Accessibility links

Путин Жеңіс күні парадтағы сөзінде СССР-дің одақтастары жайлы айтпады


Қызыл алаңда Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған парадта сап түзеп келе жатқан сарбаздар. Мәскеу, Ресей, 9 мамыр 2021 жыл.

9 мамырда Ресей мен тағы бірнеше елде Жеңіс күні мерекесіне арналған шаралар өтті. Осыдан 76 жыл бұрын, 9 мамырға қараған түні Германия Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгенін мойындап, қарсылықсыз тізе бүгетіні туралы актіге қол қойған.

Бүгін осы атаулы күнге байланысты Мәскеудің Қызыл алаңында әскери парад өтті. Оған Ресей президенті Владимир Путинмен бірге Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) Мәскеудің Қызыл алаңында өткен әскери парадта. 9 мамыр 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) Мәскеудің Қызыл алаңында өткен әскери парадта. 9 мамыр 2021 жыл.

Осыған ұқсас парад Ресейдің тағы бірнеше қаласында және Ресей 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегінде де өтті. Украинаның Донецк және Луганск қалаларында Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер де парад ұйымдастырды.

Мәскеудегі парадқа Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер де қатысты. Шара өткен жерден жүргізілген тікелей трансляциядан алаңдағы адамдардың басым көпшілігі коронавирус инфекциясынан қорғану үшін маска тақпағаны байқалады.

Парадтағы сөзінде совет халқы нацизмді жеңуге шешуші үлес қосқанын мәлімдеген Путин соғыста СССР-мен бір коалицияда Гитлерге қарсы күрескен батыс елдері туралы ештеңе айтпады.

"Басқыншылық жоспарын қайта жасағысы келетіндерге кешірім жоқ" деген Ресей президенті "шала-жансар қалған жазалаушылар тобыры" мен шетелдегі "ерекшелік идеясына елтігендерді" де сөзіне қыстырды. Бірақ нақты қай елді меңзегенін ашып айтпады.

Парад кезінде Ресей қарулы күшінің әскери техникасы Қызыл алаңмен сап түзеп жүріп өтті. Ауа райы бұлтты, жауын-шашын болғанына қарамастан парадқа ұшақтар да қатысты.

Украина президенті Владимир Зеленский Жеңіс күні мерекесіне байланысты құттықтау сөзінде нацизмді талқандауға украин халқының қосқан үлесі мен қазіргі кезде Украинаның шығысында осымен жеті жыл бойы жүріп жатқан соғысты да айтты.

"Ата-бабаларымыздың ерлігі украин әскерилерінің жаңа буынына, біздің қорғаушыларға қуат берсін" деген Зеленский бейбітшілік орнасын деген үмітін айтты. Путин бұрын СССР құрамында болған елдердің басшыларын Жеңіс күні мерекесіне байланысты құттықтады. Ал Украина мен Грузияға жолдаған хатында құттықтау сөзін мемлекет басшыларына емес, осы елдердің халқына арнады.

Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли елде коронавирус инфекциясына байланысты күрделі ахуал қалыптасқандықтан "дәстүрлі мерекелік шараларды келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылданғанын" әлеуметтік желіде жазған. Тоқаевтың Қазақстан халқын Жеңіс күні мерекесімен құттықтауы бүгін оның ресми сайтында жарияланды. Жексенбі күні Қорғаныс министрлігі соғыс қаһармандарына орнатылған ескерткіштерге әскерилер гүл қойғанын хабарлады. Алматыдағы 28 панфиловшы саябағындағы Мәңгілік алаудың басында еске алу шарасы өтті. Қазақстанда жылда осы күні ұйымдастырылатын "Жаужүрек полк" акциясы, коронавирус пандемиясына байланысты осымен екінші жыл қатарынан онлайн ұйымдастырылды.

  • Екінші дүниежүзілік соғыста Совет одағынан нақты қанша адам қаза тапқаны осы күнге дейін белгісіз. Кейбір есептер бойынша, шамамен 27 миллион адам мерт болған, оның 12 миллионға жуығы әскерилер.
  • Тарихшылар дерегі бойынша, Қазақстаннан соғысқа халықтың алтыдан бір бөлігінен астамы — 1,3 миллионнан көп адам аттанған. Соның 410 мыңы майданнан оралмады. Биліктің мәліметінше, Қазақстанда қазір Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 қарт майдангер және соғыс кезінде тылда жұмыс істеген 100 мыңға жуық еңбек ардагері тұрады.
  • Былтырғы мәлімет бойынша, Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыста майданда жауға қарсы күрескен 75 мыңға жуық қария және Ұлы Отан соғысының ардагері саналатын миллионнан астам (көбі тылда еңбек еткен) бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG