Accessibility links

Шымкент полициясы журналистерге күш қолдану фактісінен "заңбұзушылық таппады"


Полиция қысымына шағымданып тұрған журналистер. Шымкент, 5 сәуір 2021 жыл.

Шымкент қаласының полиция департаменті Алтынтөбедегі наразылық кезінде полицияның журналистерге күш қолдануы бойынша қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы хабарлады. Қордың мәліметінше, полиция оқиғадан хабар таратқан журналистің жарақат алғанын анықтаса да, оқиғадан "қылмыстық құқықбұзушылық" таппаған.

"Әділ сөз" қоры осы аптада сәуірдің басында Шымкент маңындағы Алтынтөбеде болған оқиғаға байланысты полициядан жауап алған.

Шымкент қаласы полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының басшысы полковник Н.Жұмахметов "31-арна тілшісі Бахром Абдуллаевтың жарақат алғаны анықталды, бірақ бұл қылмыстық құқықбұзушылық емес, сол себепті қылмыстық іс тоқтатылып, Шымкент қаласы прокуратурасына зерттеуге жіберілді" деп хабарлаған.

4 сәуірде Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында тұрғындар алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына наразылық танытқан. Полиция ондаған адамды ұстаған. Қордың жазуынша, полицейлер осы оқиғадан хабар таратқан ақпарат құралдарына наразылықты түсіруіне кедергі жасаған, журналист Бахром Абдуллаевтың қолын жарақаттап, қолшатырын сындырған. "Астана" телеарнасының тілшісі Бахрамбек Талибжановқа қоқан-лоқы көрсетіп, Азаттық тілшісі Дилара Исаның телефонын тартып алуға тырысқан.

Осы оқиғаның ертесінде журналистер наразылығынан соң Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ерғали Жармұхамбетов "барлық оқиға тексеріледі, қызметтік тексеріс басталды, қысым жасағандар жауапқа тартылады" деп мәлімдеп, журналистерден кешірім сұраған.

"Әділ сөз" қоры екі ай бұрын полицейлердің журналистерге кедергі жасау оқиғасын да еске салады. Наурыз айының басында Шымкентте өрттен хабар таратпақ болған журналист Бахромбек Талибжановқа полицияның күш қолданғаны хабарланған еді.

"Қазір Бахрамбек Талибжановтың өтініші бойынша іс аяқталған жоқ, ол жайлы ештеңе белгілі емес" деп жазды қор 5 мамыр күнгі хабарламасында.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару кезінде жиі кедергіге ұшырайды. Мұндай қысым әсіресе полицияның бейбіт жиынға шығу құқығын пайдаланып, митингіге келген азаматтарды ұстауы кезінде күшейе түседі. Азаттық тілшісі Дилара Иса сондай ұстаулар кезінде бірнеше рет кедергіге ұшыраған. Кедергі келтіргендердің бірі "ішкі саясат басқармасынан екенін" де айтып қалған.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымы наурыз айында журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтірген кемінде сегіз оқиғаны тіркеген. Сарапшылар тілші жұмысына кедергі келтіру оқиғаларына қатысты түскен арыз-шағымдардың жылжымайтынын жиі айтады.

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG