Accessibility links

Сәтбаевтағы тәртіпсіздік бойынша сот: Кейбір айыпталушылар жазаны жеңілдетуді сұрады


Былтыр шілдеде Сәтбаев қаласында болған төбелеске қатысты сотқа тартылғандардың бір бөлігі соттан түрме жазасын бермеуді және прокурор сұраған жазаны жұмсартуды өтінді. Толқуға қатысты айыпталғандар өздерін қауіпсіздігі жоғары мекемелерге жібермеуді және түрме жағдайын өзгертуді сұрады.

Сәтбаевтағы жанжал кішкентай қызды зорлады деген хабардан кейін шығып, ондаған адам зардап шеккен. Бұл істе 57 айыпталушы бар, бірақ екеуіне іздеу жарияланған. Олардың ісі бөлек тергеліп жатыр.

Осыған дейін айыпталушылар прокурормен процессуалды келісім жасаған еді.

Бейсенбі күні прокурорлармен процессуалды келісім жасау кезінде "қысым болды ма?" деген сұраққа барлығы бірауыздан "жоқ" деп жауап берді. Алайда олардың кейбірі жанжал болған түні билік өкілдеріне күш қолданды деп негізсіз айып тағылғанын айтты. Айыпталушылардың бірі Жеңіс Т. эмоцияға беріле сөйледі. Ол жастар ресурсы орталығының еріктісі болып, індет кезінде халыққа көмектескенін, ал жанжал болған түні өзге тұрғындарға ілесіп, бала іздеуге шыққанын айтты.

– Сол түні мен полиция қызметкерін жүз шақты адамнан құралған топтан алып шығып, көмек көрсеттім. Тағы екі адамның соққыға жығылмауына септесіп, араша түстім. Халықтың жаңылғанын айттым. Бірақ артынша қателесті ме, білмеймін, көзбе-көз кездестіру кезінде мені нұсқады. Бұл нәрсе сот отырысы кезінде де айтылды. Видеода менің полиция бөлімшесі алдында дауыс үдеткішпен "полиция да біздің бауырымыз, оларды да үйлерінде жақындары күтіп отыр, оларға тиіспеу қажет" дегенім көрінеді. Кішкентай қыз жоғалып, зорланған күні біз сол үшін ғана шықтық, сотқа тартыламыз деп ойлаған жоқпыз. 29 шілдеден бастап қамауда отырдым. Осы күнге дейін ненің маңызды екенін, кімнің кім екенін түсіндім. Менде жақсы ниет болғанын ескеріп, жазаны жұмсартуыңызды сұраймын. Өтінішімді қараусыз қалдырмауыңызды өтінемін, – деді сотқа қайырылған 25 жастағы Жеңіс Т.

Айыпталушылар арасында еріктілер мен спортшылар көп, олар бес жасар баланы іздеуге қатысып, тәртіпсіздік кезінде оқиға орнында болған. Олар соттан қоғам мен спортқа қосқан үлесін ескеруді сұрап, жазаны жеңілдетуді өтінді. Айыпталушылардың бірі өзінің әрекетін "балалық" деп атады. Кейбірі жәбірленушілерден кешірім сұрады. Көбі үндемей, процессуалды келісіммен келісетінін айтысты.

12 мамырда прокурорлар сотта процессуалды келісімді жариялаған. Барлық 55 айыпталушымен келісім жасалған. Прокурорлар жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деп айыпталғандарға түрме жазасын беруді сұрап отыр. Айыптау тарабы 9 адамды – үш жылға бас бостандықтан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуді, 44 адамға төрт жыл шартты жаза беруді, екеуіне 1,5 жыл шартты жаза сұраған.

Прокурордың сөзінше, жаппай бассыздыққа қатысқандар Сәтбаевтағы полиция жұмысына кедергі келтіріп, жұрттың шырқын бұзған.

Төрт адам "жаппай бассыздық ұйымдастырды" деп, екі адам "жаппай бассыздыққа шақырды" деп, 51 адам "төбелеске қатысты" деп айыпталған. 42 айыпталушыға "билік өкіліне күш көрсетті" деген қосымша айып тағылған. Айыпталушылар арасында 6 әйел, екі жасөспірім бар. 45 айыпталушы он айдан бері тергеу изоляторында отырды.

Былтыр 24 шілдеде Сәтбаев қаласында "62 жастағы ер адам кішкене қызды ұрлап әкетіп, зорлады" деген ақпараттан соң түнде жаппай тәртіпсіздік болған.

Жоғалып кеткен қыз 62 жастағы ер адамның үйінен табылған. Осыдан соң үйдің ауласына адамдар жиналып, ер адамды жазаламақ болды. Полиция күдікті адамды полицей формасын кигізіп, үйден алып кетті дегенді естіген ондаған адам бөлімшеге барып, ғимаратын қиратып, көліктерді өртеген. Тәртіпсіздік кезінде 60 адам – полицейлер мен қарапайым тұрғындар зардап шекеен.

Кейін 62 жастағы күдікті тергеу изоляторында асылып қалған. Полиция ол суицид жасады деген. Қазір екі тұрғын – ерлі-зайыпты “адам ұрлады”, “зорлады” және “жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады” деген күдікпен қамауда отыр. Бұл екі адамның соты жабық режимде өтіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG