Әзірге Оңтүстік Африка штамының анықталу ықтималдығы жоғары деді ол.

Нұр-Сұлтан қаласында 237 науқас тіркелді. Астанада вирус жұқтырғандар саны 17 наурызда 307 науқаспен шарықтау шегіне жетіп, содан бері біртіндеп төмендей бастаған. 18 және 19 наурыз күндері 285 және 280 науқас анықталған.

Ал Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларымен бірге коронавирустың тарауы жөнінде "қызыл аймақта" тұрған Батыс Қазақстан облысында коронавируспен бір күнде 87 адам тіркелген. Облыста Алматы мен Нұр-Сұлтандағыдай науқас саны жүздеп анықталмаған. Бірақ алдыңғы күндердегіден жоғары. Аймақта 19 наурыз күні 80, 18 наурыз күні 81 науқас тіркелген.

Қалған аймақтарда күнделік тіркелетін науқастар саны салыстырмалы түрде тұрақты әрі төмен. Осымен коронавирус жұқтырғаны расталғандар саны 231 698 адамға жетіп отыр. Оның 211 127-сі жазылып шыққан, 2917-сі қайтыс болған. Коронавирустан қайтыс болғандар жөніндегі ұлттық статистикаға Covid жұқтырғаны расталған жүздеген адамның өлімі қосылмаған. 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін "коронавирус ілеспе диагноз болды" деген өлім саны 938 болған.

Қазақстанда 1 тамыздан бастап коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын вирустық пневмония есебі де жүргізіліп келеді. 18 наурызға дейін пневмонияның бұл түрімен барлығы 50 100 науқас тіркелген, оның 661-ы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG