Accessibility links

Митинг алдында полиция белсенділерді бөлімшеге шақыра бастады


"Демпартия"жақтастарының митингісі өтеді делінген Шоқан Уәлиханов алаңы сенбі күні таңертең қоршалып, аумақта полиция қызметкерлері жүрді. Алматы, 27 наурыз 2021 жыл.
"Демпартия"жақтастарының митингісі өтеді делінген Шоқан Уәлиханов алаңы сенбі күні таңертең қоршалып, аумақта полиция қызметкерлері жүрді. Алматы, 27 наурыз 2021 жыл.

Оппозициялық күштердің митингісі өтеді деген күні яғни, 27 наурызда таңертең Қазақстанның түкпір-түкпірінен белсенділердің полицияға шақыртылып жатқаны жайлы ақпарат түсе бастады.

Ақмола облысы Шортанды ауылының тұрғыны Амангелді Жахиннің үйіне таңертең екі полиция қызметкері келіп, шақырту қағазын тапсырған. Жахин полицияның келген сәтінен бастап Facebook-тағы парақшасында тікелей эфирден хабар таратты. Онда өзін Асылбек Сәдуақасов деп таныстырған жедел уәкіл "405 бап бойынша қозғалған қылмыстық іске байланысты Жахиннен сұрақ-жауап алу үшін бөлімшеге бару қажеттігін" алға тартады. Полицияның шақырту қағазында Жахиннің ол іс бойынша куәгер екені көрсетілген.

Осыған ұқсас жағдай Шымкентте де болды. Белсенді Данияр Байтілеудің үйіне сенбі күні полиция қызметкерлері барып, шақырту қағазын тапсырған. Белсенді Facebook-та тікелей эфирге шығып, елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қатысты пікірін айтты.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, сенбі күні мұнда митингілер өтеді деген жерлерде полиция қарасы көбейген.

Наурыздың 27-сіне қуғындағы бизнесмен, "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен қоғам белсендісі Жанболат Мамай бастаған "Қазақстан демокартиялық партиясы" Қазақстанның бірнеше қаласында митингіге шақырған.

Бұл екі ұйым да Қазақстанда ресми тіркеуден өтпеген. Әблязов бастаған ұйымды Қазақстан соты экстремистік ұйым деп шешім шығарған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп есептейді.

Жанболат Мамайдың бастамашыл тобы 2020 жылдың басында "Қазақстан демократиялық партиясының" құрылтай съезін шақырғанымен, биліктің түрлі кедергілеріне байланысты өткізе алмағанын мәлімдеген болатын.

Бір күнге белгіленген жиынға екі ұйымның басшысы екі бөлек шақырған және өтетін орны да әр жерде.

Жанболат Мамай фейсбукта Еуроодақ Шыңжаңдағы қазақтар мен өзге де мұсылман халықтарға қысым көрсеткені үшін Қытай шенеуніктеріне санкция салғанын айта келе Қытайдың Қазақстанда 56 зауыт салуына жол бермеу керек деген ұран көтерген.

Ал Мұхтар Әблязов фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасында "биліктің демократия ойынын біз де пайдадаланамыз, митингіге шығып, Қазақстан адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындамай отырғанын айтамыз, саяси тұтқындарға бостандық талап етеміз және Қытай экспансиясына қарсылық білдіреміз" деп жазған.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда "пікір айту еркіндігі" шектелетінін, "бейбіт жиналу құқығы" жиі бұзылатынын айтады. Былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Бұл заңды билік өкілдері "ірі демократиялық қадам" деп мақтаған. Ал жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG