Accessibility links

Қылмыстық іс бар, айыпталушы жоқ. Тілшілерге шабуыл жасағандар әлі жазаланбады


Адам құқықтары жөніндегі бюро кеңсесінде журналистерге шабуыл жасаған белгісіз әйелдер. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Алматыда баспасөз мәслихатынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілеріне бір топ әйелдің шабуыл жасағанына 22 шілдеде бір жыл толды. Оқиға бойынша іс қозғалған, бірақ айыпталушы жоқ, тергеу әлі жүріп жатыр. Адвокат бір жылда небір даулы істердің үкімі шығып жатқанда, мұның ұзаққа созылғаны түсініксіз дейді.

БІР ЖЫЛДА БІТПЕГЕН ТЕРГЕУ

Тура бір жыл бұрын, 2019 жылы 22 шілдеде, Азаттық тілшілері әдеттегідей оқиғадан хабар тарату үшін Алматыдағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросында өтеді деп жоспарланған құқығы тапталғандар туралы баспасөз мәслихатына барған. Алайда ғимараттың төртінші қабатындағы кеңсеге кіреберісте бір топ әйел журналистерге тарпа бас салды. Бюро кеңсесіне басып кірген ашулы әйелдер "Түсірме!" деп айқайлап, тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсады, оператор Тоқмолда Құсайыновты ұрып, кәсіби видеокамераны сындырды.

Тілшілерге шабуыл қалай жасалды? (Алматы, 22 шілде 2019 ж.)

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

Бұл оқиғадан Азаттық тілшілерінен бөлек, Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының қызметкерлері Дмитрий Тихонов, Сергей Дуванов пен Андрей Гришин, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің тілшісі Далер Мурзагалиев пен оператор Еркебұлан Кенжеғұловтар да зардап шекті. Оқиға орнына полиция келіп, журналистер арыз жазды. Болған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзiнше билiк ету" деген 389-бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталған.

Алайда журналистер мен адвокаттар істі "Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау" (158-бап) және "Тонау" (191-бап) баптарымен қозғау керегін айтып, бірнеше мәрте шағым түсірген. Ақыры іс "Тонау" бабына ауыстырылған, ал "Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау" бабына қатысты шағым қанағаттандырылмай қалған.

– Карантин кезінде барлық тергеу әрекеті тоқтатылған. Одан кейін менің қорғауымдағы Сергей Дуванов, Андрей Гришин және Дмитрий Тихонов шабуыл жасады деген адамдармен беттестірілуі тиіс еді. Бірақ карантин аяқталды, ал тергеу тым-тырыс. Сондықтан 29 маусымда істі ұзаққа созып жіберген тергеуші мен тиісті бақылау жүргізбей отырған Алматының Әуезов аудандық полициясы тергеу бөлімнің басшылығына шара қолдануды сұрап, Әуезов аудандық прокуратурасына шағым түсірдім. Заң бойынша жеті күнде келуі тиіс жауап әлі жоқ, – дейді адвокат Инара Масанова.

"БҰЛ – САЯСИ ІС"

Істе әзірге не күдікті, не айыпталушы жоқ. Ал Азаттық былтыр 22 шілдеде жасалған шабуылға қатысқандардың кейбірін анықтаған. Мәселен, оператор Тоқмолда Құсайыновқа қол жұмсаған әйелдердің бірі екі түрлі шарада Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі басшылығының жанынан көрінген.

Әкімнің айтқанына бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

Осыдан кейін ақпарат көздері берген деректен ол әйелдің аудан әкімдігі ғимаратында ашылған "тігін цехына" жұмысқа тұрғаны белгілі болды.

"Әкімдікте ашылған цехте" Азаттыққа шабуылдаған әйел істейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Алайда ол кісінің өзі жергілікті билікке қатысы барын жоққа шығарады.

– Азаттықта шыққан осы ақпарат пен видеоны іс материалдарына қосуды, ондағы адамдарды анықтап, олармен бетпе-бет кездесу өткізуді сұрадым. Олардан жауап алынды ма, жоқ па, білмеймін, бірақ бетпе-бет кездесу жасамақ болғанына қарағанда, олардан жауап алынып, куәліктерінде қарама-қайшылық болған шығар деп болжап отырмын, – дейді адвокат Масанова.

Қорғаушы бұл істің осыншама ұзақ жүретіндей аса бір ауыр қылмыс санатына жатпайтынын айтады. Іс тергеліп жатқан бір жылда бұдан өзге жүздеген күрделі іс сотқа жетіп, үкімдері де шығып үлгерген. "Айғақтары бола тұра, істің әлі күнге дейін сотқа жетпеуі түсініксіз" дейді Инара Масанова.

Азаттық тілшілерінің мүддесін қорғаушы адвокат, Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (президент сайлауынан кейін болған жаппай наразылықтан соң құрылған консультативтік орган) мүшесі, заңгер Айман Омарова бұл істің саяси астары бар, сондықтан айыптыларды тауып, заң алдында жауапқа тарту ешкімге қажет емес деген пікірде.

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

– Мұның артында билік, оның ішінде нақты шенеуніктер тұр. Яғни, бүкіл жүйе [тілшілерге] қарсы шығып отыр, – дейді Азаттық тілшілерінің мүддесін қорғап жүрген адвокат Омарова.

Алайда Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл істің саяси астары барын жоққа шығарады. Ол журналистерге байланысты қылмыстық істің әлі өндірісте екенін растағанымен, тергеудің неліктен созылып жатқанын ашып айтпады.

– Іс Қазақстанның Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген барлық нормаларды сақтай отырып, әлі тергеліп жатыр. Әлі өндірісте, ол жабылған да, аяқталған да жоқ. Кінәлі азаматтар анықталып, заң алдында міндетті түрде жауап береді. Тергеу барысында қандай да бір іс-әрекет я мерзімге қатысты қателік болса, аудандық прокуратура қызметкерлері мұны тасада қалдырмас еді. Ондай қателіктер жоқ, іс әлі де өндірісте, – деді Салтанат Әзірбек.

ҚОЛШАТЫРМЕН КАМЕРА ЖАПҚАНДАР ДА ЖАЗАЛАНБАДЫ

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің видеоконтент жетекшісі Шолпан Елеусізова лайықты жаза болмағандықтан, әсіресе тәуелсіз БАҚ өкілдеріне кедергі келтіруші көбейіп келетінін айтады.

– Лайықты жаза жоқ. Журналиске шабуыл жасағаны үшін айыппұл төлейтінін я қамауға алынатынын білсе, жағдай басқаша болар еді. Біздің адамдар қалтасын қақпайынша түсінбейді. Журналистің техникасын бүлдіргендер оның құнын және моральдық өтемақыны төлейтін болса, қол жұмсардың алдында ойланар еді, – дейді ол.

Елеусізованың сөзінше, осы шабуылдан кейін ҚазТАГ агенттігінің Алматыдағы кеңсесіне ұры түсіп, екі ноутбук ұрланған. Одан кейін Алматы облысында заңсыз балық аулап, оны сатумен айналысатын саудагерлер туралы материал дайындау кезінде тілшілерге шабуыл жасалып, техникалары бүлінген. Алайда полиция мұның ешбіріне шара қолданбаған.

Қазақстанда наразылық шараларынан тікелей эфир жүргізетін Азаттық тілшілері де кейінгі жылдары шабуылға жиі ұшырап жүр.

Былтыр Астана қаласының атауын елді 30 жылдай басқарып, президенттіктен кеткен, бірақ билікте кең құзыретін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне "Нұр-Сұлтан" деп өзгертуге қарсы 22 наурызда өткен бейбіт митинг кезінде бір топ жас камера объективін газетпен жауып, Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтірді.

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер!"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Сол жылы 6 шілдеде Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфир жүргізген Азаттық тілшілеріне бетіне маска киген белгісіз адамдар кедергі жасады. Наразыларды ұстау шарасын түсіру кезінде екі ер адам камераны қолшатырмен көлегейлеп, тағы бір белгісіз адам оператор мен тілшіге қарай әдейі газ бүрікті. Осы әрекеттердің бәрін көрген полицейлер ешқандай шара қолданбады.

Қолшатырлы адамдардың кедергісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:09 0:00

Ал биыл 6 маусымда Шымкентте билікке қарсы ұран айтқандарды түсірмек болған тілшінің камерасын белгісіз біреулер жауып, кедергі келтірумен болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қолшатыр ұстағандардың бірі Шымкенттегі ішкі саясат басқармасына қарайтын мекеме маманы екенін айтты.

Азаттық тілшісіне "ішкі саясаттың адамы" қара қолшатырмен кедергі келтірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

Құзырлы органдарға бұл істер бойынша да шағым түскен, бірақ әлі күнге күдікті де, айыпталушы да жоқ.

Дегенмен заңды қызметін орындау барысында түрлі себептермен ұсталып, оқиға орнынан полиция әкеткен журналистер аз емес. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы үш айында осындай 20 оқиға тіркелген.

Наразылық акциясынан хабар әзірлеп жүрген Азаттық журналистеріне қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар кедергі жасап жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.
Наразылық акциясынан хабар әзірлеп жүрген Азаттық журналистеріне қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар кедергі жасап жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.

ТЕРГЕУ СОТЫ ПОЛИЦИЯНЫҢ ӘРЕКЕТСІЗДІГІН ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАПТЫ

Алматы полициясы Азаттық тілшілерінің шағымын қарамаған соң адвокат Айман Омарова полицейлердің әрекетсіздігіне шағым айтып, сотқа арыз жазған.

  • Биыл 15 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты "Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру" ісін жүргізген полицейдің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлының шағымы бойынша істі қайта тергеуге жіберу туралы қаулы шығарды. Кейін апелляция соты бұл шешімді жойып, журналист полицияға қайта шағымдануы керегін айтқан.
  • Биыл 15 шілдеде Алматы қалалық тергеу соты Азаттықтың Алматы бюросының бұрынғы шеф-редакторы Қуанышбек Қаридың шағымы бойынша істі тергеген полицейлердің әрекетсіздігін заңсыз деп таныды. Былтыр наурыздағы билікке қарсы бейбіт митинг қарсаңында Қуанышбек Қариді қалалық ішкі саясат басқармасы қызметкерлері, прокуратура өкілі шақырып, "Митингіге барасыздар ма?" деп сұраған. Қари мұны журналист қызметіне кедергі келтіру деп бағалап, полицияға басқарма басшысының әрекеті заңсыз деп шағым түсірген.
Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасаған адамдар. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.
Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасаған адамдар. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

Бұдан бөлек, Азат Еуропа/Азаттық радиосы мен "Америка дауысы" радиосының біріккен жобасы – "Настоящее время" телеарнасының тілшілеріне де бірнеше рет шабуыл жасалды. Олардың шағымына да полиция әрекет етпегендіктен, адвокат Айман Омарова қайта шағым түсірген.

  • 16 шілдеде Алматының тергеу соты телеарна операторы Павел Энгельгардтың "жұмысқа кедергі келтіргендерге" қарсы шағымын қараған полицейлер мен тергеушінің әрекетін заңсыз деп таныды. Сот полицияға "жағдайды реттеп, істі қарауды" тапсырды.
  • "Настоящее время" тілшісі Шолпан Оразбекованың шағымына қатысты полицияның әрекетсіздігіне байланысты адвокаттың арызы 17 шілдеде қаралған. Бірақ адвокат Айман Омарованың айтуынша, әлі қаулы шықпаған.

Азаттық журналистеріне шабуылдағандар мен кедергі келтіргендер (2019 жыл)

Азаттық журналистеріне кедергі көбейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:43 0:00

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау жөніндегі "Әділ сөз" ұйымының дерегінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында ондаған журналиске шабуыл жасалған. Алайда бұл істердің бірде-бірі сотқа жетпеген. Елде Қылмыстық кодекстің 158-бабы ("Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау") бойынша айыпталған адам да жоқ. Кейінгі екі жылда осы бап бойынша бірлі-жарым іс тіркелгенімен, оның бірде-бірі сотқа жетпеген.

Елде журналистерді кәсіби міндетін атқарып жүрген жерінен ұстап әкету тыйылған жоқ. "Әділ сөз" қорының дерегінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында мұндай 20 оқиға тіркелген, соның алтауында БАҚ өкілдерін оқиға болып жатқан жерде жүргенде ұстаған.

Лондонда тіркелген "Журналистер үшін әділеттік" қорының Орталық Азия елдері мен Әзербайжандағы журналистер, блогерлер мен БАҚ қызметкерлеріне жасалған шабуылдар туралы есебінде Қазақстанда "журналистерге шабуылдау үш жылдың ішінде үш есеге жуық көбейгені" айтылған. Құжат авторлары "БАҚ қызметкерлеріне төнетін қауіптің негізгі төркіні" ретінде билік өкілдерін атаған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG