Accessibility links

"Экстремистік ұйым жұмысын ұйымдастырды" деп айыпталған Қайырбектің соты басталды


Асқар Қайырбек Нұр-Сұлтанда "Қытай экспансиясына" наразылық білдірдіп тұр. 18 тамыз, 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 сотында "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Асқар Қайырбекке қатысты онлайн режимдегі сот процесі басталды.

Сотқа VERITAS құқық қорғау ұйымының өкілдері бақылау жасады. Мемлекеттік айыптаушы ретінде отырысқа Сарыарақа ауданының прокуроры Дархан Қалқаманов қатысты.

Асқар Қайырбек бұл отырыстың бүгінге тағайындалғанын білмейтінін, өзін сотқа аяқасты алып келгенін айтты. Адвокат Гүлшат Дүйсенова да не Асқар Қайырбекті, не өзін бұл іспен ешкім таныстырмағанын әрі айыптау актісі негізсіз, жалпылама сөздермен жазылғанын айтып, оны қайта тергеуге қайтаруды өтінді.

– Тағы бір өтіншім – Асқар Қайырбекке қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймын. ЕЦ66/1 мекемесі карантинді және коронавирус пандемиясын көлденең тартып, мені онымен жолықтырмады. Бірақ прокурорлар мен тергеушілер емін-еркін кіріп жүрді. Мен мұны дискриминация деп санаймын, – деді ол.

Бірақ судья Болат Пазылов адвокат айтқан айыптау актісіндегі олқылықтарды сот талдауы барысында анықтайтынын, бұлтартпау шарасын өзгертуді қарауға уақыттың аздығын айтып, істі қарауды кейінге қалдырды.

Келесі сот отырысы 23 сәуірге белгіленді.

44 жастағы Асқар Қайырбек 22 желтоқсанда тағы бір белсенді Ербол Есхожинмен бірге қамауға алынған. Оларды қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына қатысты болғаны үшін Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағымен "экстремистік ұйымның ісіне араласты" деп айыптаған, кейін сарапшы зерттеуі негізінде, осы баптың 1-тармағы бойынша "экстремистік ұйым құрды" деген айып қосылған.

Қылмыстық кодексте "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысқандарды" 2 жылға дейін, ал оны "ұйымдастырғандарды" 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Биыл қаңтарда Асқар Қайырбекті түрме қызметкерінің тергеу изоляторында соққыға жыққаны хабарланған. 12 қаңтарда белсенді түрме қызметкерінің үстінен шағым түсіріп, кейінірек Нұр-Сұлтан полициясы "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (362-бап) бабы бойынша іс қозғаған. Әзірге ол істің немен аяқталғаны белгісіз.

Асқар Қайырбек – Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғауды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға белсене қатысып жүрген адам. Ол бұған дейін де азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-тен 15 тәулікке дейін қамалған.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына Қазақстан соты тыйым салғанымен, Еуропарламент оны "бейбіт ұйым" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG