Accessibility links

Қырғызстан тарабы: Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай тыныш


Өртенген үйінде тұрған адам. Баткен облысы, 2 мамыр 2021 жыл.
Өртенген үйінде тұрған адам. Баткен облысы, 2 мамыр 2021 жыл.

3 мамырдағы жағдай бойынша Баткен облысы тәжік-қырғыз шекарасы маңындағы аудан-ауылдарда жағдай тұрақты. Бұл туралы Қырғызстан ішкі істер министрлігі хабарлады.

Министрлік шекара маңында да тыныш, түнде ешқандай атыс болмады дейді.

"Шекара маңындағы ауылдардағы қауіпсіздікті милиция қызметкерлері, ішкі әскери мен күштік құрылымдар бақылап тұр. Блокпостар мен шекара маңында да қауіпсіздік шараларын күшейттік" деп хабарлады ІІМ.

28-29 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында қарулы қақтығыс болды. Қырғызстан билігі 34 адам қаза тапқанын хабарлады. Тәжік билігі зардап шеккендердің санын жарияламай отыр. Ал Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қақтығыстан 16 адам мерт болған.

Қырғызстанның Баткен облысында 78 үй, екі мектеп, фельшерлік пункт, үш шекара бекеті, балабақша, он жанармай станциясы, ішкі істер бөлімшесінің ғимараты, сегіз дүкен өртенген.

Душанбе қанша ғимарат зақымданғанын да айтпады. Бірақ зардап шеккен ауылдарға барған журналистер Ходжа Ало ауылындағы өртенген және бұзылған үйлердің суретін жариялады.

1 мамырда Баткен облысында екі елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің өкілдері делимитация және демаркация бойынша келіссөз өткізді. Кездесуден соң екі тарап атыс тоқтағанын, қақтығыс аймағына айналған жерлерден әскерилер әкетілгенін хабарлады.

Шекарадағы қақтығыс 28 сәуір кешке басталған. Тәжікстанның бір топ азаматы Көк-Таш маңында, шекарада орналасқан "Головной" су тарату орталығына бақылау камерасын орнатпақ болған. Бұл жағдай төбелеске, одан әрі тас лақтыруға ұласқан. Жанжалға Қырғызстанның Көк-Таш пен Тәжікстанның Ходжа Ало ауылының тұрғындары араласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG