Accessibility links

Астаналық белсенділер 405-баппен сотталғандарды қолдау акциясын өткізді


Белсенділер Ербол Есхожинді босатуды талап етіп, Есіл өзені жағасында акция өткізді. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір, 2021 жыл.
Белсенділер Ербол Есхожинді босатуды талап етіп, Есіл өзені жағасында акция өткізді. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір, 2021 жыл.

14 сәуірде бір топ белсенді Нұр-Сұлтанда, Есіл өзені жағасында Қылмыстық кодекстің 405-бабымен "экстремистік ұйым құрды" деп айыпталып, соты жүріп жатқан азаматтық белсенді Ербол Есхожинді қолдаған акция өткізді.

Қолына ағылшын, орыс тілінде жазылған "Ербол Есхожинге бостандық" деген жазуы бар плакаттар ұстаған олар өздері "саяси себеппен қудаланды" деп санайтын адамдарды босатуды талап етті.

Азаматтық белсенді Асқар Сембайдың айтуынша 405-баппен қудаланғандарды қолдау акциясы үш күннен бері жалғасып жатыр.

– Бірінші күні Әлия Жақыпованы, кеше Асқар Қайырбекті, бүгін Ербол Есхожинді қолдап келіп тұрмыз. Түстен кейін Айнұр Мырзалиеваның соты болады, оған да қолдау көрсетеміз. Белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етеміз, – деді ол.

– Біз оларды босатуды талап етеміз. Бізге тіпті осындай ұсақ-түйек акцияны да өткізуге мүмкіндік бермейді. Еркін жүріп-тұруға мүмкіндік жоқ. Бұл наразылығымызды айдалада емес сот ғимаратының қасында өткізгіміз келген, бірақ оған мүмкіндік жоқ , – деді тағы бір белсенді Ғадылбек Серікбаев.

Жиналғандарды полиция қызметкері алыстан видеоға түсірді. "Бостандық! Бостандық!" деп айқайлаған белсенділер аз уақыттан соң үйлеріне тарап кетті.

Қазақстан билігінен азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауын тоқтатуды талап еткен мұндай акцияны астаналық белсенділер 12 сәуірде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар кеңсесі алдында да өткізген. Олар елдегі адам құқықтары ахуалына сол күні Қазақстанға ресми сапармен келген ЕҚЫҰ төрағасы Анн Линденің назарын аудармақ болған.

Аталған азаматтар Қазақстан билігіне сын айтатын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына және "Көше партиясына" қатысты болғаны үшін Қылмыстық кодекстің 405-бабымен "экстремистік ұйым жұмысына қатысты не оны ұйымдастырды" деп сотқа тартылып жатыр.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG