Accessibility links

Партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендетуді көздейтін заң жобасы мақұлданды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

5 мамырда мәжіліс сайлау туралы конституциялық заң жобасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдың әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету және сайлау бюллетеньдеріне "Барлығына қарсымын" деген графа енгізу сияқты өзгерістер қарастырылған.

Заң жобасы туралы баяндама әзірлеген ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биыл жылдың екінші жартысында 836 ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Оған "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сай біліктілігі бар 25 жасқа толған кез келген азамат қатыса алады. Саяси партия мүшелері мен сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайыз қолын жинаған тәуелсіз кандидаттар да сайлауға түсе алады.

"Егер кандидат болмаса немесе бір адам ғана ұсынылған жағдайда аудан әкімінің екі немесе бір кандидатты ұсынуға құқығы бар. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін он күн бұрын өтеді. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады. Өз кезегінде сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы үшін халық алдында есеп береді" деді Әсет Ерғалиев.

Оның айтуынша, биыл ауыл әкімін сайлауға республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңге бөлінеді. Келесі жылы 351 ауыл әкімін сайлауға 3,1 млрд теңге бөлінеді. 2023 жылдан бастап мұндай сайлауға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады.

Қазіргі заңнама бойынша, ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары сайлайды. Әкімдікке кандидаттарды аудан әкімі жергілікті халық өкілдерімен кеңесе отырып ұсынауы тиіс.

Министр сәрсенбі күні сонымен бірге "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 қаңтар күнгі тапсырмасына сәйкес, мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың парламентке өту шегі жеті пайыздан бес пайызға төмендейді. Бұған қоса, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде "барлығына қарсымын" деген графа қосылады" деп мәлімдеді.

Қазақстанда сайлау бюллетенінен "барлығына қарсы дауыс беремін" деген жауап нұсқасы 2011 жылы кезектен тыс президент сайлауының алдында алынып тасталған.

5 мамырда мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын мақұлдап, кейбірі "Қазақстан саяси тұрғыда есейгендігінің жаңа белесіне шықты" деп мәлімдеді.

Қазіргі заңнама бойынша саяси партиялар парламентке өтуі үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауы тиіс. Осыған дейін кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіруді ұсынған.

2019 жылы президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған Тоқаев елде саяси реформа жүргізуге уәде беріп, былтыр елде соның бір қадамы ретінде бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдар қабылданған. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар, халықаралық сарапшылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG