Accessibility links

Тоқаев сыртқы істер министрлігінде бірқатар кадрлық өзгеріс жасады


Сыртқы істер министрлігі.
Сыртқы істер министрлігі.

Президент жарлығымен Ержан Қазыханов Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі қызметінен босатылып, Қазақстан президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі болып тағайындалды.

Ақорда мәліметінше, Қазыхановтың орнына сыртқы істер вице- министрі Ержан Ашықбаев тағайындалған. 5 наурызда оның да вице-министр қызметінен босатылып, Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі болғаны жайлы жарлық ресми сайтта жарияланды. Ал Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Ақан Рахметуллин сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалған.

Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері президент әкімшілігінде халықаралық әріптестікке жауапты жаңа қызметтің пайда болатынын хабарлаған. Ресми құжатта арнаулы өкілдің негізгі міндетіне: саяси, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық сала бойынша халықаралық қауымдастықпен байланысты нығайту, Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен президент бастамаларын алға жылжыту және өзге міндеттер кіреді деп жазылған. Арнаулы өкілдің міндетіне сонымен бірге Тоқаевтың саясат және әлеуметтік-экономикалық саладағы реформаларын түсіндіру де кіреді.

Назарбаев отставкасынан кейін мемлекет басшысы болған Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси реформа жүргізу ісі бойынша халықаралық сарапшылар мен мамандардың сынына жиі ілігеді. Құқық қорғаушылар елде "түбегейлі реформа жүрмеді, қабылданған заңдардан пайда аз" деп санайды. Ал Тоқаевтың өзі саяси реформаны сынайтындар "мәселеге үстірт қарайды" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG