Accessibility links

Тоқаев Цойға, Цой халыққа сілтейді. Індеттің қайта өршігеніне кім кінәлі?


Республика сарайының жаппай вакциналау орнына айналған концерт залы. Алматы, 2 сәуір 2021 жыл.
Республика сарайының жаппай вакциналау орнына айналған концерт залы. Алматы, 2 сәуір 2021 жыл.

Кісі қарасы көп базарлар, жолаушыға лық толы автобустар, жасырын өтетін жиындар және вакцина тапшылығы. Кейінгі күндері вирус жұқтырғандар жөнінде рекорд жаңартып отырған Қазақстанда індеттің екінші жылы осылай өтіп жатыр.

"ЖҰМЫСТЫҢ ДҰРЫС ЖҮРМЕУІНЕ БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ПРЕЗИДЕНТ КІНӘЛІ"

Журналист Сергей Дуванов Қазақстандағы коронавирусқа қарсы күрес "жүйенің қабілетсіздігін көрсетті" дейді.

Азаттық тілшісі Сергей Дувановпен президенттің денсаулық министрі Алексей Цойды сынауы қызу талқыланып жатқан кезде сөйлесті. 1 сәуір күні Covid індетіне қарсы күрес шараларына арналған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цойға жағдай реттелмесе, қызметінен кететінін ескертті.

"Сәуірдің соңына дейін жағдай түзелуі керек. Әйтпесе көңілдеріңе тиетін кадрлық шешім қабылдаймын. Бұл министрге ғана емес, үкіметке де қатысты", – деді денсаулық сақтау министріне қарап сөйлеген Тоқаев.

Президент осындай мәлімдеме жасаған күннің ертеңіне елде халыққа жаппай вакцина салу науқаны басталды. Алматыда бұл шара үш күнге ғана жалғасып, кейін вакцина таусылып қалды. Алматы әкімдігі Тоқаевтың сыны мен мегаполис халқына жаппай вакцина салу процесінің арасында ешқандай байланыс жоғын айтып, мұны "кездейсоқтық" деп атады.

Медқызметкерлер Алматыдағы Республика сарайының концерт залында "Спутник V" екпесін салып жатыр. 2 сәуір 2021 жыл.
Медқызметкерлер Алматыдағы Республика сарайының концерт залында "Спутник V" екпесін салып жатыр. 2 сәуір 2021 жыл.

Нұр-Сұлтанда қазірге дейін 10 мың адамға вакцина салынған. Олардың қатарында "бірінші кезекте вакцина салынуы тиіс азаматтар" тізіміне кірген дәрігерлер де бар. Қала билігінің дерегінше, сәуірде 70 мың дана вакцина келеді.

Жұмыстың дұрыс жүрмеуіне бірінші кезекте президенттің өзі кінәлі.

– Кез келген мемлекетте, әсіресе, біздің елде бірінші деңгейлі басшы төбесін көрсетпесе, шенеуніктер орнынан қозғалмайды. Енді президент таңғалып, "денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істемейді" деп отыр. Бәрі орынды, бірақ жұмыстың дұрыс жүрмеуіне бірінші кезекте президенттің өзі кінәлі. Жауапты да сол кісіден алу керек. Енді біздікілер вакцинаны жедел түрде кез келген бағада сатып ала бастайды. Бұған жоғарыдан рұқсат берілді. Бюджеттен бөлінген қаржының бір бөлігін жымқырады. Бізде онсыз болмайды ғой. Бірақ олар не сатып алады?! Ең қорқыныштысы да – осы. Қазір шенеуніктер президенттің тапсырмасын орындаймыз деп әбігерге түсіп, миллиардтаған қаржыны түкке тұрғысыз нәрселерге жұмсайды. Олар басқаша істей алмайды, – дейді Дуванов.

Кейінгі кезде Қазақстанда коронавирус өршіп барады. Күн сайын 1800-2000 адамның анализіне коронавирус анықталып отыр. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары вирустың тарау қарқыны бойынша "қызыл" аймаққа кірген (100 мың адамға кемі 50 науқастан келетін аймақтар).

ЖОЛАУШЫ ТОЛЫ АВТОБУСТАР ЖӘНЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ ОРЫНДАМАЙТЫН АЗАМАТТАР

10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы "қызыл" аймаққа кірді. 21 наурыздан бастап астана билігі кезекті шектеу шараларын енгізді: қоғамдық көлік пен сауда орталықтарына жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салып, азық-түліктен басқа өнім түрлерін сататын дүкендер мен қызмет көрсету орындарының жұмысын шектеді.

Бірақ бұл шектеулер ірі сауда орталықтары, үлкен азық-түлік дүкендері мен базарларды айналып өтті. 29 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова жұмыс күндері сауда орталықтарының жұмысын кешкі 17:00-ге дейін шектейтін қаулы шығарды. Дәл сол күні денсаулық сақтау басқармасы астанадағы инфекциялық ауруханадағы орындардың 74 пайызы толғанын хабарлады.

Бұл кезде "Шапағат" коммуналдық базарының бірінші қабатында қызу сауда жүріп жатты. "Базар жабылады екен" деген қауесетке сенген адамдар азық-түлікті молынан алып қалуға асықты. Санитарлық талаптарды орындауға шақырған аудиохабарламаның еш мәні жоқтай көрінді. Өйткені кіреберістегі екі негізгі есіктің бірі жабық болып, кіріп-шығатын жалғыз есіктің алдына адам жиналды. Кіреберісте келушілердің дене қызуын тексеріп, маска тағуын қадағалайтын ешкім болмады. Базардың жабық тұрған басқа қабаттарына өтуге болмайды деген ленталар ілінген.

Нұр-Сұлтан тұрғындары қоғамдық көлікте. 22 наурыз 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан тұрғындары қоғамдық көлікте. 22 наурыз 2021 жыл.

Дүйсенбі, 22 наурыз. №70 автобус.

– Әй, маскаң қайда? – деді автобусқа жаңа кірген жас жігітке қарап сөйлеген қарт кісі.

– Сіздің не шаруаңыз бар! – деді жігіт бос орындардың біріне жайғасып жатып.

– "Не шаруаңыз бар" дегені несі? Санитарлық талаптарды орындамасақ, бәріміз өлеміз ғой! – деді дауыс көтерген ақсақал кондуктордан шара қолдануды сұрап. Кондуктор жас жігітті "автобустан түсіремін" деп қорқытқан соң, ол жақтырмаған сыңай танытып, маскасын тақты.

– Шектеулерге осылай немқұрайды қарап жүре берсек, жақын арада дамыған ел бола алмаймыз. Ештеңе айтқым келмейді. Жерлеу рәсімінен келе жатырмын, – деді зейнеткер.

Автобустың ыстық әрі тар салоны оң және сол жағалаудың ортасына келгенде адамға лық толды. Жолаушылар иық тіресіп тұр. Олардың кем дегенде үш-төртеуі маска тақпаған. Монитордан халық көп жиналған жерлердан аулақ жүру керегі жөнінде хабарландыру жүріп жатыр.

Астанада жұмыс күндері қалада шектеу шаралары енгізілгені аса сезіле қоймайды. Тек жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмей, көшедегі көлік кептелісі азаяды. Тұрғындардың көбі көшеде маскасыз жүріп, азық-түлік дүкендері, мейрамхана мен дәмханаларға еркін кіре береді.

Азаттық тілшісі бір күнде қызметін пайдаланған ресми тіркелген бес такси жүргізушісінің бірде-бірінде маска болған жоқ.

БІРЕУЛЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ, ҚАЛҒАНДАРЫ ҮЙДЕ ОТЫРАДЫ. ЛОГИКА ҚАЙДА?

Әдетте адам көп жүретін "Ханшатыр" сауда орталығы жартылай бос тұр. Кезекті шектеу шаралары енгізілгеннен кейін мұнда келушілер саны күрт азайған. Өйткені адамдардың көбі жұмыстан шығып барғанша, сауда орталығы жабылып қалады.

– Базар мен қоғамдық көлікте адам көп жүреді. Сауда орталығына жұмыс күндері және демалыс кезінде келушілер саны үш-төрт есе азайды. Міне қараңыз, залда бір ғана адам жүр. Бұл бизнеске үлкен зардабын тигізеді, – дейді әйелдер киімін сататын бутик менеджері Диана Мамажанова.

Алматыда коронавирустың жаңа толқынына байланысты әуелі сауда орталықтарының жұмысына тыйым салынды, кейін олар демалыс күндері ғана жабылып, қалған уақытта жұмыс істейтін болды. Билік өкілдері жұмыс күндері сауда орталықтарында адам көп болмайтынын айтып, бұл шараның тиімсіз болғанын мойындады.

"Шапағат" базарының азық-түлік бөлімі локдаун жарияланған күні. Нұр-Сұлтан, 21 наурыз 2021 жыл.
"Шапағат" базарының азық-түлік бөлімі локдаун жарияланған күні. Нұр-Сұлтан, 21 наурыз 2021 жыл.

Көтерме бағада зергерлік бұйымдар сататын дүкендер желісінің иесі Ғалия Әбілмажинова адамдардың көбі сауда орталығына демалыс күндері баратындықтан, кәсіпкерлер артық шығынға батып отырғанын айтады.

– Бұл саудаға қатты әсер етеді деп айта алмаймын, бірақ табысымыздың белгілі бір мөлшерін жоғалтып отырмыз. Бұл жерде ешқандай логика жоқ. Әр қалада әртүрлі шектеулер. Қос астана да "қызыл аймақта", бірақ Нұр-Cұлтанда жұмыс істейтін нысандар Алматыда жабық тұр. Ол жақтағы жағдай тіпті қиын. Нұр-Сұлтанда карантин әлдеқайда жеңіл сезіледі. Түсініксіз, – дейді Әбілмажинова.

Астана билігінің бастамасымен қолға алынған Ashyq пилоттық жобасының аясында ондаған фитнес-клуб, спа-орталық, бассейн, боулинг және компьютер клубы карантин шараларына қарамастан, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алған. Ashyq мобильді қосымшасы QR-код арқылы ПТР тестің бірыңғай базасына қосылып, мекемеге келген адамда коронавирус бар-жоғын анықтауға көмектеседі.

Аталған пилоттық жобаға қатысушы фитнес-клубтардың бірінде администратор болып істейтін Ернұр Зекенғалиев жаңа жүйенің келушілер санына ықпалы болмағанын айтады. Оның сөзінше, спортпен айналысатын адамдар негізінен жұмыс күндері келеді, сондықтан жексенбі күнгі демалыс мекеменің жұмысына әсер ете қоймаған.

"СІЗГЕ АРНАЛҒАН ДОЗАНЫ ҚАЙДА ЖІБЕРЕМІН?"

Астанадағы №4 емхана. Таңғы 8:30. Жоспарлы екпе егу жүріп жатыр.

Вакцина салуға арналған орын мен емханаға келушілердің арасы орындықпен бөлінген. Вакцина салу процесін емхананың төрт қызметкері қадағалайды. Келушілерді қабырғаға ілінген Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен портреті күтіп алады.

Вакцина салғызуға келген адамдар екпенің кері әсері туралы ақпарат алғанын растап, құжатқа қол қояды. Осыдан кейін дәрігердің тексеруінен өтіп, дене қызуын өлшетіп, екпе салғызады. Осының бәріне жарты сағаттан аз уақыт кетеді. Екпеден кейін вакцинаның ағзада кері әсері болмағанына көз жеткізу үшін тағы жарты сағат күту керек.

Нұр-Сұлтандағы №4 емханада екпе салдыруға келгендер өз кезегін осы жерде күтеді. , 26 наурыз 2021 жыл.
Нұр-Сұлтандағы №4 емханада екпе салдыруға келгендер өз кезегін осы жерде күтеді. , 26 наурыз 2021 жыл.

Медбикелер вакцинаны бірінші кезекте салғызуы тиіс дәрігерлер, мұғалімдер мен өзге де мемлекеттік қызметкерлерге хабарласып жатыр.

– Бүгін екінші вакцинаңызды салғызуыңыз керек. Келе аласыз ба? Неге келе алмайсыз? Сізге арналған дозаны қайда жіберемін? Онда мен жауапты адамға хабарласамын. Ештеңе білмеймін, бүгін келіңіз, – дейді әріптестерінің бірін телефон арқылы көндіріп жатқан дәрігер.

– Жақсы вакцина ма? Ампулада ма? – дейді өзі де дәрігер болып істейтінін ескерткен әйел.

– Иә, жақсы. Өзім де салғыздым. Шикізатын Ресейден әкеледі, екпені Қарағандыда жасайды. Біздікі әлі дайын емес, – дейді дәрігер.

Екпе салғызып отырған әйел вакцинаның қаптамасын сұрап, мұқият оқып шықты.

– Вакцинаның қаптамасын ашық жерге қойыңдар. Адамдарға көрсету керек, – дейді екпе егу процесін қадағалап жүрген дәрігер.

11 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер-реаниматолог Ғабит Рыспаев кейінгі екі аптада Көкшетаудағы инфекциялық ауруханада істеген. Осы уақыт ішінде жан сақтау бөлімінде жатқан он науқастың екеуі қайтыс болған. Дәрігердің айтуынша, әдетте он науқастың бәрі немесе жеті-сегізі көз жұмады. Ол Facebook парақшасына жариялаған жазбасында соңғы жақсы көрсеткішті санитарлар мен медбикелерден бастап емхана басшылығына дейінгі мамандардың ұжымдық жұмысының нәтижесі деп бағалаған.

– Әзірге пандемия төбеден жай түскендей әсер еткен өткен жылмен салыстырғанда дәрі-дәрмек, төсек орындары мен қорғаныш құралдары жеткілікті. Жан сақтау бөліміне көбіне артық салмақтағы адамдар, вирус жұғу қаупіне қарамастан, той мен жерлеу рәсімдері сияқты халық көп жиналатын шараларға барған адамдар түсіп жатыр. Мұндай жағдайда адамдарға қандай да бір кеңес беру қиын. Коронавирустан құтқаратын нақты бір әдіс немесе кеңес жоқ. Әр азамат санитарлық талаптарды сақтап, өзінің және жақындарының денсаулығына қарауы керек, – дейді Рыспаев. Ол әзірге екпе салғызу туралы нақты шешім қабылдамағанын айтты.

"ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАЙТЫН БИЗНЕС" ЖӘНЕ "САНАСЫЗ АЗАМАТТАР"

30 наурызда "Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұққан науқастар саны артатындай қандай қателіктерге жол берді?" деген сұраққа жауап берген министр Цой бұған санитарлық талаптарды сақтамайтын кәсіпкерлер мен "санасыз" азаматтарды кінәлады.

– Адамдардың топтасып жиналуын, маска тақпауын тексеруші органдар тоқтата алмайды. Халық көп жиналатын орындарда, оның ішінде қоғамдық көліктерде мыңдаған тексеру жүріп жатыр. Әр азаматтың соңына адам салып, оның санитарлық талаптарды бұзбауын қадағалау мүмкін емес. Әртүрлі жиындар, банкеттер, жасырын ұйымдастырылатын шаралар мемлекеттік органдардың айтуымен өтіп жатқан жоқ. Бұған тәртіп бұзатын кәсіпкерлер мен санасыз азаматтар барып отыр. Халықтың санасын өзгертуіміз керек, – деді Цой.

"Шапағат" базары жанындағы көше саудасы. Нұр-Сұлтан, 21 наурыз 2021 жыл.
"Шапағат" базары жанындағы көше саудасы. Нұр-Сұлтан, 21 наурыз 2021 жыл.

Журналистер "қатемен жұмыс істеу" туралы сұрағын қайталағаннан кейін министр:

– Маусымда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары, яғни, емханалар жабылып, азаматтарды қабылдамай қойған кезде мәселе туындады. Бұл үлкен сабақ болды, қазір қорғаныш костюмдерін киіп, науқастардың үйіне баратын мобильді топ қызметін дамытып жатырмыз.

"Былтырғы карантин қайталануы мүмкін бе?" деген сұраққа жауап берген министр биліктің бұл жолы "әлдеқайда жақсы" дайындалғанын айтты.

– Бес қаруымызды сайлап отырмыз. Барлық механизм дайын, төсек орындары мен емдеуге арналған нақты клиникалық хаттамалар бар. Барлық өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды. Олар емдеуге қажетті құрылғылармен және жедел-жәрдем көліктерімен жүз пайыз қамтылған. Мониторинг топтары жұмыс істейді. Тестілеу ондаған есе өсті. Дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі де толықтай шешілді. Яғни, бізде әлеует қалыптасты. Мемлекеттің дайындығы жақсы, – деді министр. Ол былтырғы карантиннің қайталану ықтималдылығы туралы сұраққа сол күйі жауап бермеді.

"БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІК ЖӘНЕ БАСҚАРУ ҚАБІЛЕТІНІҢ ТӨМЕНДІГІ"

Қазақстан билігінің пандемияға қарсы күресі туралы саясаттанушы, "Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев та пікір білдірді. Ол мемлекеттік және мемлекеттік емес институттарда істейтін 70-ке жуық отандық және шетелдік сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, пандемия елдің тәуелсіздіктің отыз жылындағы дамуын "жоққа шығарды" деген қорытындыға келгенін айтады.

– Дағдарысқа қарсы тиімді күрес жүргізу тұрғысынан алғанда ештеңе жұмыс істемейтіні белгілі болды. Нәтижелі саяси институт, тиімді мемлекеттік менеджер, ресурс, елді дәрі-дәрмекпен, тым құрығанда маскамен қамтамасыз ететін өндіріс жоқ, – дейді Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, сарапшылар "Былтыр болған дағдарыстың негізгі себебі неде?" деген сұраққа былай жауап берген:

  • Мемлекеттік биліктің барлық деңгейіндегі басқару қабілетінің төмендігі және құзыреттің болмауы;
  • Кез келген мәселеге жедел әрі сапалы реакция білдіретін тиімді саяси институттардың болмауы;
  • Шенеуніктердің өзіне жауапкершілік алғысы келмейтін ұжымдық жауапсыздығы;
  • Жемқорлық мүдде.

– Шын мәнінде былтырғы жылдан ешкім сабақ алған жоқ. Ең үлкен мәселе – билікке деген сенімсіздік. Қазір осы сенімсіздік биліктің өзіне қиындық туғызып отыр. Яғни, билік азаматтарға маска тағып, үйден шықпау керегін, вирус қаупі артып келе жатқанын айтқанымен, халық қазір вакцинаның тиімділігіне күмәнмен қарағаны секілді бұл ескертулерге де сенбейді, – дейді Досым Сәтпаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG