Accessibility links

Тихонов vs Қазақстан билігі. БҰҰ-да жеңіске жеткен журналист


Журналист Дмитрий Тихонов
2019 жылы маусымда президент сайлауы күні наразылық болған алаңда тұр.
Журналист Дмитрий Тихонов 2019 жылы маусымда президент сайлауы күні наразылық болған алаңда тұр.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті тағы бір қазақстандықты қолдайтын шешім шығарды. Ұйым Қазақстан 2014 жылы бейбіт митингіде ұсталған журналист Дмитрий Тихоновтың құқығын бұзған деп таныды.

Наразылық акциясынан хабар таратып жүрген журналисті автозакқа салып, тергеуге апару — баспасөз құқығын қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Бүкіләлемдік сөз бостандығы индексінде" 180 елдің ішінде 157-орында тұрған Қазақстан үшін таңғаларлық жайт емес. Әдетте мұндай жағдайда полицияның әрекетіне қарсы шағым түсіру нәтиже бермейді: мемлекеттік органдар заң бұзушылық фактісі болғанын жоққа шығарады.

Бейбіт митингілерде бірнеше рет ұсталған қазақстандық журналист Дмитрий Тихонов ел ішіндегі барлық сот инстанциясынан әділдікке жете алмай, БҰҰ-ға жүгінген. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті мемлекет Тихоновтың еркін пікір білдіру, ақпарат іздеу, алу және тарату, бейбіт жиынға қатысу құқығын бұзған деп таныды.

Дмитрий Тихонов 2014 жылғы теңге девальвациясынан кейін өткен митингіде ұсталып, БҰҰ-ға шағым берген. Ол кезде полиция Алматының орталығына жиналған жүздеген қатысушыны күшпен таратқан (Қазақстанда биліктің рұқсатынсыз өткен наразылық акциялары – заңсыз шара, ал оған қатысу құқық бұзушылық саналады). Полиция автозакқа салып, бөлімшеге жеткізген азаматтар қатарында сол кездегі "Гражданская оборона" басылымының тілшісі Тихонов та болған (қазір ол Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның қызметкері). Сот журналисті әкімшілік жауапкершілікке тартып, 3 АЕК көлемінде (5,5 мың теңге не сол кездегі валюта бағамы бойынша 30 доллар) айыппұл салған.

Тихонов сот үкіміне қарсы шағым беріп, нәтиже шығара алмаған. Осыдан кейін ол алматылық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның қолдауымен БҰҰ-ға өтініш берген. Араға жеті жыл салып, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Тихоновтың құқығы бұзылғанын растап, Қазақстанға ол төлеген айыппұлды қайтарып, өтемақы беруді ұсынған.

Халықаралық құрылымға арыз беріп, одан жауап алғанға дейін Дмитрий Тихонов митингілерде жүріп, бірнеше рет ұсталған. Кейінгі жылдары полицияның наразылық акциясындағы тактикасы қалай өзгерді? Неге митингіде жүрген журналистердің жұмысына кедергі келтіреді? Бұл кедергілер қандай сипатқа ие? Осыған дейін БҰҰ-ның отыз қазақстандықтың пайдасына шығарған шешімі елеусіз қалғанын ескерсек, осы жолы мемлекет халықаралық ұйым талабын орындауы мүмкін бе? Азаттық осы және өзге де тақырыптар төңірегінде Дмитрий Тихоновпен сөйлесті.

Азаттық: Дмитрий, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті шығарған шешімге көңіліңіз толды ма?

Дмитрий Тихонов: Көңілім толды. Адал атымды қайтардым. Бірақ мемлекеттің мұндай шешімдерге кеңес ретінде қарайтынын түсіну керек. Халықаралық ұйым комитетінің шешімінде мемлекет азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, айыппұлын қайтарып, өтемақы төлеуі керек деп жазылғанымен, Қазақстан бұл талаптарды жүзеге асыру міндеттемесін орындамайды

ЖЕТІ ЖЫЛ КҮТУ

Азаттық: Шешімнің жүзеге асу ықтималдылығын қалай бағалайсыз?

Дмитрий Тихонов: Маған дейін Бақытжан Төреғожина жеңген. Ол сотқа жүгініп, өтемақы алғысы келген. Бірақ мемлекет халықаралық міндеттемелерін орындауға асығар емес. Керісінше, өз міндеттемелерін мүлде орындамауға тырысып отыр.

Мемлекет нашар ойында жақсы кейіп танытып, "қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз" деп айтады. Ол айналада болып жатқан оқиғаларды басқаша көреді, халықаралық қауымдастыққа өз "шындығын" әдемі етіп жеткізуге тырысады. БҰҰ Қазақстан бойынша 30 шақты шешім шығарылғанын ескерсек, [елде] адам құқықтары жүйелі түрде бұзылады деп есептеуге болады. Халықаралық ұйым шешімінің жүзеге асқанын растайтын бірде-бір мысал білмеймін.

Бұл туралы БҰҰ-ның, халықаралық ұйымдардың резолюциясы бар. Резолюциялардың жылдан-жылға қатаңдап келе жатқанын, бірақ мұның Қазақстанға әсері жоғын ескерсек, мемлекет азаматтық саяси құқықтарға қатысты шешімдерді орындамайды деп айтуға болады.

Азаттық: Өтемақы талап етесіз бе?

Дмитрий Тихонов: Адам салық комитетіне 100 теңге қарыз болса, соңынан қалмай қояды. Сондықтан мемлекетті кішкене мазақтап, бес мың теңге айыппұлдың үшін "жауап ретінде" біраз әуреге салғым келеді.

Өтемақыға келсек... Мемлекет өз қалтасынан емес, салық берушілерден — біз сияқты мемлекеттен жапа шегіп жүрген азаматтардан түскен табыстан төлейді. Сондықтан моральдық өтемақы талап етудің мәні жоқ деп есептеймін.

Азаттық: БҰҰ-ға өтініш беріп, оның шешімін күту жеті жылға созылды...

Дмитрий Тихонов: Бұл – қалыпты процесс. 2014 жылдан бері Еуропа елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдай нашарлап, комитетке көп өтініш түскен. Жеті жыл деген жаман емес.

ЖУРНАЛИСТЕР ҚЫЗМЕТІНЕ КЕДЕРГІ ЖАСАУ

Азаттық: БҰҰ құқықтарыңызды бұзды деп тапқан оқиғаға оралсақ. Теңге девальвациясынан кейін болған митингіде қалай ұсталдыңыз?

Дмитрий Тихонов: Ол күні Абай ескерткішінің алдындағы алаңға жүзге жуық адам жиналып, шағын митингіден кейін алаңға қарай барған. Сол жерде азаматтарды ұстай бастаған.

Полиция наразыларды қуып таратты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Мен митингіге қатысушы болып емес, журналист ретінде бардым. Жұмыстан алған анықтамам да бар еді. Полиция түрімді жаттап алды. Алаңда ұсталдым, маска киген, үстінде ерекше белгілері жоқ адамдар келіп, тұншықтыру әдісін қолданып, автозакқа салды. Бостандық ауданындағы полиция департаментіне жеткізді. Тергеу болды, мен журналист екенімді айтып, барлық құжатымды көрсеттім. Олар бейнежазбаларды қарап, менің ұран айтып жүргенімді растайтын видео таба алмай, босатып жіберді.

Хабар таратуды жалғастыру үшін Марков көшесіндегі әкімшілік сотқа бардым. Ол жақта бейбіт митингіге қатысқан азаматтардың соты өтіп жатыр екен. Әкімшілік сотқа жеткенімде, маған полиция хабарласып, қайда жүргенімді сұрады. "Жақсы, сол жерде тұр" деді. Келіп, тағы да ұстап алып кетті. Бір күнде екінші рет полиция бөлімшесіне жеткізді. Басшылықтан ұрыс естігендері көрініп тұрды. Басшылардың бірі "Тихонов неге кетіп қалған?" деп айқайлады. "Мені басшылар отырған бөлмеге кіргізіп, Тихоновты әкелдік" деді. Олар ауыр күрсінді. Мен бұрын наразылық акцияларына көп қатысып, митингілердің ұйымдастырушысы болғанмын. Осы тәжірибем әсер еткен шығар.

Мені бөлімшеге екінші рет әкелген кезде оларға акцияны бастан-аяқ түсірген видеомды ұсындым. Митинг кезінде қатысушылардан алшақ жүрдім. Бірақ олар видеоны көруден бас тартты.

Мені сотқа апарды. Айыппұл салды. Төледім. Осыдан кейін қалалық сотқа апелляция бердік. Апелляциялық сот отырысында судья "Өзіңізге тағылған айыппен келіспесеңіз, айыппұл төлемеуіңіз керек еді. Айыппұл төлегеніңіз кінәңізді мойындағаныңызды білдіреді" деді. Бірінші инстанциядағы сот үкімі өзгеріссіз қалды, прокурор да осы шешімді қолдады.

Журналист Тихонов апелляциялық сотта тұр. 2014 жыл.
Журналист Тихонов апелляциялық сотта тұр. 2014 жыл.

Бақытжан Төреғожина екеуіміз БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне өтініш береміз деп шештік. Ол үшін Қазақстандағы барлық сот инстанцияларынан өту керек. Прокуратурадан бақылаушы орган ретінде апелляциялық коллегия шешіміне қарсылық білдіруді сұрадық. Прокурор сот үкімінің заңды екенін айтып, "Жоғарғы сотқа жүгінуге құқығыңыз жоқ" деді. Осыдан кейін комитеттен көмек сұрадым.

Азаттық: Сізді басқа да наразылық шараларында ұстады ғой?

Дмитрий Тихонов: Билік рұқсат бермеген митингілерде ондай жайттар жиі болды. Қателеспесем, 2018 жылы [биліктегі] “Нұр Отан” партиясының съезі өтіп жатқан кезде ғимараты жанында ұстады. 2019 жылы президент сайлауына қарсы өткен үш күндік наразылық кезінде де ұстап әкетті. Бір күнде мені екі рет ұстады, бір рет наразылармен бірге полиция бөлімшесіне жіберді. Мені не үшін ұстағандарын сұрап, ашуландым. Полиция “сізді ұстаған жоқпыз” деді. Сол кезде “онда біз боспыз ба?” деп сұрадым. Олар “иә” деп жауап берді. Одан соң жиналғандарға “онда қайтадан бұрынғы орнымызға барайық” дедім. Полициядан шығып, алаңға жақындап қалғанда екі автозак келіп, бәрімізді ұстады. Мен бес сағаттай отырдым. Біз Қазақстанның ішінде арыздануға тырыстық. Прокуратураға қайырылдық. Бірақ ол мені ұстамағандарын, бөлімшеге сұрақ алу үшін апарғанын айтып отырып алды. Мен бөлімшеде сұрақтарға жауап берген екенмін, олар мені ұстамаған екен. Бірақ мен ол жерде бес сағат отырдым! Менің еркін жүріп-тұрып құқығынан айырды, демек бұл ұстау болып есептеледі. Келесі күні мені тағы да ұстады. Бірінші рет ұсталғанда әріптестерім мені журналист деп айтып, араша түсті. Содан соң жіберді. Кейін арандату басталды. Провокаторлар маған тап берді, полиция арандатушыны емес мені ұстап әкетті. Мен полицияда төрт сағаттай отырдым. Кешірім сұрап, үйіме жіберді.

Белгісіз біреу 2019 жылы маусымдағы президент сайлауы күні журналист Дмитрий Тихоновқа шабуылдап жатыр. Тихоновтың айтуынша, полиция сол күні шабуылдаған адамды емес, оны ұстаған.
Белгісіз біреу 2019 жылы маусымдағы президент сайлауы күні журналист Дмитрий Тихоновқа шабуылдап жатыр. Тихоновтың айтуынша, полиция сол күні шабуылдаған адамды емес, оны ұстаған.

"КӨЗБОЯУ ӨЗГЕРІСТЕР" МЕН "БАЙЫРҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР"

Азаттық: Жаңадан қабылданған "Бейбіт митинг туралы" заң күшіне енген соң полицияның тактикасы өзгерді ме?

Дмитрий Тихонов: Былай қарасаң жағдай өзгергендей болды. Басқа президент келді, басқа бейбіт митинг туралы заң бар. Амалсыздан кейбір топтарға бейбіт жиын өткізуге рұқсат береді. Бұрын ондайды елестету қиын еді. Рұқсат етілмеген шерулер өтіп, оның арты ұстаулар мен полициямен қақтығысқа ұласатын. Жылымық бар. Ал наразылыққа шыққандарға деген көзқарасты қарайтын болса, олардың көбі қатаң бақылауда болады. Бұрын бізде саяси тұтқындар аз болса, қазір олардың саны жүзден асып кетті.

Бір жағынан журналистерге бейбіт митингіден хабар тарату қауіптірек бола түсті. Полиция тыныш болғанымен арандатушылар кедергі келтіреді. Бұл жағынан жағдай қиындады. Журналистерге шабуылдайды. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюродағы пресс-конференция алдында әкімдікпен қатысы бар бір топ әйел әріптестерімізге шабуылдағаны есімізде.

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

Видеокамерадағы жазбадан олардың дүрсе қоя бергенін, телефондарды тартып алмақ болғанын көрдік. Кейбір әріптестерімізді телефонын тартып та алды.

Біз полицияны шақырдық, көп полицей келді. Шабуылдаған бір топ әйелдің ішінен бір әйелді алып кетті. Ол әйелді де біз ұстадық. Осы оқиғадан соң полицияға "әйелдер бұзақылық жасады" деп шағымдандық. Полиция іс қозғады, бір рет бізді сұрақтарға жауап беруге шақырды. Кейін тергеу тоқтады. "Қылмыс құрамы жоқ", "шабуылдағандарды анықтау қиын" деп бірнеше рет іс жабылды. Бірақ журналистер мен желі қолданушылары шабуылдағандардың көбін анықтап, аты-жөнін, жұмыс орнын жариялады. Ал біздің айбынды органдарымыз мұны істей алмады, істі жауып тастады. Біз адвокат жалдап, сотқа қайта қайырылдық. Істі қайта бастаған, бірақ түбі жауып тынды. Бұл әуре-сараң әлі жалғасып жатыр. Іс қай деңгейде екенін білмейміз де.

Әкімнің айтқанына бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

Азаттық: Журналистер наразылықтан хабар таратқанда қандай кедергілерге тап болады? Кедергілер шектен шығып бара жатқан жоқ па?

Дмитрий Тихонов: Бұрын журналистер полицияның қоршауында қалса шыға алмайтын еді. Қазір журналистер кеттлингте (полицейлер кейінгі бірнеше митингіде наразыларды құрсауға алған) қалса, кедергісіз шыға алады. Яғни, аздап оңайлады. Бірақ, екінші жағынан бұрын “титушкалар” агрессия танытпайтын еді, қазір ондай көп.

Ақпаратты таратпау үшін ұялы байланысты өшіреді. Бұл да журналистің жұмысына кедергі келтіру ғой. Қазір митинг өтіп жатқан жерде байланыс болмай қалады. Жеке адамдардың да байланысын өшіргенін білеміз. Кейбір әріптестерімнің митинг өтетін күні ұялы байланысы мен интернеті ұстамай қалды. Митинг аяқталған соң бірнеше сағат өткенде ғана байланыс орнады. Митинг өткен аймақтан кеткен соң да байланыс ұстамай тұрды. Келесі күні операторға сұрап, не болғанын сұраған кездерде болды. Олар “ой” деп телефонды қоя салды. Содан соң байланыс бірден қалпына келді.

Азаттық: Сөз соңында БҰҰ комитетінің сіздің ісіңіз бойынша шешімге оралсақ, бұл шешім сіз үшін нені білдіреді?

Дмитрий Тихонов: Бұл – Қазақстанда ештеңе өзгермей жатқанын дәлелдейтін факт. Көзбояу өзгерістер бар, бірақ негізгі мәселелер қалып отыр, тіпті артып келеді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG