Accessibility links

Иракта Covid емханасындағы өрттен 82 адам мерт болды


Ибн әл-Хатиб ауруханасына өрттен кейін жиналған адамдар. Бағдат, Ирак, 25 сәуір 2021 жыл.
Ибн әл-Хатиб ауруханасына өрттен кейін жиналған адамдар. Бағдат, Ирак, 25 сәуір 2021 жыл.

Бағдатта коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханада өрт шығып, 82 адам қаза тапты, 110 адам жарақаттанды. Бұл туралы Ирак ішкі істер министрлігі хабарлады.

Әзірге белгілі ақпаратқа қарағанда, сенбі, 24 сәуір күні Ибн әл-Хатиб ауруханасындағы палаталардың бірінде оттегі баллоны жарылған. Ирак премьер-министрі опатқа дәрігерлердің селқостығы кінәлі деп аурухана басшыларын жұмыстан шығарды.

"Мұндай мәселеде салақтық – қателік емес, қылмыс. Оны жасағандар жазалануы тиіс" деді Ирак премьер-министрі Мұстафа әл-Кадими.

Қаза тапқандардың кемі 28-і аурудың ауыр түріне шалдығып, жасанды желдету аппаратына қосылған науқас болатын дейді Адам құқығы жөніндегі жергілікті комиссияның баспасөз хатшысы Әли әл-Баяти. Тәуелсіз органға жататын бұл комиссия жартылай ресми мекеме саналады.

Өрт аурухананың екінші қабатында болған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жедел жәрдем қызметі кемі 200 адамды құтқарған.

Апат Иракта коронавирус індетінің екінші толқыны өршіп тұрғанда болды. Елде күн сайын шамамен 8 мың науқас тіркеліп жатыр. Вирус жұқтырғаны расталған 100 мыңнан астам науқастың 15,2 мыңы көз жұмған.

Осы оқиғадан кейін премьер-министр аурухана басшыларымен бірге Бағдат қаласы эр-Русафа аудандық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісін де жұмыстан шығарды. Өрт болған аурухана осы ауданда орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG