Accessibility links

ЕО Шыңжаңдағы қысымға байланысты Қытайға санкция салды


Шыңжаң аймағы. 2017 жылы түсірілген сурет.
Шыңжаң аймағы. 2017 жылы түсірілген сурет.

Еуропа одағы елдерінің сыртқы істер министрлері 22 наурызда Брюссельде кездесу өткізіп, Қытайға Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасағаны үшін санкция салды.

Одаққа мүше 27 елдің қара тізіміне Қытайдың төрт шенеунігі және мемлекеттік бір мекеме енген. Дипломаттар санкция салынғандардың тізімін кейінірек жарияламақ.

ЕО Қытайға отыз жылда алғаш рет адам құқықтарын бұзғаны үшін санкция салып отыр. Еуропа 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы көтерілістен кейін Қытайдың әскери тауарларына санкция салған.

Бұл блок Қытайдан бөлек Ресей, Эритрея, Солтүстік Корея, Оңтүстік Судан және Ливиядағы шенеуніктерге де адам құқығын бұзғаны үшін санкция салуды мақұлдады.

Қара тізімге енгендер Еуропа одағына кіре алмайды және активтері бұғатталады.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қамау орындарының ұлғайғаны, Қытайда негізсіз айыптармен сотталғандардың көбейгені жайлы зерттеулер жиі жарияланып тұрады.

Құқық қорғаушылар мен тұтқында болғандар "лагерьлердегі азаптаулар" мен өзге де адам құқығын өрескел бұзу фактілер туралы талай куәлік берген.

АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар" қытай шенеуніктері мен компанияларына санкция салған. Ал "терроризммен күрес" әдісінің нәтижесінде Шыңжаңда "тыныштық орнап, аймақтың тұрақты дамып келе жатқанын" алға тартқан Пекин Вашингтонды "елдің ішкі ісіне араласпауға шақырған".

Қытай сыртқы істер министрлігі Пекин Шыңжаңдағы әрекетіне қатысты салынған санкцияларға "қатаң түрде жауап беретінін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG