Accessibility links

Денсаулық басқармасы: Нұр-Сұлтанда жаздағы коронавирус ахуалы қайталанып жатыр


Коронавирус жұққан науқасқа дәрі егіп жатқан медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққан науқасқа дәрі егіп жатқан медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтанда былтыр жаздағы коронавирус ахуалына ұқсас жағдай қалыптасты. Бұл туралы 26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Мұратов хабарлады.

"Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Астана "қызыл аймақта" тұр. 14 наурыздан бері ауру өсімі 24 пайызға жетті. Егер ақпан айында күніне орташа есеппен 100 адамнан коронавирус анықталған болса, 25 наурызға таман күніне орташа есеппен 230 науқас тіркеліп жатыр. Індеттің өршіген кезімен салыстырсақ, қазір былтыр жаздағы ахуалға ұқсас жағдай қалыптасты" деді Мұратов баспасөз жиыны кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 25 күн ішінде қалада 3 754 адамнан коронавирус анықталған. Бұл былтыр шілденің басындағы көрсеткішке ұқсас.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір астанада коронавирус жұққандарды емдейтін 11 стационар жұмыс істеп жатыр. Оның біреуі – карантиндік стационар қонақ үйде орналасқан. Қазір стационарларда 480 науқас емделіп жатыр. Ауруханалар 64 пайызға толған. Үш мекемеден қосымша 300 орын ашу жағы қарастырылып жатыр. Науқастарды емдеуге 3700-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылған.

Былтыр шілде айында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар күрт артып, ауруханаларда науқастарды жатқызатын орын қалмаған. Жұрт дәріханалардан дене қызуын басатын дәрі-дәрмек таппай, қиналған. Сарапшылар денсаулық сақтау саласындағы келеңсіздіктерді, биліктің қауқарсыздығын, жемқорлықты айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG