Accessibility links

Тоқтоғұлда су азайып барады. Мұның көршілерге зардабы қандай?


Қырғызстандағы Тоқтоғул су электр станциясы
Қырғызстандағы Тоқтоғул су электр станциясы

Қырғызстан электр энергиясының көп бөлігін су электр станциясынан (СЭС) алады. Елдегі ең ірі су электр станцияларының бірінде су азайып, соның кесірінен электр энергиясы да кеміді. Бұл көрші Қазақстан мен Өзбекстанды алаңдатып отыр. Неге?

ТОҚТОҒҰЛДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Қырғызстанда егіс суарғанда жаңбырға қарап отырудың қандай қиын екенін әр диқан біледі. Жаңбыр кейде тым аз, кейде тым көп жауады.

Таяу жылдары Қырғызстанда көп адам су тапшылығының зардабын тартуы мүмкін. Себебі электр энергиясының 90 пайызын су электр станцияларынан алатын мемлекетте ұзақ құрғақшылық кесірінен болған мәселелер маңайдағы халыққа ғана емес, көрші елдерге де әсер етуі ықтимал.

Қырғызстанның Тоқтоғұл су электр станциясы 1975 жылы, яғни, совет заманында ашылған. Қуаты 300 мегаватт болатын 4 электр блогы энергия өндіре бастағанға дейін резервуар дайындап, оны толтыруға 15 жылдай уақыт кеткен.

Бұл Қырғызстанның су электр энергиясының әлеуетін пайдалану мақсатындағы алғашқы талпынысы болды және қазір де ол бар қуатының 10 пайызын пайдаланады.

Кейінгі жылдары станция жабдықтары ескіріп, проблема көбейген.

Қырғызстандағы Тоқтоғұл суқоймасы.
Қырғызстандағы Тоқтоғұл суқоймасы.

2015 жылдың желтоқсанында турбиналардың бірі істен шығып, бір аптаға жетпес уақыт ішінде төрт блоктың үшеуі істемей қалған. Соның кесірінен қақаған қыс ортасында билік электр энергиясын шектеп беруге мәжбүр болды. Қазір су электр станциясы қайта жөнделіп жатыр. Бұл жұмыс барысында ескі жабдықтар ауыстырылып немесе қалпына келтіріліп, өндірістің жалпы көлемі 1440 мегаваттқа жеткізілмек.

Тоқтоғұл су қоймасы Кементуб алқабының батысында, Нарын өзенінің бойында орналасқан. Бұл өзен Өзбекстанға ағып, Орталық Азиядағы ең ірі екі өзеннің бірі – Сырдарияға қосылады да, Қазақстанға дейін барады.

Тоқтоғұл СЭС-і Қырғызстан электр энергиясының 40 пайызын береді. Бірақ кейінгі кездері суқоймадағы су көлемі азайып жатқандықтан, оның жұмысы тоқтап қалуы мүмкін.

2017 жылдың тамызында онда 19,5 млрд текшеметр су жиналып, резервуар түгел толған. Бірақ 2021 жылдың 30 наурызында Қырғызстан энергетика министрі Кубанычбек Турдубаев су көлемі 8,7 млрд текше метрге дейін түсіп кеткенін айтты.

Турдубаевтың айтуынша, суқоймадағы су көлемі 8,5 млрд текшеметрден төмендесе, Тоқтоғұл су электр станциясының жұмысы бұзылады. Су көлемінің азаю жылдамдығына қарап, су деңгейі жақында осы шектік мөлшерге жетуі мүмкін деп болжауға болады.

22 наурызда Қырғызстанның электр энергиясын тасымалдаушы «Электр станциялары» компаниясы Тоқтоғұлдағы су деңгейі 8,83 млрд текшеметр болғанын хабарлады.

Турдубаевтың айтуынша, кейінгі бірнеше жылда суқоймадан шығатын су көлемі құятын судан асып кеткен. Сондықтан су көлемі жылына 1,5-1,8 текше метрге азайып отырады.

КӨРШІ ЕЛДЕРДІ НЕ МАЗАЛАЙДЫ?

Бұл мәселені шешудің ең оңай жолы – резервуардан су шығатын жердің бәрін жауып тастап, су толтыру. Бірақ Тоқтоғұл Қырғызстанның ішкі энергиясының ғана көзі емес. Оның суын тағы екі мемлекет пайдаланады. Тоқтоғұл су қоймасынан шығатын судың 80 пайызы Өзбекстан жерінде Сырдария өзеніне қосылады.

Бұл су ағыстың төмен жағында орналасқан екі мемлекеттегі ауыл шаруашылығы үшін өте қажет. Қазақстан Қырғызстанға сағатына 1 млрд, Өзбекстан 750 млн киловатт электр энергиясын экспорттауға сөз берді. Осылайша екі ел Қырғызстанның электр энергиясы мәсселелерін шешуге көмектеспек.

Бұл Қырғызстанға Тоқтоғұл СЭС-і пайдаланатын су мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Үш тарап та қазір Тоқтоғұлдағы су деңгейі көтерілуі үшін қардың ерігенін және көктемгі жаңбырды күтіп отыр. Бірақ бұл су деңгейін көтеретініне кепілдік жоқ.

Қазақстан мен Өзбекстан да биыл ауыл шаруашылығы жеріне қажет суды резервуардан алғысы келеді.

Ал электр энергиясының импортына келсек, Өзбекстан мен Қырғызстанның өзара энергия алмасуға келіскені хабарланды. Құжатқа сәйкес, наурыз-қазан және келер жылдың наурыз-сәуірінде Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын экспорттайды. Ал Қырғызстан Өзбекстанға 2021-2023 жылдары маусым-тамызда электр энергиясын жібереді.

СУ ТАПШЫ, АҚША АЗ

Бірақ Турдубаевтың айтуынша, Қырғызстан екі мемлекетке де электр энергиясының импорты үшін ақша төлеуі тиіс. Ол ақшадан тапшылық көріп отырған мемлекет бұл төлемді бірден жасай алмайтынын айтты.

«Біз оларға жағдайды түсіндірдік және [электр энергиясын] қарызға беруді сұрадық» деді Турдубаев.

Қазақстан мен Өзбекстан электр энергиясы үшін төмен тариф бекітуге сөз берді. Дегенмен, Қырғызстанның жаңа басшылығы мемлекеттің қарызын азайтуға уәде беріп отыр, сондықтан қазір олар ешқандай қосымша қаржылық жүктемені қоштай қоймас.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстаннан электр энергиясын импорттау Тоқтоғұл СЭС-індегі судың азаюынан қалыптасқан дефициттің орнын толтыруға жетпейді.

Турдубаев күн жылынғанда өнімділігін төмендететін басқа электр станцияларына қыстағыдай қуатпен жұмыс істеуді тапсырды. Ол Бішкек жылу электр энергиясы станциясын (ЖЭС) нақты атады.

Көмір жағатын Бішкек ЖЭС-і Қырғызстан астанасы Бішкек ауасын ластайтын негізгі орын саналады. Былтыр қыста бұл ЖЭС әлемдегі ауаны ең қатты ластаушылардың бірі деп танылды және ол денсаулыққа өте зиян саналады.

Тоқтоғұл өндіретін таза электр энергиясы Бішкектегі және басқа қалалардағы ауаның ластану мәселесін жеңілдете алады.

Бішкек аспанындағы қою түтін
Бішкек аспанындағы қою түтін

Тоқтоғұл Бішкектегі ауаның ластану мәселесін шешуге көмектесіп жатыр. Бірақ Қырғызстан астанасының аспаны бұрығыдан да қоюлана түсуі мүмкін.

Қырғызстан электр энергиясын экспортқа шығару үшін ұзақмерзімді жоспар жасау кезінде қазіргі құрғақшылықты ескеруі тиіс. Мемлекет көп жыл бойы электр энергиясын тікелей көршілерге экспорттады. Ол кезде елдің ГЭС-ында су көлемі жеткілікті еді.

Бірақ елдің бұдан басқа жоспары көп.

3 сәуірде президент Садыр Жапаров Қырғызстанның оңтүстігіндегі Қара Бұлақ ауылында CASA-1000 атымен танылған «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» жобасына арналған электртасымалдаушы сымдар желісі құрылысының басталуына қатысты.

CASA-1000 жобасының мақсаты – жаз айларында Тоқтоғұл су электр станциясында шығарылған артық 1300 мегаватты Қырғызстан мен Тәжікстанның су электр станцияларынан Ауғанстан (300 мегаватт) мен Пәкістанға (1000 мегаватт) жеткізу. Жоба 2023 жылы басталады деп жоспарланған.

Бірақ Тоқтоғұл суқоймасындағы қазіргі жағдай ГЭС жұмысына қажетті судың да сұрауы бар екенін көрсетеді. Қырғызстандағы кей сарапшылар мемлекетте электр энергиясына сұраныстың артқанын және электр энергиясын экспорттаудан бұрын алдымен ішкі қажеттілікті қанағаттандыру керек екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG