Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған бір топ адам наразылықты СІМ ғимараты алдында жалғастырды


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы консулдығы ғимараты алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруға көмек сұрап тұрған бір топ адам. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы консулдығы ғимараты алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруға көмек сұрап тұрған бір топ адам. Алматы, 14 сәуір 2021 жыл.

14 сәуірде сыртқы істер министрлігі консулдық қызметі департаментінің Алматыдағы ғимаратына бір топ азамат келіп, арыз тапсырды. Қытайда жазықсыз сотталып кеткен туыстарын босатып, үйқамақта отырған жақындарын Қазақстанға жіберуді талап етіп, 66 күннен бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы ғимараты алдында тұрған топ сәрсенбі күні консулдық қызметке жүгінді.

Әкесінің Қытай түрмесінде белгісіз жағдайда қайтыс болғанын, туыстары әкесін арулап көме де алмағанын айтқан Ақиқат Халиолла "енді екі інім мен анамнан да еш хабар жоқ. Үйде емес. Қытай сақшылары алып кеткен. Өлі-тірісін де білмейміз" деді.

Департамент алдына жиналғандардың бірі Шынәділ Жаңбырбайұлы да Қытайда қалған бірнеше туысының тағдырына алаңдады.

– Туған ағам Жеңісхан Жаңбырбайұлы алты жылға сотталыпты. Боро-Толо облысында. Бұдан басқа тағы бір туысқан ағам мен жеңгемді және апайымды он жылға соттаған. Бірақ оларды не үшін соттағанын біле алмаймыз. Қытай үкіметінен осы кісілерді босатуды талап еттік. Осы кісілерді босатып, Қазақстанға қайтарса, - дейді Шынәділ Жаңбырбайұлы

Туыстарын босатуға көмектесуді сұрап келген топтың арызын консулдық қызметі департаментінің кеңесшісі Ғазиз Ағыбаев қабылдады.

Арыз тапсырушылардың бірі Гүлнар Қосдәулетқызы "Бұрын қаншама хат бердік. Қытайдың ішкі ісіне араласа алмаймыз. Бірақ Қазақстан азаматы отбасының екіге бөлінгенін қаламаймыз. Жағдайды қарастырамыз" деп жауап бердіңіздер. Қарастырып төрт жыл жүрдіңіздер. Бізде тағы да төрт жыл жүреміз бе деген уайым бар" деді. Ал консулдық қызмет департаментінің өкілі "Арыздарды жинадық. Арыздармен жұмыс істейміз" деп қысқа қайырды да ғимаратқа қайта кіріп кетті. Бұдан соң наразы топ ғимарат сыртында Шыңжаңдағы туыстарының суретін ұстап тұрды.

  • Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
  • Наразылықтың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында екі айдан астам уақыттан бері жалғасып жатыр. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
  • Жақында Қытайда түрмеде – 13 жыл, "саяси лагерьде" – 1,5 жыл қамауда болған Шыңжаң қазағы Рақыжан Зейнолла Қазақстанға оралған. Оның әйелі Фарида Қабылбек бірнеше жыл бойы күйеуінің бостандығы үшін күресіп, пикет өткізген. Кейбір мамандар Қытайдың оны босатуына халықаралық қысым себеп болды деп санайды.

Қарай отырыңыз: "Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды (9 сәуір 2021 жыл).

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00
  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG