Accessibility links

Қырғызстан соты қамаудағы экс-президент Алмазбек Атамбаевтың денсаулығын тексеруді тапсырды


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың денсаулығын сот-медициналық сараптама мамандары тексереді. 2019 жылы Қой-Ташта болған оқиға бойынша істі қарап жатқан судья сондай шешім шығарған.

Сот шешімін Қырғызстан социал-демократиялық партиясының өкілі, іске қатысушылардың бірі Құндыз Жолдыбаева хабарлады. Бұл партияны бұрын Атамбаев басқарған. Партия өкілінің сөзіне қарағанда, Қой-Таштағы оқиға бойынша іс сараптама нәтижесі дайын болғанға дейін тоқтатылған.

Атамбаев 2020 жылдың желтоқсан айында денсаулығына байланысты тергеу изоляторынан колонияға ауыстырылған. Кейінгі айларда сотқа мүлде қатыспаған. Адвокаттары бұлтартпас шарасын өзгерту туралы бірнеше рет өтініш берген.

Атамбаев Қырғызстанды 2011 - 2017 жылдар аралығында басқарған. Қызметінен кеткеннен кейін оған ауыр айыптар тағылды. Ол істің саясиланғанын айтып, айыптарды мойындамады.

2019 жылы 7-8 тамызда Қой-Ташта экс-президент Алмазбек Атамбаевты қылмыстық топ жетекшісі Батукаевтың заңсыз босатылуына байланысты тергеу үшін күшпен әкетпек болған. Операция кезінде арнайы жасақ өкілі қаза болды, 200-ден астам адам жарақаттанды.

Ішкі істер министрлігінің тергеу басқармасы 19 адамға айып тақты. Арасында Алмазбек Атамбаев та бар. Қой-Таштағы оқиғадан бөлек, Атамбаевқа Бішкек жылу электр орталығын жаңарту кезінде ақша жымқыру, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру және заңсыз баю, "Терек" сүрме кенішін заңсыз иеленуге қатысты істер бойынша айып тағылған.

2020 жылы маусым айында Атамбаев қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босатты деген айыппен, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. 30 қарашада жоғарғы сот алғашқы инстанциядағы сот үкімінің күшін жойып, істі Бішкек қаласының Первомай аудандық сотына қайта қарауға жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG