Accessibility links

Түркістан облысында алты сотталушы қарсылық ретінде денелерін тілген


Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Түркістан облысында қатаң режимдегі колонияда алты сотталушы жария түрде денелерін тілді. Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) комитетінің мәліметінше, сотталушылар "тінту шаралары мен ішкі тәртіпке қарсы шыққан". Бұл ақпаратты Informburo.kz сайты хабарлады.

"Қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан бірнеше сотталушы былапыт сөз айтып, ҚАЖ қызметкерлерінің заңды талаптарына наразылық білдіріп, қарсылық ретінде өз денелерін жарақаттады. Оларға колония қызметкерлері дереу медициналық көмек көрсетті. Жағдайлары орташа, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ" деді Түркістан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Талғат Әбдіранбаев.

Оқиғадан кейін колонияға шұғыл тергеу тобы келіп, фактіні (дене жарақаттау - ред.) тіркеген. Қызметтік тексеріс жүріп жатқаны хабарланды.

Ақпаратқа қарағанда, тінтуге ұлттық гвардия қызметкерлері, жеке қауіпсіздік қызметі, облыстық прокуратура, ҚАЖ өкілдері қатысқан. Шара кезінде "тыйым салынған заттар тәркіленген".

Аталған ИЧ-167/9 түзету мекемесінде ауыр және өте ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған 485 тұтқын жазасын өтеп жатыр деп айтылады.

Әзірге сотталушылардың туыстары ақпарат құралдарына ештеңе айтпады.

Кейінгі кезде Қазақстанда тұтқындардың қарсылық ретінде денелерін жарақаттауы, қасық немесе лезвие жұтуы сияқты оқиғалар жиілеген. Осы аптада Ақтау түрмесінде "түрме режимімен келіспей", қарсылық ретінде қасық жұтқаны белгілі болды. Жергілікті ҚАЖ департаменті сотталушыларға медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады.

Құқық қорғаушылар түрмеде мұндай оқиғалардың көбеюіне көп жағдайда түрмедегі азаптау мен қысым түрткі болатынын айтады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді. Ал билік былтыр жыл соңында 2020 жылы Қазақстан түрмелерінде азаптау тіркелмеді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG