Accessibility links

Миннеаполисте полиция қара нәсілді азаматқа оқ атқаннан кейін наразылық тұтанды


АҚШ-та полиция жаралаған 20 жастағы қара нәсілді азамат қаза болды. Оқиға Миннесота штатында – бір жылға жуық уақыт бұрын полиция афроамерикалық Джордж Флойдты тұншықтырған жерге жақын маңда болған. Бұл оқиғадан кейін Миннеаполисте наразылық тұтанды. 11 сәуір түнде тәртіп сақшылары Миннеаполистің солтүстік-батысындағы Бруклин-сентер қаласының полиция бөлімшесі маңына жиналған жүздеген адамға жас ағызатын газ шашып, түтін құтылар қолданған. Reuters-тің жазуынша, наразылар екі полицияның көлігін таспен атқылаған.

Бруклин-сентер полиция департаментінің мәліметінше, полиция қызметкерлері жол ережесін бұзды деген айыппен ер адамды тоқтатқан. Полицейлерде оны тұтқындауға рұқсат қағаз болған.

Департаменттің хабарлауынша, полиция ер адамды ұстамақшы болған кезде ол көлігіне отырып, қашып кетуге тырысқан. Полиция соңынан оқ атып, соның нәтижесінде ер адам жараланған.

Ол бірнеше квартал жүріп өткеннен кейін басқа көлікке соқтығысып, сол жерде қаза болған. Қылмыстық істер жөніндегі бюро оқиғаны тергеп жатыр.

Қала басшысы Майк Эллиот оқиғаны "трагедия" деп атап, наразыларды митингіні бейбіт жалғастыруға үндеген.

Бір жылға жуық уақыт бұрын Миннеаполисте 46 жастағы қара нәсілді азамат Джордж Флойд полиция қолынан қаза тапқаннан кейін АҚШ-тың жүздеген қаласында нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары өткен. Қазір мұнда Флойдтың өліміне қатысты айыпталған бұрынғы полицей Дерек Шовиннің соты өтіп жатыр. Оған адам өлтіру және тұншықтыру бойынша айып тағылған. Видеода полицейдің Флойдты тұншықтырып, дем ала алмай жатқанына қарамастан 9 минуттан астам уақыт басып ұстағаны көрінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG