Accessibility links

Кабулда мектеп маңындағы жарылыстан ондаған оқушы мерт болды


Жарылыстан зардап шеккен адамды аурухана әкелген сәт. Кабул, 8 мамыр 2021 жыл.
Жарылыстан зардап шеккен адамды аурухана әкелген сәт. Кабул, 8 мамыр 2021 жыл.

Ауғанстан астанасы Кабул қаласының батысындағы ұл және қыз балалар бірге оқитын мектептің қасында 8 мамырда түстен кейін жарылыс болды. 30 шақты адам қаза тауып, 50-ден астамы жараланған. Көбінің жасы 11 мен 15 аралығында. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

АҚШ мемлекеттік департаменті Кабулдағы мектеп жанында жасалған жарылысты айыптап, ауған халқына қолдау білдіретінін мәлімдеді.

Ауғанстан білім министрлігі өкілінің Reuters агенттігіне хабарлауынша, жарылыс үш ауысымда оқитын мектепте екінші ауысым оқушылары сабақта отырған кезде болған.

Әлеуметтік желілерде тараған видео мен фотоларда мектептің қасында жарылыс болған жерде қанға боялған оқу құралдары, жарылыстан соң әуеге көтерілген түтін көрінеді.

Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани жарылысқа байланысты "Талибанды" айыптады, бірақ оған тәліптердің қатысы барына ешқандай дәлел-айғақ келтірген жоқ. "Талибан" қозғалысының өкілі "бұған тәліптердің қатысы болуы мүмкін" деген сөзді теріске шығарып, жарылысты ұйымдастырғандарды айыптады.

Кабул қаласында діни азшылық – шииттер тұратын аудандарға өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын террор тобы бұған дейін де бірнеше рет шабуыл жасаған. Былтыр перзентханаға жасалған шабуылға билік осы экстремистік топты айыптаған. Ол кезде жарылыстан жүкті әйелдер мен нәрестелер мерт болған еді.

Еуропа одағы Кабулдағы шабуылды айыптап, "жиіркенішті террорлық акт" деп атады.

Кабулдағы жарылыс АҚШ Ауғанстаннан соңғы бірнеше мың сарбазын әкетуге кіріскен тұста жасалып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG