Accessibility links

Коронавирус дерегі: Қазақстанда бір күнде 19 өлім тіркелді


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 29 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 29 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанда 19 наурыз күні коронавирус науқастары арасында 19 өлім тіркелді. Бұл туралы 21 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қайтыс болғандардың 18-і – вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқас. Бұл – жаз айларынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Былтыр маусым-шілде айларында Қазақстанда коронавирустың тарауы өршіп кетті. Шілде айында апта сайын жүзден астам өлім тіркеліп жүрді. Ол кезде Денсаулық сақтау министрлігі өлім саны тек аптасына бір жариялайтын. Коронавирустан қайтыс болғандардың күнделік дерегі тамыз айынан бастап қана жарияланатын болды. Айдың алғашқы күндері күн сайын отыздан астам өлім тіркелді. Бұл көрсеткіш бірте-бірте төмендеп қыркүйекке қарай бір таңбалы санға дейін жетті. Қаңтар айына қарай өлім саны қайта артып, бірнеше күн 15 өлімнен тіркелді.

Ресми статистикада вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында барлығы 2917 адам қайтыс болған деп көрсетілген. Бірақ бұл статистикаға "коронавирус ілеспе диагноз" болды деген жүздеген өлім кірмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, 2020 жылы мұндай өлім саны 938 болған.

Қазақстанда барлығы 231 698 адамның Covid жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған. Оның 211 127-сі жазылып шыққан, 17 654-і емделіп жатыр.

Өлімі 19 наурыз күні тіркелген адамдардың бірі коронавирус пневмониясына шалдыққан. Қазақстанда вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын вирустық пневмония есебі 2020 жылғы 1 тамыздан бастап жүргізіліп келеді. Оған дейінгі науқастар мен өлім саны статистикада көрсетілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылы 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында елде пневмониямен 256 541 адамның (35 мыңы маусымда, 152 мыңдайы шілдеде) тіркелгенін, осы уақыт аралығында 4042 адамның қайтыс болғанын хабарлаған. Алдыңғы жылы осы мерзімде 76 986 науқас, 2333 өлім тіркелген.

Ресми статистика бойынша, 2020 жылғы 1 тамыздан 2021 жылғы 19 наурызға дейін коронавирус пневмониясымен 50 100 науқас, 661 өлім тіркелген. Коронавирус пневмониясымен тіркелген науқастардың 46 181-і жазылған, 3258-і емделіп жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде коронавируспен барлығы 122,7 миллион науқас, 2,7 миллион өлім тіркелген. Коронавирус науқастарының ресми саны жөнінен алғашқы бестікте: АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей және Ұлыбритания тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG