Accessibility links

Журналистер наразылығынан соң Шымкентте полиция бастығы кешірім сұрады


Полиция қысымына шағымданып тұрған журналистер. Шымкент, 5 сәуір 2021 жыл.
Полиция қысымына шағымданып тұрған журналистер. Шымкент, 5 сәуір 2021 жыл.

5 сәуірде Шымкент қаласы полиция департаментінің алдына "КТК", "Астана" және "31 телеарнаның" үш тілшісі барып, полициядан журналистерге қысым жасауды доғаруды талап етті. "Полиция бассыздығын тоқтатыңыздар!", "Журналистерді ұрып-соғуды доғарыңдар!" деген жазуы бар плакат ұстаған БАҚ өкілдерін қолдап, тағы 20 шақты тілші мен белсенді жиналды.

Телеарна тілшілері 4 наурызда Алтынтөбедегі наразылық кезінде полиция қызметкерлерінің журналистердің кәсіби қызметін атқаруына кедергі жасап, қысым жасағанын алға тартты, "полиция бассыздығынан" шаршағанын айтты.

– Біз кеше түсірілімге бардық. Ол жерде тілші екенімізді көріп тұрды. Микрофонмен жүрдік. Соны көре тұра [полиция қызметкерлері] мына әріптесімнің ("Астана" тілшісі Бахром Абдуллаев – Ред.) қолын қанатты. Қолшатырын сындырды. [Азаттық тілшісі] Дилара Исаның телефонын тартып алмақшы болды. Біздің араласуымызбен телефонын алмай қалды. Тілші Бахромбек Талибжановқа келіп "сені өлтіремін" деп қоқан-лоқы жасады, – деді "КТК" арнасының тілшісі Бек Әбиев.

Оның айтуынша, журналистерге қысым алғаш рет болып отырған жоқ. Журналист наурыздың басында базардан шыққан өрттен хабар таратуға барған тілшілерге полицияның күш қолданғанын да еске салды. Оның сөзіне қарағанда, оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатқан полиция істің соңын сиырқұйымшақтандырып жіберген.

Журналистерді ішке кіргізіп, олардың шағымын тыңдаған қалалық полиция департаментінің бастығы Ерғали Жармұхамбетов "барлық оқиға тексеріледі, қызметтік тексеріс басталды, қысым жасағандар жауапқа тартылады" деді.

"Мен осындағы әрбір қызметкерге жауапты болғандықтан барлықтарыңыздан кешірім сұраймын" деді полиция департаментінің бастығы.

Ал журналистер әрбір қызметкердің өз жауапкершілігі барын алға тартып, ақпарат құралдарына қысым көрсеткен қызметкерлер кешірім сұрасын деді.

4 сәуірде Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында тұрғындар алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына наразылық танытқан. Полиция ондаған адамды ұстаған. Осы оқиғадан хабар тарату кезінде өзге тілшілермен қатар Азаттық тілшісі де кедергіге ұшырады. Жай киінген 3-4 ер адам полицияның жолды жапқан наразыларды ұстауын түсірмек болған Азаттық тілшісін қайта-қайта итеріп, қолшатырларымен камерасын көлегейлей берді. Бірі тілшінің телефонын тартып алуға тырысты. Полиция "камераны көлегейлеген қолшатырды ысырып тастамақшы болған" Азаттық тілшісіне "қолшатырға тиіспеңіз" деп ескерту жасады. Жай киім кигендердің бірі Азаттық тілшісіне "қазір сені де көлікке отырғызып алып кетеміз" деп кіжінген.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару кезінде жиі кедергіге ұшырайды. Мұндай қысым әсіресе полицияның бейбіт жиынға шығу құқығын пайдаланып, митингіге келген азаматтарды ұстауы кезінде күшейе түседі. Азаттық тілшісі Дилара Иса сондай ұстаулар кезінде бірнеше рет кедергіге ұшыраған. Кедергі келтіргендердің бірі "ішкі саясат басқармасынан екенін" де айтып қалған.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы ақпан айында журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтірген кемінде жеті оқиғаны тіркеген. Сарапшылар тілші жұмысына кедергі келтіру оқиғаларына қатысты түскен арыз-шағымдардың жылжымайтынын жиі айтады.

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 157-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG