Accessibility links

"Титушкалар" мен "тәтешкалар". Наразылық кезіндегі арандатушылар несімен қауіпті?


Азаттық журналистеріне қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар кедергі жасап жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.

Азаттық "Настоящее Время" телеарнасының журналисі Ирина Ромалийская және қырғызстандық заңгер Атыр Абдрахматовамен сөйлесіп, бейбіт жиындарға қарсы күрес құралына айналған арандатушылар феноменінің Қазақстан қоғамына қаупі жайлы пікірін сұрады.

Қазақстанда соңғы уақытта жиілеген митингілер мен наразылық шаралары кезінде беттерін қара маскамен тұмшалаған белгісіз азаматтардың түрлі құралдардың (көбіне ашылған қолшатыр) көмегімен журналистер жұмысына кедергі жасауы көбейді. Шілденің 6-сы күні Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде жағдай ушығып, белгісіз адам Азаттық тілшілеріне газ шашып, қашып кетті.

Қолшатырлы адамдардың кедергісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:09 0:00

Қазақстанда журналистер жұмысына кедергі келтіретін адамдарға берілетін нақты анықтама жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылар шілденің 22-сі күні Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюрода баспасөз конференциясына қатысушылар мен тілшілерге шабуыл жасаған бір топ әйелді журналистер жұмысына кедергі келтіргендер қатарына қосты. Желі қолданушылардың кейбірі Алматыдағы шараның шырқын бұзғандарға ат қойып үлгерді. Олар "Украинада "титушкалар" болған еді, ал Қазақстанда – "тәтешкалар" бар" (жасы үлкен әйелдерге қарата айтатын "тәте" сөзінен шыққан – ред.) деп жазды. Шабуыл жасаған әйелдер кейінірек әлгі әрекетке өзгенің нұсқауынсыз өздері барғанын мәлімдеді.

Тілшілерге жасалған шабуыл хроникасы. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

"Титушка" - 2013 жылы наразылар мен журналистерге шабуыл жасауға қатысқан украиналық Вадим Титушконың аты-жөніне байланысты пайда болған жинақтаушы термин. Вадим Титушко өз әрекеті үшін жауапқа тартылып, кейінірек оның түрмедегі мерзімін шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан бастап халық Еуромайдан кезінде (2013 - 2014 жылдары Украинада мыңдаған адамның қатысуымен өткен қарсылық акциясы) наразылар мен тілшілерге шабуыл жасаған спортқа бейім жастарды "титушкалар" деп атап кеткен.

Осыған ұқсас жағдай 2001 жылдан бастап Қырғызстанда да байқалады. Елде өткен пикеттер мен митингілерге шайпау әйелдер келіп, баспасөз конференцияларының шырқын бұзып, жиын үстінде тәртіпсіздіктер бастаған. Халық оларды "шайпау әйелдердің арнайы тобы" деп атады.

2005 жылы Қырғызстанда "ақ бас киімділер" деген атау да пайда болды. Олардың қатарына наразылық шарасы кезінде сойқан шығарып, ешқандай талап айтпастан, азаматтарды ұрып-соққан адамдарды қосты.

Журналистерге кедергі жасаушылар кімдер? (Орыс тіліндегі хабар):

Азаттық: Бейбіт жиын кезінде арандатушылық жасап, наразылық шарасынан хабар тарататын журналистер жұмысына кедергі келтіргендердің әрекетін қалай сипаттауға болады? Олар ақша табу мақсатында біреудің мүддесіне жұмыс істейтіндер ме, әлде оппозиция әрекетіне қарсы, өз ойын шу шығарып, күш қолданумен білдіретін әлеуметтік белсенді азаматтар ма?

Ирина Ромалийская: Бұл екі топты бөліп қарастыру керек деп ойлаймын. "Титушкаларға" келсек, олар – белгілі бір акцияға күш көрсетуді көздеп келетін жалдамалы жендеттер. Олардың қатарында әдетте саяси оқиғаларға мүлде бей-жай қарайтын адамдар жүреді. Ал енді шу шығаруға бейім әйелдерге келсек, ондайлар Украинада да көп. Олардың әуелі ақша төленетін митингіге қатысып (Ұлттық банк басшысын орнынан алуды талап еткен әйелдердің банк ғимараты алдында ақша алып тұрған сәтін журналистер түсіріп алған), артынша "мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталған Надежда Савченконың (Украинаның саяси және қоғам қайраткері – ред.) сотында жүргенін көргенмін. Мұндай әйелдер – қызметіне ақы алатын кәсіби пикетшілер. Олардың мақсаты – айқай-шу шығарып, арандату.

Наразылық акциясында отырған қырғыз әйелдері. 10 сәуір 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Наразылық акциясында отырған қырғыз әйелдері. 10 сәуір 2012 жыл. Көрнекі сурет.

Атыр Абдрахматова: Бізде "шайпау әйелдердің арнайы тобы" деген сөз әйелдерге қатысты ғана қолданылғанымен, соңғы алты-жеті жылда олардың қатарынан белсенді жас жігіттер де көрініп жүр. Топ жұмысының тарихи алғышарты әйелдердің наразылық акциясына шығып, оппозицияны қорғап, полиция ұстамақ болған азаматтарды босатып алуынан басталды. Барлығы бірге қатты айқайлаған адамдарға өзгелер назар аударатыны түсінікті болған кезде бұл жүйелі құбылысқа айналды. Содан бері әйелдерді сайлау науқанында немесе жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешуге пайдалана бастады. Олар лезде жиналып, көздегендеріне тез жетеді. Әйелдер ондайда ерекше белсенділік танытып, баспасөз конференциясын өткіздірмей, талап қойып, қандай да бір мекемені басып алу сияқты іс-әрекеттердің бәріне қатысады.

Азаттық: "Титушкалардың" артында нақты күштер мен құрылымдар тұрғаны анықталған деректер бар ма?

Ирина Ромалийская: Майдан оқиғасынан (Украинадағы халық наразылығы – ред.) кейін Ресейге қашқан Виктор Янукович президент болып тұрғанда "Партия регионов" (Янукович тұсындағы билеуші партия – ред.) және олардың жақтастары билікті қолдайтын акцияларға спорт клубтарында жаттығатын мықты жігіттерді тарту технологиясын қолға алды. Саясаттан мүлде хабары жоқ жігіттер күш қолдануға көмектесетін. Қазір олардың міндетін оңшыл радикал ұлтшыл ұйымдар атқарады. Басқа акцияларда, өзіңіз айтқан шайпау әйелдерді қосады: олар наразылық шарасына келіп, өздерін жергілікті тұрғындармыз деп таныстырады. Қатты айқайлап, тәртіпсіздік туғызатын олардың акция кезіндегі әрекеті тапсырыс берушінің мақсатына байланысты өзгеріп отырады.

Қарсылық акцияларында сол кездегі билік қарапайым киімдегі адамдардың қолына қару беріп, наразыларға қарсы қойды.

Ондайлардың тапсырыс берушімен байланысы, қызметі үшін ақша алатыны қашан анықталды? ["Титушкалар"] кейіннен Майдан оқиғасы кезінде өте көп болды. Қарсылық акцияларында сол кездегі билік қарапайым киімдегі адамдардың қолына қару беріп, наразыларға қарсы қойды. Олар халықты күшпен таратып, "Вести" газетінің журналисі Вячеслав Еремийді өлтірген. Журналист түнде таксимен Майданнан қайтып келе жатып, қала орталығында қарулы "титушкалардың" жиналып тұрғанын көрген. Оларды суретке түсіре бастаған кезде әлгілер журналисті көліктен күштеп түсіріп, ұрып-соғып, атып тастаған. Осы іс бойынша шығарылған сот үкімінде судья бірінші рет "титушка" сөзін қолданды. Сот процесі кезінде жендеттердің "Партия регионов" өкілдерімен байланысы бары дәлелденді.

Азаттық: Қазақстандағы оқиғаларды бақылап отырасыздар ма? Елде бейбіт жиындар кезінде журналистер жұмысына жасалған кедергілер туралы не айтасыздар?

Заңгер Атыр Абдрахматова.
Заңгер Атыр Абдрахматова.

Атыр Абдрахматова: Қазақстанда мұндай азаматтардың тегін анықтап, құқық қорғау органдарынан оларды жауапкершілікке тартуды талап ету керек. Мен үшін мұндай жағдайда журналистердің бір-біріне қолдау көрсетуі өте маңызды. Өкінішке қарай, мемлекет есебінен қаржыландырылатын ақпарат құралдары наразыларды қолдағаны үшін әріптестерін айыптағанда, осы дауға себеп болған арандатушылар бұрынғыдан да күшейе түседі. Журналистер, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа саласындағы құқық қорғаушылар арасында өзара түсіністік артса, аталған топқа тежеу жасауға болады. Өйткені арандатушылар әрекеті күн өткен сайын қорқынышты сипатқа ие болып барады. Мысалы, Қырғызстанда кез келген мекемеге кіріп, тәртіпсіздік ұйымдастыратын ұлтшыл топтар пайда болды.

Бұл топтар саяси күрес пен қысым элементіне айналып кетпеуі үшін Қазақстан қоғам осы мәселеге назар аударуы керек.

Тарих көрсеткендей, билік мұндай топтарды өз пікірін еркін білдіріп, азаматтардың құқығын қорғап күрескендерге қарсы қою үшін құрады. Ал кейін осылар (топтар) уақыт өте келе биліктің өзіне қауіп төндіретін күшке айналуы әбден мүмкін. Қырғыз саяси технологтарының бірі "Біз өзіміздің скинхед тобымызды құрдық. Сайлауда біреу артық сөз айтса, олар көтеріледі" дегеніне куә болғам. Бұл өте қорқынышты жайт. Сондықтан, бұл топтар саяси күрес пен қысым элементіне айналып кетпеуі үшін Қазақстан қоғам осы мәселеге назар аударуы керек.

Азаттық: Арандатушылардың шын мәнінде ақша алғанын журналистер дәлелдеген кездер болған ба?

Ирина Ромалийская: Журналистер арандатушылардың ақша алған сәтін түсірген кездері болған. Мұны анықтау аса қиын емес. Наразылық акциясы өтіп жатқан жерден бес метр әрі барсаңыз, қолында тізімі бар адамды көресіз. Оның сеніміне кіріп, арандатушыларға ақша беру сәтін байқатпай видеоға түсіріп алуға болады.

Атыр Абдрахматова: Іс жүзінде ешкім қолхат бермейді. Сондықтан заң тұрғысынан ештеңе дәлелдей алмаймыз. Бірақ журналистер осындай әйелдер тобына жақындап, "Сіздер неге қарсысыздар? Талаптарыңыз қандай?" деп сұрағанда, олар не дерін білмей қалады. Өйткені тапсырма берілгенде, бұл әйелдерге "Бар болғаны, сол жерде тұрып, қарсылық білдіріп, айқайлайсыңдар" деп түсіндірген. Осындай әдістермен олардың қатардағы наразылардан ерекшеленетінін анықтауға болады.

Шілденің 6-сы күнгі кедергілерден соң, Азаттық тілшілері Қазақстан бас прокуратурасына полицияның әрекетсіздігіне байланысты шағым түсірген. Прокуратура 15 күн ішінде жауап беруге уәде берді. Шілденің 22-сі күні Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюрода өтпекші болған баспасөз конференциясының шырқы бұзылғаннан кейін де ұйымдастырушылар мен журналистер полицияға арыз жазған. Билік пен ресми БАҚ бұл жағдайды "екі тараптың арасында туған кикілжің" және "төбелес" деп атаған. Шілденің 30-ы күні ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев шабуыл жасаған әйелдердің ұсталмағанын, олардың тарапынан да қарсы арыз түскенін хабарлады.


  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG