Accessibility links

Covid: Қазақстанда 2086 науқас анықталды, 32 адам қайтыс болды


Медицина қызметкері тұрғынға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Алматы, сәуір айы 2021 жыл.
Медицина қызметкері тұрғынға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Алматы, сәуір айы 2021 жыл.

3 мамырда Қазақстанда 2076 адамның коронавирус тесті оң шықты. Бұл туралы 4 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ведомство коронавирус пневмониясы мен адам өлімі бойынша екі күн бұрынғы деректі жариялап келеді. 2 мамырда 10 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 32 адам өлімі тіркелген: 29 адам – коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Дүйсенбі күні Алматыда 658 науқас тіркелген. Бұл республика бойынша бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда – 250, Шығыс Қазақстан облысында – 77, Қарағанды облысында – 240, Атырау облысында – 44, Алматы облысында – 180, Батыс Қазақстан облысында – 73, Ақмола облысында – 137, Қостанай облысында - 26, Солтүстік Қазақстан облысында – 6, Шымкент қаласында – 65, Ақтөбе облысында – 27, Жамбыл облысында – 58, Маңғыстау облысында – 3, Қызылорда облысында – 73, Түркістан облысында 34 науқас тіркелген.

Ресми дерек бойынша, былтыр наурыздан бері Қазақстанда 330 071 адамнан коронавирус табылып, 3762 адам қайтыс болған. Бірақ бұл статистикаға "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" делінген мыңнан астам адам өлімі енгізілмеген.

Министрлік коронавирус тесті теріс, бірақ белгілері Covid дертіне ұқсас "пневмония" статистикасын 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіп келеді. Осы уақыттан бері елде 53 093 адам "коронавирус пневмониясына" шалдығып, 812 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі коронавирус пен коронавирус пневмониясы дерегін бөлек жариялап жүргенмен халықаралық ұйымдар екеуін біріктіріп есептейді.

4 мамырдағы дерек бойынша, қазір 45012 адам коронавирустан емделіп жатыр. 44 мыңнан астамының коронавирус тесті оң шыққан. 770 адамның халі ауыр, 192 науқастың жағдайы тым мүшкіл. 130 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Қазірге дейін 1 млн 422 мың адам екпенің бір дозасын болса да алған. 347,5 мың адам вакцинаның екі дозасын алған. Қазір халыққа ресейлік "Спутник V", QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының екпесі салынып жатыр.

Елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов халықтың көбіне вакцина жету үшін 1 мамырда "Спутник V" екпесінің екі дозасының арасын үш аптадан 45-90 күнге созған. Тәуелсіз ғылыми-медициналық Medsupport ұйымы Қиясовтың бұл шешіміне қарсы шығып, адам екінші доза алмаса вирус жұқтырып алуы мүмкін деп дабыл қаққан.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде 153 миллион адамға вирус жұққан. 89,9 миллион адам дерттен айыққан. 3,2 миллион адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG