Accessibility links

ДДСҰ коронавирусқа қарсы алтыншы вакцинаны мақұлдады


Қытайдың Sinopharm Covid корпорациясы шығарған вакцина құйылған құты.
Қытайдың Sinopharm Covid корпорациясы шығарған вакцина құйылған құты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайдың Sinopharm мемлекеттік корпорациясы шығарған вакцинаны жаңа типтегі коронавирус инфекциясына қарсы шұғыл қолдануға болатын екпелер тізіміне қосты. Бұл – ДДСҰ-ның қолдауына ие болған Батыстан басқа елде өндірілген алғашқы вакцина.

Sinopharm препаратының әрекет ету схемасы ДДСҰ бұдан бұрын мақұлдаған вакциналардікінен өзгеше. Ол классикалық "инактивтендірілген вакцина" схемасы бойынша жұмыс істейді, яғни ағзаға "өлтірілген" коронавирустың зертхана жағдайында өсірілген фрагменттерін жеткізеді.

Әзірлеушілердің айтуынша, екпенің тиімділігі 79 пайыз. Алайда екпе сынақтарының ашықтығына қатысты Батыс ғалымдарының күмән-күдігі бар, олардың айтуынша қытай ғалымдарының зерттеу нәтижелері жайында мардымды мәлімет жоқ. Соған қарамастан, әлемнің 80-ге тарта елі, соның ішінде Грузия, Қазақстан, Қырғызстан және Украина бұл вакцинаны қолданып жатыр.

Қытай маусым айының соңына дейін бір жарым миллиард халқының 40 пайызына вакцина салуды жоспарлап отыр. Дегенмен қазір елде вакцина тапшылығы байқалады. New York Times газетінің жазуына қарағанда, Қытай басқа елдермен байланысты нығайту үшін екпенің көп бөлігін сыртқы нарыққа шығарып, ішкі сұранысты ұмыт қалдырып жатыр.

Батыс елдері, соның ішінде Еуроодақ мемлекеттері Ресейге де осындай айып тағып отыр. Мәскеу қанша ықпал етуге тырысқанымен, Ресейдің "Спутник V" вакцинасын ДДСҰ әлі күнге ресми түрде мақұлдаған жоқ.

Қазақстанда халыққа ресейлік "Спутник V", отандық QazVac және ДДСҰ-да тіркелген Sinopharm вакцинасы егіліп жатыр. "Спутник V" Ресейдің шикізаты негізінде Қарағандыдағы фармецтика зауытында шығарылады.

Жақында Азаттыққа берген жауабында ДДСҰ қазақстандық QazVac вакцинасы өз базасында тексеруден өтпегенін айтқан. Кей ғалымдар Қазақстан вакцинасы сынағының нәтижесі туралы ғылыми мақалалардың жоқтығын айтып, оның тиімділігіне күмән келтірген. Ал екпе авторларының бірі Азаттыққа берген сұхбатында мақала жазуға "уақыты жоқ" екенін айтқан.

  • Бұдан бұрын ДДСҰ коронавирус індетіне қарсы пайдалану үшін америкалық Pfizer/BioNTech, Jannsen және Moderna екпелерін, британдық-швециялық AstraZeneca мен оның үндістандық нұсқасын мақұлдаған.
  • ДДСҰ мақұлдаған вакциналар кедей елдер тұрғындарын иммундау мақсатындағы көмек бағдарламасына енгізіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG