Accessibility links

"Жақсы ғылым, нашар маркетинг". Ресейліктер "Спутник V" вакцинасына неге сенбейді?


Венесуэла астанасы Каракас қаласындағы әуежайда Ресейден жеткізілген "Спутник V" вакцинасын ұшақтан түсіріп, арбаға тиеп жатқан жұмысшылар.
Венесуэла астанасы Каракас қаласындағы әуежайда Ресейден жеткізілген "Спутник V" вакцинасын ұшақтан түсіріп, арбаға тиеп жатқан жұмысшылар.

Әлемдегі коронавирус инфекциясына қарсы қолдануға рұқсат етілген ең алғашқы вакцина – ресейлік "Спутник V" былтыр тамызда тіркелді. Кремль бұл оқиғаны зор жетістік деп бағалады. Бірақ маркетингке байланысты олқылықтар мен өндірістегі қиындықтар препараттың таралуына кедергі келтірді.

Қаңтарда 67 жастағы Василий Власов коронавирус жұқтырып алды. Әйткенмен ғалым өзінің жолы болғанын айтады. Оның симптомдары ауыр болмаған, созылмалы жанама әсері де байқалмаған.

Власовтың әлемде коронавирус инфекциясына қарсы алғашқы болып тіркелген және үкімет қолдануға рұқсат еткен ресейлік "Спутник V" вакцинасын салғызуға мүмкіндігі бар. Бірақ ол екпе алмаған және алдағы уақытта да алғысы келмейді. Себебі ол вакцинаға сенбейді.

"Вакцинаның пайдасы мен қауіпсіздігіне көз жеткізгім келеді. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын оның сапасына да сенімім азайды" дейді Мәскеу жоғары экономика мектебінің қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша зерттеушісі, эпидемиолог дәрігер Василий Власов.

Былтыр жазда әлемде ең алғашқы болып Ресей вакцинасы тіркелген кезде Кремль мұны триумф деп бағалады. Lancet ғылыми журналында бұл вакцинаның оң әсер ететіні туралы кештеу болса да жарияланған мақалаға қарамастан, жаңа препарат жайлы шат-шадыман көңіл күйді "билік процесті саяси себептермен асықтырып жібергенге ұқсайды" деген күмән басып тастаған еді.

Симферопольде коронавирусқа қарсы вакцина алу үшін кезекке тұрып, құжат толтырып жатқан адамдар.
Симферопольде коронавирусқа қарсы вакцина алу үшін кезекке тұрып, құжат толтырып жатқан адамдар.

Сарапшылардың сөзінше, вакцинаның таралуы көптеген кедергіге, оның ішінде маркетингке байланысты проблемаларға тап болған. Ресейдегі вакциналау науқаны индустриясы дамыған елдерден едәуір артта қалған. Ресей мен басқа да елдерде препараттың кеңінен қолданылуына өндірістегі мәселелер де кедергі келтірді. Осылайша Ресей қуатты ғылыми әлеуеті бар мемлекет атану мүмкіндігінен айырылды.

"Егер Ресей алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы тиімді және қауіпсіз вакцина жасағанына мақтау естіп, ризашылыққа бөленгісі келсе – әрі бұл лайықты мақтау болар еді – әу бастан ашық болу стратегиясына жүгінуі керек еді" дейді Ресей мен Еуразиядағы денсаулық сақтаудың жаһандық мәселелері бойынша сарапшы, Вирджиния достық университетінің саясаттанушысы Джуди Твигг.

"Олар әу бастан реттеуші процестерден аттап өтіп, өз-өзін "зақымдады", одан кейін (вакцинаны) жарнамалау науқаны кезінде де шектен шығып кетті" деді сарапшы Азаттық радиосына.

КҮМӘН ТУҒЫЗҒАН НЕ?

Ресей президенті Владимир Путин былтыр 11 тамызда "Спутник V" вакцинасы тіркелгенін мәлімдеген кезде мұны "еліміз және бүкіл әлем үшін бірінші әрі өте маңызды қадам" деп атап, вакцина жасау жұмысына қатысқан ғалымдарға алғыс білдірді.

Вакцинаны Ресейдегі ең танымал ғылыми институттардың бірі – Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық орталығы жасаған.

Былтыр көктемде бүкіл әлемде пандемия жылдам тарап жатқан шақта Гамалея орталығы тиімді "векторлы" вакцина жасағанын хабарлады. Орталық мамандары вакцина жасау жұмысында жеңіл тұмау туғызатын вирустар тобын – аденовирустарды пайдаланған. Аденовирусты вакцина тұрақты саналады және өте төмен температурада сақтауды қажет етпейді.

Салыстыру үшін айтсақ, қазір әлемде қолданылып жүрген Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарын жасау барысында ағзада антидене реакциясын туғызу үшін аздаған генетикалық код пайдаланылған.

Johnson & Johnson компаниясы жасаған тағы бір АҚШ вакцинасы да дәл сол аденовирус технологиясын пайдаланған. Бірақ ол бір дозаны қажет етеді. Ал Гамалея вакцинасын екі рет салу керек. Ғалымдардың айтуынша, ұзақмерзімді және жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін адам ағзасына екі жеке аденовирусты кезегімен салу керек.

Венгрияда ресейлік "Спутник V" вакцинасын алып отырған адам..
Венгрияда ресейлік "Спутник V" вакцинасын алып отырған адам..

Ресей вакцинасын насихаттаушылар оның үш деңгейден тұратын клиника сынағынан өтуін күтпей, аздаған ерікті мен әскери қызметкерлерге тәжірибе ретінде препарат салудың нәтижесіне қарап, вакцинаның коронавирусқа қарсы оң әсер ететінін жариялауға асықты. Сондықтан жұрт ресейлік вакцинаға әу бастан бүге-шігесіне дейін үңіліп, шұқшия қарайды.

Ресей де қоғам мен сарапшылар назарына вакцинаны сынау нәтижелері туралы толық мәлімет ұсынбады. Негізі сондай толымды ақпарат жариялау стандартты шара саналады.

Вакцина тіркелгеннен кейін алты айдан соң ақпанда британиялық The Lancet медицина журналы 20 мың ресейлік қатысқан "Спутника V" зерттеуі туралы мақала жариялады. Зерттеу вакцинаның пайдалы әсері 91 пайыз екенін көрсеткен.

Бірақ басқа зерттеушілер мен ғалымдар "Спутник V" туралы жарияланған материалдардағы негізгі деректерге күмән келтірді. Олар деректердің клиникалық сынақтардың бірінші және екінші кезеңдерінде берілген мәліметтермен сәйкес келмейтінін айтты.

"Біздің алаңдаушылығымыз олардың зертханада қалай жұмыс істейтініне емес, қалай қарым-қатынас құратынына, қаншылықты ашық екеніне, мәліметтерді қалай жариялайтынына байланысты" деді АҚШ-тағы Темпл университетінде сабақ беретін италиялық биохимик Энрико Буччи. Оның ресейлік әдістеме кемшіліктері туралы әріптестерімен бірге жазған хаты Lаncet журналынад, басқа да жерлерде жарияланған.

"Бұл өте маңызды жағдай: вакцина жасауға қатысқан ресейлік ғалымдар мен ғылыми институттардың біліктілігін ешкім жоққа шығармайды" дейді Твигг.

"Гамалея орталығының ғылыми қабілетіне ешкім күмәнданбайды. Бұл саясат және PR (қоғаммен байланыс). Бұл ұйымдастырушы құрылымның ең жоғары жағында тұрған адамдар. Олар вакцинаның маңызы мен сапасы туралы асыра айтып, ғалымдар мен ғылыми мекемелерге пайдасынан гөрі зиянын тигізіп жатыр" деді ол.

"КЕРЕМЕТ ЖЕТІСТІК"

Ресей содан бері тағы екі вакцинана мақұлдады: қазан айында EpiVacCorona вакцинасын еш дабырасыз тіркеді. Бірақ маркетинг пен жарнама әсерінен "Спутник V" қоғам назарына жиі ілінді. Ал бұл насихатқа негізінен, Ресейдің тікелей инвестиция қоры жауап береді.

Миллиардтаған доллар қаржы жинақталған, РДИФ деп аталып кеткен ұлттық әл-ауқат қоры вакцина мен онымен аттас, 1957 жылы алғаш рет жер орбитасына ұшырылған совет спутнигін байланыстырып видео жариялады.

РДИФ Twitter-дегі аккаунтында вакцинаны жарнамалап, оның қолданылуын мақұлдаған елдерді мақтайды. Сонымен қатар басқа вакциналарды кемсітіп, пайда болған қиындықтар туралы жазады. Соның ішінде науқастарда тромб пайда болу қаупі бар болғандықтан, Еуропада таралуы тоқтатылған AstraZeneca вакцинасы туралы да жазған.

"Спутник V" вакцинасын алу үшін кезек күтіп отырған адамдар. Нұр-Сұлтан, Қазақстан.
"Спутник V" вакцинасын алу үшін кезек күтіп отырған адамдар. Нұр-Сұлтан, Қазақстан.

РДИФ атқарушы директоры Кирилл Дмитриевтің Кремльмен тығыз байланысты екені, оның әйелі Путиннің қыздарының бірімен жақсы араласатыны жиі айтылады.

RDIF комментарий беруін сұраған Азаттық радиосының хаттарына жауап бермеді.

2 сәуірде Путинмен кездескен Дмитриев вакцинаны "Ресей ғылымының керемет жетістігі" деп атады және оны "бүкіл әлем мойындады" деп мәлімдеді.

ВАКЦИНАЛАУ НАУҚАНЫНДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ

Ресейден басқа тағы 40-қа жуық мемлекет "Спутник V" вакцинасын пайдаланады немесе пайдалануды жоспарлап отыр. Ресейден клиникадағы сынақтар туралы көбірек мәлімет сұраған Еуроодақ елдерінде ресейлік вакцинаны тек Венгрия пайдаланады. Еуроодақта вакциналаудың баяу жүріп жатқанына көңілі толмаған Чехия, Словакия, кейінірек Германия Бавария өлкесі де "Спутник V" сатып ала бастады.

Мұның бәрі Еуропа шенеуніктерінің, әсіресе, өткен айда Ресейдің "Спутник V" вакцинасын насихаттау және шетелге сату себебіне күмән келтірген Еуроодақ президенті Шарль Мишельдің көңілін түсірді.

Словакцияның вакцина сатып алу шешімі де ресейлік препаратты қолдау белгісі ретінде қабылданды. Бірақ кейін мұның премьер-министр Игорь Матович қол қойған құпия келісім екені белгілі болды. Ресейдің ықпалына алаңдаған үкімет шенеуніктері оның отставкаға кетуін талап етті.

Бірнеше апта өткен соң Словакияның реттеуші органы жария түрде ресейлік вакцинаға күмән келтірді және оның өндірісінде қиындықтар пайда болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар агенттік Ресейден жеткізілген вакцина дозаларының The Lancet журналындағы сипаттамадан өзгеше екенін мәлімдеді.

Ливияның Триполи қаласындағы әуежайда Ресейден жеткізілген "Спутник V" вакцинасын тасып жатқан жұмысшылар.
Ливияның Триполи қаласындағы әуежайда Ресейден жеткізілген "Спутник V" вакцинасын тасып жатқан жұмысшылар.

Осы оқиғадан кейін РДИФ Твиттер-аккаунтында Словакия мәлімдемесін "жалған ақпарат" деп атап, агенттікті "іріткі салды" деп айыптады. Бірақ мәлімдемелердің ешбіріне дәлел келтірмеді. Сонымен қатар ол ресейлік вакциналарды қайтаруды талап етті.

Буччидің айтуынша, вакцина жеткізу келісімшарттары қоғамнан жасырын өтеді және Словакцияның "Спутник V" алу туралы келісімі де ерекшелік емес.

"(Келісімшартқа) онымен ешкім таныспай жатып қол қойылуы қиындық туғызды" дейді Буччи.

ӨНДІРІСТЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР

"Спутник V" вакцинасының жетістігіне кедергі келтіріп тұрған тағы бір мәселе – өндіріс. Сарапшылардың айтуынша, Ресейде мемлекет қажетін өтеп, шетелдік тапсырысты қанағаттандыру үшін өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік жоқ. Бұл кей тапсырыстарды жеткізуде қиындық туғызды.

Нәтижесінде, Ресей өз вакцинасын Үндістан мен Оңтүстік Кореяда өндіріп, қайта өздеріне импорттай бастаған. Мұны Путинге Дмитриев нұсқады.

"Біздің бағалауымызша, Ресей қазір вакциналау лидерлерінің бірі ғана емес. Біз Ресейдегі және шетелдегі өндіріс қуатын пайдалана отырып, Ресейдегі вакцина алғысы келетін адамдардың бәріне маусымға дейін вакцина ұсына аламыз" деді ол.

Шын мәнінде, Ресей халықты вакциналау бойынша көш бастап тұрған жоқ. Басқа мемлекеттердегі вакциналаудың төрт айғы өзгерісіне қарамастан, Ресей сәуірдің басында вакцинаның бір дозасын халықтың 6 пайызына ғана салды

Салыстыру үшін айта кетсек, Ұлыбританияда халықтың жартысы вакцинаның алғашқы дозасын алды. АҚШ-та бұл көрсеткіш 37 пайыз, Германия мен Францияда – 15 пайыз.

"Басты фактор – өндіріс, олар өндірісті ұлғайтуы қажет. Олар бұл жағдайды түзете ала ма, ол жағы маған да, басқаларға да түсініксіз" дейді Буччи.

Қоғамда жүргізілген сауалнама нәтижесі респонденттердің 60 пайызы вакцинаға сенбейтінін көрсетті. "Ақыр соңында бір мезетте екі мәселе туындады" деді Власов Азаттыққа. Вакцинаны зерттеу өте жоғары деңгейде жүргізілді. Бірақ "батыстың аналогтарымен салыстырғанда, зерттеудің, талдау мен мәліметтердің кей элементтері сол деңгейде жүргізілмегені анық".

"Екінші мәселе, өкінішке қарай, маркетинг. Маркетинг – бұл (Ресейде) соңына дейін игерілмеген ғылым" деді ол.

Солтүстік Македонияда ресейлік "Спутник V" вакцинасын жаппай салу науқаны кезінде ұйымдастырылған орындардың бірі.
Солтүстік Македонияда ресейлік "Спутник V" вакцинасын жаппай салу науқаны кезінде ұйымдастырылған орындардың бірі.

РДИФ-тің Ресейден тыс жерлерде белсенді жүргізген маркетингіне қарағанда, Ресейдің өз ішінде маркетинг немесе қоғаммен байланыс науқандарының белгісі аз. Ресейдің кей қалаларында дәрігерлердің жұртты вакцина алуға шақырған жарнамасы ғана ілінді.

Кремльдің ірі телеарналар мен басылымдарды бақылап отырғанын ескерсек, келісілген жарнама науқанының жоқтығы бақылаушыларды алаңдатып отыр. Путиннің вакцинаны жария түрде алғысы келмейтіні тағы бар. Ал негізінен, фотографтар мен телекамера алдында вакцина алу – вакциналауды насихаттаудың ең қарапайым жолы.

Власовтың айтуынша, Ресей келісілген маркетинг науқанын қолға алса да, оған ең басты кедергіден өту қиын болады: "Ресейліктер үкіметке сенбейді, мемлекеттік институттарға, агенттіктерге сенбейді. Менің ойымша, вакцинаға қарсы әрекетінің ең негізгі себебі осы" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG